Бүгін: 09.05.2024
Тіркеу: Қазақстан Республикасы Ақпарат және коммуникациялар министрлігінде. 2017 жылғы 18 қаңтардағы No 16307-G куәлік (1999 жылғы 16 қыркүйектегі № 869-G алғашқы тіркеу нөмірі мен күні)

Таяуда латын графикасына негізделген қазақ жазуының емле ережелерін үйрету әдістемесін қалыптастыру мақсатында өткен «үздік әдістеме» облыстық байқауында саран қаласы тілдерді дамыту орталығының латын графикасы бойынша әдіскері береке жарылғапова жүлделі бірінші орыннан көрініп, қаламыздың мерейін асқақтатты.

Қарағанды облысының тілдерді дамыту басқармасы жанындағы Ресурстық тіл орталығының ұйытқы болуымен өткен аталмыш байқауға өңір бойынша бас-аяғы 12 адам қатысуға ниет білдірген. Оның бесеуі ғана бірінші кезеңнен сүрінбей өтті. Алғашқы іріктеу кезеңінде үміткерлер электронды портфолиосы мен 15 минуттық видеосабағын ұсынса, екінші кезеңде іріктеуден өткен қатысушылар өздері ұсынған видеосабақтарын ZOOM платформасы арқылы қорғап шықты. Қазылар алқасының шешімімен үздік деп танылған қатысушылар арнайы марапаттарға ие болды. Жерлесіміз Береке Жарылғапова үздіктер қатарынан көш бастап, І дәрежелі дипломмен марапатталды.

Жуырда тілдерді дамыту орталығының латын графикасы бойынша әдіскері Береке Өмірзаққызын алған марапатымен құттықтап, сұқбат алудың орайы түсті.

Береке Өмірзаққызы, байқаудың қашықтықтан өткенін білеміз. Сізді жеңіс тұғырына жеткізген әдістемеңіз жайында айтып өтсеңіз.

- Сабақтың тақырыбын ұзақ ойладық. Елден ерек дүние жасағымыз келді. Сөйтіп, ойлана келе сабағымызды Шығыстың ғұлама ойшылы Әбу Насыр Әл-Фарабидің 1150 жылдығына арнадық. Тақырыпты аша түсу үшін оқылым, тыңдалым, жазылым, айтылым дағдылары бойынша  тапсырмалар орындалды. Арнайы бейнеролик көрсетілді. Онда аталған жалқы есімдерді қатысушылар латын қарпінде жазып, қызықты деректерден мәтін де құрап отырды. Яғни, сәйкестендіру арқылы сөйлем, мәтін құрастырды. Тапсырмалардың барлығы ұлы ойшылдың өмірлік жолына тікелей қатысты болғандықтан барынша мол танымдық ақпарат беруге тырыстық.

Сіз ұсынған әдістеме басқа қатысушылардың оқу-әдістемелік кешенінен несімен ерекшеленді?

- Біздің бағдарламамыздың ерекшелігі – бірізділігінде. Сабағымызды қызықты болсын деп кезінде Нұрлан Қоянбаев жүргізген «Түнгі студия» бағдарламасының желісіне салып  «Күндізгі студияда Береке Өмірзаққызы»  деп түсірдік. Сөйтіп карантиндік талаптарды сақтай отырып арнайы қонағымызды шақырдық. Әл-Фарабидің нақыл сөздерінің жинағынан тұратын «Бабалар сөзі» атты кітапты заманауи «Сөйлейтін қалам» арқылы оқыдық. Тек осымен шектеліп қалған жоқпыз. Сондай-ақ, «Classflow» деген бағдарлама арқылы қолма-қол тест алынды. Әр тапсырушының нәтижесі экранға шығып, қанша сұраққа дұрыс және бұрыс жауап бергендерін бірден көріп отырдық. Сонымен қатар, сабақ барысында «WhatsApp» әлеуметтік желісін де ұтымды пайдалана білдік.

Байқауға қатысқанда үздіктердің ішінен «үздік» атанамын деп ойладыңыз ба?

- Жоқ, ондай ой болған жоқ. Мен өмір бойы байқауларға қатысып келемін. Алайда қашықтықтан өткен байқауда бірінші рет бағымды сынап көрдім. Барлық қатысушыларға ешкім қолданбаған, әлі ешкім білмейтін сабақ жоспарын құру керек болатын. Жаңаша әдіс-тәсілдерді қолдана отырып, латын графикасына негізделген қазақ жазуының емле ережелерін үйретудің әдістемесін қалыптастыру керек еді.  Біз жасаған әдістеме қазылар алқасының көңілінен шыққанын естігенде қуанып кеттім  (езу тартты).

Қарсы болмасаңыз, әңгімемізді сіздің жұмысыңызға қарай бағыттасақ деймін. Саран қаласында тұрғындардың жартысынан көбі орыстілді екені баршаға аян. Тіл үйренем деген азаматтарды қазақ тіліне оқыту жұмысы қалай жүргізілуде?

- «Үш тұғырлы тіл» бағдарламасы бойынша қала тұрғындарына қазақ тілін және ағылшын тілін тегін оқытамыз. Бір жылда 3 рет арнайы 3 айлық курсттар өткізіледі.  Қазір карантинге байланысты онлайн режимге көштік. Мемлекеттік тілді және үштілділікті насихаттау бойынша әртүрлі іс-шаралар өткіземіз. Жыл сайын үш тіл білетін жастарға арнап «Тіл шебері», «Тіл білгірі»  конкурстарын ұйымдастырамыз. Биыл бірінші рет мемлекеттік қызметшілер арасында «Мемлекеттік тіл - мемлекеттік қызметте» онлайн байқауын өткіздік.

Қазіргі ахуалға байланысты көптеген салаларда цифрлық технологиялар енгізілуде. Тіл саясатын жүзеге асыруда, соның ішінде оқыту процесінде цифрландыру қолданылады ма?

- Әлбетте, жұмыс бабында да пайдаланамыз. Өз басым «Quizlet» бағдарламасын қолданамын. Сөз жаттауға ыңғайлы бағдарлама.  Ендігі жылы  «Е-Saran»  ақпараттық жүйесіне латын әліпбиін оқыту бойынша бағдарламалық модулін әзірлеу жоспарда бар. Бүгінде қазақ тілін латын графикасы негізінде оқыту бойынша жұмыстар қарқынды түрде жүріп жатыр.

Cұқбатыңызға көп рақмет, еңбегіңізге табыс тілеймін.

Сұқбаттасқан

Шапағат ҚОСШЫҒҰЛОВ