Бүгін: 09.05.2024
Тіркеу: Қазақстан Республикасы Ақпарат және коммуникациялар министрлігінде. 2017 жылғы 18 қаңтардағы No 16307-G куәлік (1999 жылғы 16 қыркүйектегі № 869-G алғашқы тіркеу нөмірі мен күні)

САРАН ШАҺАРЫНДАҒЫ №4 ЖАЛПЫ БІЛІМ БЕРЕТІН МЕКТЕБІ БҰДАН БЫЛАЙ  ҚАЗАҚ ХАЛҚЫНЫҢ ҰЛЫ АҚЫНЫ АБАЙДЫҢ ЕСІМІМЕН АТАЛАДЫ.

2020 жылдың 21 желтоқсанында Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысымен Қарағанды облысындағы 18 білім беру ұйымы мен 1 мәдени нысанға көрнекті тұлғалардың есімі берілді. Дәл сол күні Саран қаласындағы  №4 жалпы білім беретін мектебі хакім Абайдың есімімен аталды. Бұл тарихи оқиға іргелі білім ордасының мерейін асқақтатып қана қойған жоқ, көптің тілегін де қабыл етті.

- «Тегінде адам баласы – адам баласынан ақыл, ғылым, ар, мінез деген нәрселермен озбақ», - деп Абай атамыз айтқандай киелі қара шаңырақтан заманауи бәсекеге қабілетті, білімге құштар, өз қатарластарының алды болатын жан-жақты білім алушылар суырылып алға шығары сөзсіз. Өскелең  ұрпақ  ұлы тұлға  Абайдың  ұмытылмас қара сөздерін, шығармаларын  жаттап, жадыларына тоқып, үлгі тұтарына шүбә келтірмейміз. Осы игі істің басында болған Саран қаласының әкімі Ержан Темирханов, Саран қаласы білім бөлімінің басшысы Назир Жашибеков, Саран қаласы мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Галия Тохметоваға және барша көмегін аямаған асыл азаматтарға мектеп ұжымы атынан алғысымызды білдіреміз. Біздің мектеп облыс мектептері арасында алдыңғы қатардан көрінетініне сеніміміз мол, - деп Абай атындағы жалпы білім беретін мектептің директоры Әділ Жакулаев ризашылығын білдірді.

Абайдың есімімен аталатын киелі қара шаңырақтың қабырғасы 1952 жылы қаланған. Ол кезде алғашқы  мектеп директоры болып  Андрей Куленко қызмет атқарды. 1992 жылдан бастап бірінші рет қазақ бастауыш сыныптары ашылса, 2014 жылы толықтай қазақ тілінде оқытатын мектепке айналған. 

Мектепте даярлық сынаптармен қоса есептегенде 800-ден астам оқушы білім алады.  Қазіргі елдегі карантиндік жағдайға байланысты 300-ге жуық оқушы қашықтықтан оқыса, қалған білім алушылар кезекші сыныптарға бөлініп оқиды. Әр кезекші сыныпта 10-15 оқушыдан артық отыруға болмайды. Бір метр арақашықтықты ұстана отырып, әр бала мен мұғалімде кемінде екі медициналық бетперде болуы тиіс. Үшінші тоқсан енді басталғанымен мектеп өмірі қайнап жатыр. Бастауыш пен 5, 9 және 11-сынып оқушыларына мектепке келіп, білім алуларына рұқсат берілген.

«Қазақ мектебіне қазақтың ұлы тұлғаларының есімін беру бұрыннан бері қозғалып келген. Бастапқыда Ыбырай Алтынсариннің, одан кейін алғашқы директордың атымен атауды да ойладық. Алайда ол кезде ұсынған өтініштер мақұлданбаған. 2020 жылы Абай есімі берілетіндігін естігенде төбеміз көкке жетіп, қуанып қалдық. Абай атындағы мектеп болғандықтан енді бізге үлкен жауапкершілік жүктеледі», дейді мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Дәурен Бейсенұлы.

Қуанышты хабарды естіген мектеп ұстаздары да бір-бірлерінен сүйінші сұрап, әлеуметтік парақшаларда жақсы жаңалықты жария етіп, дүйім жұртпен бөлісті.

«Саран қаласындағы №4 жалпы білім беретін мектептің ұлы Абай есімін иеленуі – біз үшін зор қуаныш, биік мәртебе. Данышпан ақын Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойына орай өткізілген шаралардың өзі бір төбе. Мектеп мұғалімдерінің алдына қойған басты мақсаты – білім алушылардың бойына ұлттық құндылықтар мен халықтық дәстүрді сіңіру. Олай болса, қасиетті қара шаңырағымыздың хакім Абай атын иеленуі өте орынды», деп қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Орынтай Баймағамбетова пікірін білдірді.

Ал, тарих пәнінің мұғалімі Мұратбек Кенжетаев өз тілегінде: «Көптен күткен арманымыздың орындалғанына қуаныштымын. Мектебіміздің қазақтың бас ақыны, ұлы Абайдың есімін иеленуі біздің педагогикалық ұжым үшін игілікті іс болды. Ақын атымен аталатын мектебімізде үлгілі, білімді, тәрбиелі, белсенді шәкірттеріміз көп болсын!»,  деген болатын.

