Бүгін: 17.05.2024
Тіркеу: Қазақстан Республикасы Ақпарат және коммуникациялар министрлігінде. 2017 жылғы 18 қаңтардағы No 16307-G куәлік (1999 жылғы 16 қыркүйектегі № 869-G алғашқы тіркеу нөмірі мен күні)

Саран шаһары – сан ұлтты бауырына басқан, сол арқылы бүгінде берекеге кенелген бірлік пен ынтымақтың мекені. Арқаның жері сортаңдау аймағы болса да, кеніші кенге бай өлкесіндегі жергілікті халықтың дархан пейілінің арқасында қаншама ұлт пен ұлыс бір-бірімен жарасып, тату-тәтті күй кешуде. Қазіргі таңда оларға тарихын тануға, мәдениетін өркендетуге қолайлы жағдай жасалған.

Иә, еліміз тәуелсіздігін жариялағаннан бері татулық, бірлік, келісім сынды құндылықтардың маңызы жыл өткен сайын артып келеді. Мемлекетіміздің осы жылдар ішінде бағындырған белесі тұрақтылық пен бейбітшіліктің арқасында болса, оның негізі Елбасы айқындаған этносаралық келісім мен бірліктен бастау алады. Қазіргі таңда елімізде әлемде теңдессіз саналатын татулық пен бірліктің, көп этностық қоғамдық келісімнің бірегей үлгісі қалыптасқаны көпшілікке аян. Қиын-қыстау кезеңді бастан кешіп, тағдырдың жазуымен жер аударылған түрлі ұлт өкілдерін қазақ халқы шеттетпей, бауырына баса білді. Бір үзім нанын бөлісіп, төрінен орын берді. Бұл қазақ жұртының бауырмалдығы, дарқандығы мен жомарттығының бір көрінісі. Сондықтан да елімізге қоныс тепкен көп ұлыстың кешегі және бүгінгі буыны қазақ еліне шексіз риза.

Қазір шаһарда 5 ұлттық этномәдени қоғамдық бірлестік бар. Олар елдің дамуына өз үлестерін қосып, бірлік пен татулықтың негізін қалауда. Солардың бірі қалалық Мәдениет үйіндегі «Россиянка» славян халықтарының этномәдени қоғамдық бірлестігі. «Россиянка» славян халықтарының этномәдени қоғамдық бірлестігі жергілікті этнос белсенділерін қоғамдық негіздегі қызметке тартып, ұйытқы болып отыр. Сондықтан белсенді жастар қоғамдық іске шынайы жанашырлығының арқасында облыс көлеміне кеңінен танылуда.

Жуырда аталған бірлестіктің жетекшісі Юлия Яковлеваны әңгімеге тартып, бірлестіктің бүгінгі күнгі тыныс-тіршілігі туралы аз-кем сұхбат құрған болатынбыз.

– Юлия Николаевна, әңгімеміздің әлқисасын алдымен сіз тізгінін ұстап отырған бірлестіктің мақсаты мен қызметінен бастасақ?

– Біздің басты мақсаттарымыздың бірі – өнер арқылы Қазақстан халқының патриоттық тәрбиесін арттырып, салт-дәстүрлерінің деңгейін көтеруге сүбелі үлесімізді қосу. Осы күнге дейін Саран қаласы халқының барлық топтары үшін мәдени – демалыс іс-шараларының жалпыға қол жетімді болуына бар күш жігерімізді салудамыз. Қайырымды істерден де қалыс қалмадық. Көптеген көрмелер, аукциондар, спорттық жарыстар, лотереялар, жәрмеңкелер, концерттер, конкурстар және басқа да іс-шаралар ұйымдастырып өткіздік. Қолымыздан келетін істен ешқашан аянып қалған емеспіз.

– Бірлестіктің ерекшелігі неде деп ойлайсыз?

– Карантинге дейін біраз шалғай жерлерді аралап, ауылдық клубтарда концерт бердік. «Рухани жаңғыру» аясында «Ұлы дала музыкасы» мәдени жобасына қатысып,   Шахтинск қаласы, Қарабас, Новодолинский кенті,  Сортировка сынды өзге де елдімекендерде өнер көрсеттік. Залда ине шаншар жер болмайтын. Концерттер тегін болатын. Көрермендер ду-қол шапалақ соғып, қошеметін білдіріп, бірде жылап, бірде күліп отыратын. Мүмкін осы жағынан ерекшеленетін шығармыз. Бізді әрдайым қолдап отыратын Саран қаласының әкімдігіне зор алғысымды білдіргім келеді. Қазір карантин болғандықтан басқа жерлерге бара алмай отырмыз.

