Бүгін: 20.04.2024
Тіркеу: Қазақстан Республикасы Ақпарат және коммуникациялар министрлігінде. 2017 жылғы 18 қаңтардағы No 16307-G куәлік (1999 жылғы 16 қыркүйектегі № 869-G алғашқы тіркеу нөмірі мен күні)

«ҚАРЛЫҒАШ» ВОКАЛ ТОБЫНЫҢ МҮШЕЛЕРІ ҚР ТӘУЕЛСІЗДІГІНІҢ 30 ЖЫЛДЫҒЫНА ОРАЙ  «ТАБИҒАТТЫ АЯЛАЙЫҚ» АТТЫ ҚАЙЫРЫМДЫ ІСТЕР МАРАФОНЫНА ҚАТЫСТЫ. Тазалық – қоғам айнасы. Кез келген адам таза аулада, мінсіз жолда жүргісі келері анық. Алайда кейде бардың қадірін білмей, отырған жерімізде қоқыс-қалдықтарды шашып кетеміз. Оның барлығы да қоршаған ортаға, табиғатқа кері әсер ететіні мәлім.  Осы тұста елімізде жыл сайын республика, облыс, қала көлемінде сенбіліктер, тазалық акциялары өткізіліп тұрады.

Ақтас кентінің мәдени-сауық орталығындағы «Ақ шаңырақ» этномәдени қоғамдық бірлестігінің «Қарлығаш» вокал тобының жас әншілері қоршаған ортаны қорғау үшін ҚР Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай «Табиғатты аялайық» атты қайырымды істер марафонына қатысты.

Тұрғындардың экологиялық өмір салтын сақтап, өзі тұратын жерді қадірлеуіне, таза ұстауына үндейтін қайырымды істер марафонында балалар беттеріне бетперде, қолдарына қолғап киіп, қап алып, Ақтас кентінің мәдени-сауық орталығының маңайында шашылып жатқан қағаздарды, қоқыс-қалдықтарды,  темір-терсек пен қағаз, целлофандарды жинап, қапқа салып отырды. «Қарлығаш» вокал тобының мүшелері жақсы көңіл-күймен «Біз тазалықты сүйеміз!» атты ұранмен табиғат аясына тазалық жұмыстарын жүргізіп, бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарып, қоршаған ортаны, табиғатты қорғауға атсалысты.

-   Біздің балалар игі істерге  қатысып, өздерінің белсенділіктерін көрсетіп тұрады. Әрине, алдағы уақытта да қайырымды істер марафонына қатысатын боламыз,- дейді «Қарлығаш» вокал тобының жетекшісі Света Супьянова.

 «Ақ шаңырақ» этномәдени қоғамдық бірлестігінің «Қарлығаш» вокал тобында 15 бала тәрбиеленуде.  Онда екі топ бар. Кіші топтың мүшелері 7 жастан 10 жасқа дейін болса, орта топта 10 жастан 15 жасқа дейін балалар өнер көрсетеді. Жастар ән айтады, тақпақтар мен өлең жолдарын мәнерлеп оқиды, шығармашылықпен айналысады, түрлі жарыстарға, ән байқауларынан бақтарын сынап көреді. Әлбетте, бір емес бірнеше рет жүлделі орындарға ие болған. Сонымен қатар, «Қарлығаш» вокал тобы жыл сайын жаңа балалармен толықтырылып тұрады.

 

Дина ӘБДІҒАЛИЕВА