Қазіргі таңда білім ордасында жөндеу жұмыстары қарқынды түрде жүріп жатыр. Жаңадан спорт зал салынып, мектептің бірінші қабатын толықтай Абайға арнамақ. Абай залын ашу, қабырғаларға ақынның өлең жолдары мен қара сөздерінде кездесетін  тәлім-тәрбиелік, өнегелік мәні зор дана сөздерінен тұратын стендтерді ілу, ұлы ойшылдың шығу тегі, қазақ әдебиетіне енгізген жаңалықтары мен әр түрлі мұрасын ел назарына ұсыну мақсатында қызу жұмыс басталған. Алдағы уақытта мектепке ақынның есімін бергендігін паш ету үшін ілкімді семинар ұйымдастырылмақ. Міне, сондықтан да қазірден бастап білім ордасының бірінші қабаты толықтай ақынның өмірімен тікелей байланыстырылмақ.

- Былтыр мектебімізде қазақ халқының музейі ашылған. Сол музейді әрі қарай коворкинг центрімен заманауи тұрғыда жасақтамақпыз. Өйткені кез келген уақытта музейдің бір жағында конференция өткізсек, ал екінші бөлігінде «Мәңгілік Ел» идеясын алға тарта отырып Абай музейін жасағымыз келеді. Ішін хакім Абай қолданған заттар, ошақтар,  киіз үй мен Абайдың төсегінің макетімен толықтыру жоспарда бар. Абай қолданған заттарды арнайы тапсырыс арқылы жасатып жатырмыз, - деп Дәурен Бейсенұлы алдағы жоспармен бөлісті.

Абай атындағы жалпы білім беретін мектеп гуманитарлық және жаратылыстану бағыты бойынша білім береді. Қаладағы жетекші мектептердің бірі ретінде үнемі ізденіс үстінде. Оқушылардың зейінін аша түсу үшін жаңа бағыттағы әдіс-тәсілдер қолданылуда. Абайды дәріптеуге,  ұлттық код пен рухты асқақтату мен жастардың бойындағы ұлттық сананың кемелденуіне жетелейтін ауқымды жобалар да аз болған жоқ.

2020 жылдың соңында қазақтың ұлы ақыны, ағартушы, жазба қазақ әдебиетінің негізін салушы Абай Құнанбаевтың шығармаларын мектеп оқушылары отбасымен бірге оқып, талқылау мақсатында облыстық «Бір отбасы – бір кітап» акциясы өткен. Бұл жобада Саран қаласынан қос отбасы дараланды.

Одан бөлек  өскелең ұрпақтың бойына ұлттық тұлғаларды дәріптеу, рухани жағынан жаңғырту үшін «Ұлттық колорит» мектепішілік жобасы  іске асуда. Бұл жобада бір айда белгілі бір тұлғаның өмірлік жолына  тоқталады. Мәселен, өткен жылдың қыркүйек айы «Абай айы» деп аталып, республикалық деңгейде дөңгелек үстел өтсе, қазан айы Шоқан Уәлихановқа арналған. Қарашада Міржақып Дулатұлының 135 жылдығына орай облыстық Міржақып Дулатұлы оқулары ұйымдастырылды. Байқауға 20-дан астам мектептен 55 оқушы қатысып, бақтарын сынап көрген. 2020 жыл қазақ ақыны, жауынгер Жұбан Молдағалиевтың өмірі мен шығармашылығын талқылаумен қорытындыланды. Барлық өткен шаралар әлеуметтік желілерді қолдана отырып, ZOOM платформасы арқылы өтті.

Білім ордасы биылғы жылдың алғашқы айын қазақтың аса көрнекті ағартушысы Ыбырай Алтынсариннің 180 жылдығына арнады. Алдағы уақытта 8-11 сынып оқушылары арасында өтетін «Кел, балалар, оқылық» атты байқауының нәтижесінде «Ең үздік эссе», «Ең үздік мақала», «Ең үздік еркін тақырыптағы өлең» номинацияларының жеңімпаздары  анықталмақ. Сонымен қатар, Қасым Аманжоловтың 110 жылдығы мен Мұқағали Мақатаевтың 90 жылдығына  байланысты іс-шаралар өткізу ойда бар.

Сондай-ақ, «Ұлылар ұмытылмайды» жобасы аясында мектептің бірінші қабаты толық Абайға арналса, екінші қабатты белгілі ұлт ұстаздары Ыбырай, Ахмет, Шоқанмен байланыстыру  жоспарлануда.

Осы уақыт аралығында тағылымды тарихы бар, үлгісі ерен ұлағат ұясынан талай түлек қанат қақты. Талайын білім биігіне шығарды. Заман талабына сай өсіп-өркендеп, білім беру саласында көш басынан көрініп жүрген Абай атындағы жалпы білім беретін мектептің әлі де жетер жетістігі, алар асуы, бағындырар белесі мен алдына қойған мақсаты  көп. Киелі білім ордасы алдағы күннің талабына сай зор міндеттерді орындай отырып, әлі де бірталай тың жобаларымен, бірқатар керемет жетістіктерімен қуантуды жоспарлап отыр.

Дина ӘБДІҒАЛИЕВА