– Ал, бірлестіктің өзіндік ұстанымы бар ма?

– Әрине, бар. «Біздің күшіміз – бірлікте» дегенді үнемі қайталап отырамын. Себебі, біз әр түрліміз, бірақ бізді Отанға, өмірге деген махаббат біріктіреді. Өзара құрметке, түсіністік пен сенімге қол жеткіздік.  «Россиянка» славян халықтарының этномәдени қоғамдық бірлестігінің қызметі тек шығармашылық топтардың қойылымдарынан ғана тұрмайды, сонымен қатар, салт-дәстүрлерді, әдет-ғұрыптарды зерттеу және таныстыру бойынша көп еңбектенеміз. Бүгінде ұжымымызда 70-ке жуық адам бар.

– Гастрольдеу кезінде есте қалған қызықты сәтіңізбен бөліссеңіз?

– Бір жылдары Алматы фестиваліне қатыстық. Украиналық үйлену тойының театрландырылған салтын көрсетуіміз керек еді. Сонда Алматы шаһарына поезбен жеткенбіз. Өзімізбен бірге тірі, өзі аппақ қардай ақ қаз болатын. Дәстүр бойынша  бұл қазды қалыңдықтың ата-анасына сыйлауымыз керек болатын. Бәрінен жол бойы қаздың айқайлап есімізді шығарғаны есте қалып қойды. Алматыға алып барып, қайтарда өзімізбен тағы алып келдік.  (Езу тартып еске алды)

– Қазіргі карантиндік жағдай өнер жанашырларына қалай әсер етуде?

– Карантиндік талаптар енгізілгеннен бастап «Ударь по коронавирусу» челленджін бастап кеттік. Халықпен  тек әлеуметтік желі мен осы баспа беттері арқылы ғана тілдесіп, бар жаңалықтарымызбен бөлісіп келеміз. Шыны керек, сахнаны, көрерменнің ыстық ықыласын сағындық. Онлайн ресурстардың көмегімен танымдық ақпарат беруге тырысып жүрміз. Сондай - ақ, балалар үшін «Искусство в карантине» танымдық онлайн-жобасы әзірленді. Онда балалар өз елінің және басқа халықтардың тарихымен танысып, бейне сабақтар арқылы өнердің пайда болу құпияларын біліп, орыс, украин костюмдерімен жақын таныса алды. Жетекші ұжымдардың жетекшілері кестеге сәйкес онлайн жұмыс режиміне көшкен.

– Карантиндік режим аяқталған соң ең алдымен не істер едіңіздер?

– Алдымызда көптеген мерекелер тұр. Әлбетте, халықпен жолығуға асығамыз. Әдеттегідей көрермендерді өз өнерімізбен тамсандырып, олардың ыстық ықыласына бөленгенге не жетсін.

– Алдағы уақыт та қандай жоспарларыңыз бар?

– Жоспар өте көп. Алайда пандемия кезінде біз бұрынғыдай басқа қалаларға, аудандарға шыға алмай отырмыз. Карантин басталғалы «Жас Отау» этномәдени бірлестігімен бірлесіп Абай Құнанбайұлының 175 жылдығына орай 7 шара өткіздік. Оған дейін «Рухани жаңғыру» бағдарламасы шеңберінде «Ұлы дала музыкасы» мәдени жобасына да қатыстық.  Әлі де талай жобаларды қарастыратын боламыз. Міне, қазіргі таңда ҚР Тәуелсіздік күніне 10 нөмерден тұратын гала-концерттің дайындығымен жүрміз. Жаңа жылға арнап «Варенька» орыс халқының ұлттық әнін шырқайтын боламыз. Қаңтар айында тіпті мерекелер көп. Барлығын әлеуметтік желілерге жариялайтын боламыз. Тұрғындар  мерекелік шараның ең жарқын деген сәттерін онлайн тамашалай алады.  

Уақыт тауып, әңгімелескеніңіз үшін  рақмет!

Сұқбаттасқан

Шапағат Қосшығұлов