Бүгін: 17.05.2024
Тіркеу: Қазақстан Республикасы Ақпарат және коммуникациялар министрлігінде. 2017 жылғы 18 қаңтардағы No 16307-G куәлік (1999 жылғы 16 қыркүйектегі № 869-G алғашқы тіркеу нөмірі мен күні)

«Қазақ өз тәуелсіздігін алады, біз оны көрмеуіміз мүмкін, бірақ болшақ ұрпақ көреді» деген еді кешегі Алаш көсемдері. Қазақ тарихы, қазақтың тыныс-тіршілігі әрқашан тәуелсіздік, еркіндікпен тікелей байланысып жатады. Осы бір бабадан мұраға қалған ұшса, сұңқардың қанаты талантын, шапса, тұлпардың тұяғы тозатын ұланғайыр далада еркін өмір сүріп жатқан бүгінгі ұрпақ, біз бақытты емеспіз бе?

Егемен елдің ертеңін арқалаған, бүгінгі ұрпақтың алдында тұрған мақсат ұшқан құстай дамыған заманның үрдісінен қалыспай, жаңашылдыққа бет бұрып, үздіксіз алға басу екендігі айдан анық ақиқат. «ісіңізге, еңбегіңізге, оқуыңызға нағыз адамгершілікпен қарасаңыз, сөз жоқ, жеңіске жетесіз» деп өнеге қалдырған Қаныш Сәтпаев атамыз. Тар заманның тар қыспағында жүріп, таңқаларлық жетістіктермен мен таңғажайып жемістерді тарту еткен кешегі ұлы даланың ұраны – ата-бабаларымыздың бізге қалдырған ұлық мұрасын ұлағаттап, ұлттық руханиятымызды сақтау, бабалардың бергенін балаларымызға жеткізу бүгінгі жас буынға парыз екенін тәуелсіз елде өмір сүріп жатқан әрбір ұлт өрені ұғынуы тиіс.

Адам баласы мақсатына жету үшін жол жүруі керек, жол жүру үшін жүрер жолы қауіпсіз, жолға серік және арып-аштырмайтын азық керек. Олай болса, біз де бір жолаушымыз, тәуелсіз елде еркін өмір сүрген әрбір ұрпақ – ел егемендігін болашаққа алып бара жатқан жеткізуші, осы орайда айтылатын уәж – біздің жол жобамыз өте қауіпсіз, себебі біз тәуелсіздікте өмір сүрген ерін елміз. Бағытымыз айқын, бағдарымыз бар, мақсатымыз мығым. Ендеше, бізге ендігі міндет – уақытты қолдан бермей, үздіксіз ізденіс, оқу, талпыну, еш тоқтаусыз алға жүру. Озық ғылымның тетіктерін игеріп, басқалармен бәсекелесуге қуатты болумен қатар, ой-санамызға білімнің тәрбиелі, таза тағылымын жинауға тиістіміз. Оған дәлел боларлықтай Әл-Фараби бабамыздың «Тәрбиесіз берілген білім – адамзаттың қас жауы» деген қастерлі қағидасы – қай заманда да өз құндылығын жоймайтын қанатты сөз. Ендеше, тәуелсіз еркін елде өмір сүрген бүгінгі ұрпақ үшін ең басты мақсат – ол руханиятты көтеру, атадан қалған абыз мұралар мен анадан қалған асыл қасиетімізді жоғалтпау болып табылады деп түсінер едім.

Біздің тәуелсіз еліміздің идеясында орындалмайтын адам баласына тән емес мақсат қойылмаған, адам баласының қолмен істеп, ойымен жете алатын әрі жеткізе алатын ой-санаға сйымды мақсаттар ашық көзделген. Оған бірден-бір айғақ Елбасымыздың «Рухани жаңғыру» мақаласында баса айтылған «Өкінішке орай, тарихта тұтас ұлттардың ешқашан орындалмайтын елес идеологияларға шырмалып, ақыры су түбіне кеткені туралы мысалдар аз емес» деп, алға басар жолымызға, алар қамалымызға нық сеніммен кетіп бара жатқанымызды жадымызға салғаны белгілі. Демек, біз санамызда сақтауымыз керек болған ең басты байлығымыз -  ұлттық құндылығымыз, дініміз, салт-дәстүріміз, әрқашан биіктерге барар баспалдақ, жетістіктің діңгегі екендігін есте сақтауды ескертеді. Әрбір халық босын, жеке адам болсын, өзінің болмысын жоғалтпастан жеткен жетістігі нағыз жетістік болмақ. Адам баласы өткен тарихынан сабақ алады, алуы керек. Себебі тарих тек шындықтан тұрады, тарих нақты болған болмыстан болашаққа жетеді және болашақ үшін үлкен сабақ берумен қатар орнықты ойлар қалыптастырады.

Тәуелсіздік – ата-бабамыздан мирас болып қалған ұлы құндылықтарымызды: ділімізді, тілімізді, дінімізді жаңғыртуға мүмкіндік берген асыл қазына.

Тәуелсіздік – біз үшін көпті берді, ал біз тәуелсіздік үшін не бердік? Тәуелсіздіктің тұрақты әрі баянды юолуы үшін неге дайынсыз? Ойланайық, ағайын! Тәуелсіздік – бақта өскен гүл сияқты, әрбіреуіміздің нәр себуімізді талап етеді. Тәуелсіздіктің тірегін нығайту елдің әр азаматының қолында. Егемен мемлекетіміздің тамыры тереңдеп, тәуелсіз еліміздің шаңырағы берік болсын, ағайын!!!

Шапағат ҚОСШЫҒҰЛОВ