Бүгін: 20.05.2024
Тіркеу: Қазақстан Республикасы Ақпарат және коммуникациялар министрлігінде. 2017 жылғы 18 қаңтардағы No 16307-G куәлік (1999 жылғы 16 қыркүйектегі № 869-G алғашқы тіркеу нөмірі мен күні)

Сенбе жұртқа, тұрса да қанша мақтап,

Әуре етеді ішіне қулық сақтап.

Өзіңе сен, өзіңді алып шығар,

Еңбегің мен ақылың екі жақтап.

Абай Құнанбайұлы

Ұлы ақын, композитор, философ, саясаткер, ағартушы Абай Құнанбайұлының қазақ әдебиетіне қосқан үлесі ұшан-теңіз. Оның терең философиясы, мән-мағынаға, парасаттылық пен кемеңгерлікке толы ғақлиялары мен өлеңдері мәңгі ел жадында. 

Ұлы ақын, ұлт поэзиясының кемеңгері Абайды тану, шығармаларын түсініп оқу – адамзат баласының қолы оңайлықпен жете бермейтін рухани биіктікке алып баратын басқыштың бір баспалдағы.  Қазақтың ақыны, әдебиет зерттеуші ғалым, түркітанушы, публицист, педагог, аудармашы, қоғам қайраткер Ахмет Байтұрсынұлы «Қазақ» газетінде басылған «Абай – қазақтың бас ақыны» атты мақаласында: «Одан асқан бұрыңғы-соңғы заманда қазақ баласында біз білетін ақын болған жоқ» -  деп ұлы ақынның өнерін аса жоғары бағалаған болатын. Ұлы Абайды өмір, қоршаған дүние, табиғат, болмыс сыры, олардың заңдылықтары қызықтыратын, көп ойландырған. Дүние сырына бойлап, өзін мазалаған сауалдарға жауап табуға тырысқан. Сол себепті сұрақтарына жауап іздеп, әрдайым ізденісте болған.  Оның еңбектерін көптеген ғалымдар зерттеген, аударған. Сондықтан сіздермен Абай күніне орай ұлы ақынға қатысты 10 қызықты деректермен бөлісуді жөн көрдік.

  1. Абайдың шын есімі – Ибраһим. Оны «Абай» деп Орта жүз құрамындағы Найман тайпасының матай руынан шыққан әжесі Зере еркелетіп атаған. Анасының есімі – Ұлжан. Ұлжан Құнанбайдың екінші әйелі болған. Құнанбай қажының 4 әйелі болды. Бәйбішесі Күңкеден – Құдайберді. Ұлжаннан – Тәңірберді (Тәкежан), Ибраһим, Ысқақ, Оспан. Үшінші әйелі Айғыздан – Халиулла, Ысмағұл туады. Төртіншісі – Нұрғаным. Одан ұрпақ жоқ.
  2. Абай Құнанбайұлының ақын, жазушылықтан бөлек, композиторлық қабілеті де болған. Ол бірқатар өлеңіне әнді өзі жазған. Соның бірі – «Көзімнің қарасы».
  3. Ақындық жолға 10 жасында түсе бастайды. Ең алғашқы алғашқы өлеңдерін Көкбайдың атынан жариялаған. Ал, ел басқару ісіне 13 жасында араласқан. Саяси қайраткер 21 жасында болыс болып сайланды.
  4. Одан бөлек Абай қазақ, араб, парсы, орыс тілдерін білген. Иран, шағатай (ескі өзбек) тілдерінде жазылған дастан-қиссаларды, ертегілерді оқи алған.
  5. Абайдың алғашқы махаббаты – Тоғжан. Ол бірінші жары Ділдәға 1860 жылы 15 жасында, екінші әйелі Әйгерімге 30 жасында үйленген. Әмеңгерлік жолмен алған әйелінің есімі – Еркежан. Ол Абайдың інісі – Оспанның қалыңдығы.
  6. Хакім Абайдың 10 баласы болған. Ол небәрі 16 жасында әке атанып, 36 жасында алғашқы немересін қолына алады. Оның есімі – Әубәкір.
  7. Ақынның саяси көзқарасының қалыптасуына ықпал еткен орыс зиялы қауым өкілдері: Е. Михаэлис, А. Леонтьев, С. Гросс, А. Блек, П. Лобановский, Н. Коншин, Н. Долгополов және тағы басқа.
  8. Ақын өмірінде 170-тен астам өлең, «Ескендір», «Масғұт» және «Әзім әңгімесі» поэмалары мен 45 қара сөз жазып қалдырған. М. Лермонтовтың өлеңдерін, А.С. Пушкиннің дастандарын және И.А. Крыловтың мысалдарын қазақ тіліне аударды.
  9. Жазушының ғақлиялары (яғни қара сөздері) қытай, француз, орыс және тағы басқа әлемнің көптеген тілдеріне аударылды. Ал өлеңдері грузин, қарақалпақ, қырғыз, татар, француз, ағылшын, түркмен, ұйғыр тілдеріне аударылған болатын. Абай жайлы көптеген мақала, кітаптар жазылып, фильмдер түсірілген.
  10. Абай мұрасын алғаш зерттеп бастаған ағартушы ғалымдар мен қайраткерлер: Ә. Бөкейханов, А. Байтұрсынұлы, М. Дулатұлы, М. Әуезов,

С. Мұқанов, І. Жансүгіров және тағы басқа.

 

Дайындаған:

Дина әбдіғалиева