Бүгін: 20.05.2024
Тіркеу: Қазақстан Республикасы Ақпарат және коммуникациялар министрлігінде. 2017 жылғы 18 қаңтардағы No 16307-G куәлік (1999 жылғы 16 қыркүйектегі № 869-G алғашқы тіркеу нөмірі мен күні)

ТІЛДЕРДІ ОҚЫТУ – ӨЗЕКТІЛІГІН ЖОЙМАЙТЫН, КҮН ТӘРТІБІНЕН ТҮСПЕЙТІН МӘСЕЛЕНІҢ БІРІ. ОСЫҒАН ОРАЙ ТҮРКІСТАНДА ҚАЗАҚ ТІЛІ ОҚЫТУШЫЛАРЫНЫҢ АРАСЫНДА А.БАЙТҰРСЫНҰЛЫ АТЫНДАҒЫ РЕСПУБЛИКАЛЫҚ БАЙҚАУ ӨТТІ.

Білім және ғылым министрлігі Тіл саясаты комитетінің бастамасымен өткен байқаудың мақсаты - Ахмет Байтұрсынұлының ғылыми-педагогикалық мұраларымен сабақтастықты жалғастыра отырып, мемлекеттік тілді сапалы оқыту мақсатын жүзеге асырып жүрген үздік оқытушылардың жаңашыл әдіс-тәсілдерімен танысу, озық тәжірибелерін тарату, қазақ тілі оқытушыларының кәсіби беделі мен қоғамдағы мәртебесін арттыру.

Ахмет Байтұрсынұлының туған күніне орай ұйымдастырылған байқауға еліміздің 15 өңірінен барған оқытушы қатысты. Олардың барлығы өзге ұлт өкілдеріне қазақ тілін оқытып жүрген тәжірибелі ұстаздар.

Солардың қатарында Саран қаласының тілдерді дамыту орталығының оқытушысы Динара Жупенова да бар. Тілді үйретуде инновациялық озық әдіс-тәсілдерді қолдану, сабақты онлайн/офлайн форматта шебер жүргізу, 5 деңгей бойынша тіл үйретудің қыр-сырын меңгерген Динара Тәрбиеқызы Байтұрсынов ұлықталған байқауда бкас жүлдені қанжығалап қайтты.

Еліміздің рухани астанасы, тарлан тарихымыздың талайғы тардыршешті сәттерінің қарт  куәгері, қасиетті Түркістан төрінен ен дала, кең дала, сары дала сарыарқа төсіндегі кенді шаһар Сораңдыға жеңіспен оралған майталман маманмен жүздесіп, әңгімелескен едік.

- Түркістаннан жеңіспен оралдыңыз. Марапатыңыз құтты болсын! Бұл жеңіс үлкен еңбектің нәтижесі ғой.

- Әрине, бұл біріншіден - бірнеше жылдық еңбек, төккен маңдай тер, екіншіден – қаншама жылдар қатар істеген жұмысымның тәжірибесі. Ал нәтижесінде осы жылы жеңістің тәтті дәмін таттым десем болар. Алдымен, осы байқауға қатысуға деген ниетімді мақұлдап, қолдау білдірген қалалық тілдерді дамыту орталығының басшысы Береке Жарылғаповаға, сонан кейін қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Ғалия Тохметоваға шексіз алғысымды білдіремін. Мұндай кәсіби сынаққа  өзін лайықты деп санайтын, өзінің де, курсқа қатысушыларының да жетістігі көп, шығармашылық қабілеті мол оқытушылар қатысады.

Байқау төрт кезеңнен тұрды. Бірінші кезеңде дидактиканың, андрогогиканың мәселелері, ересектерді оқытудың әдіснамасы, шет тілдерін оқытудың әдіснамасы, үздік авторлық әдістемелер, оқыту технологиялары мен инновациялық әдіс-тәсілдер жайлы 25 сұрақ алдын-ала дайындалу үшін ұсынылды. Қатысушыға 25 сұрақтың екеуін таңдап алу мүмкіндігі беріліп, таңдалған  2 сұраққа дайындықсыз, толық жауап беру талабы қойылады.

Ал екінші кезеңде қатысушылардың А1 деңгейіне сәйкес келетін, тыңдаушылар саны 5-10 адамнан және өзге ұлт өкілдерінен тұратын, сабақ беріп жүрген тобы болуы қажет. Бұл – негізгі талап. Екіншіден, қазақ тілін оқытудағы өзінің жинақталған тәжірибесін басшылыққа  ала отырып, сабақ беріп жүрген А1деңгейініңтобына арналған авторлық әдістемесінің жобасын әзірлейді. Үшіншіден, осы топта оқытушының авторлық әдістемесі сынамадан  өткізіледі, қатысушы байқаудың осы кезеңінде  өзінің әдістемелік идеясы және оның тиімділігі, авторлық әдістемесінің ерекшелігі, классикалық әдістемеден айырмашылығы жайлы  мәлімет беріп, қорғап шығады.

Үшінші кезең. Мұнда Қатысушы авторлық әдістемесіне сәйкес сынама өткізіп жатқан тобымен (өзге ұлт өкілдерінен тұратын, А1 деңгейі)  15 минуттан аспайтын сабағының фрагментін, яғни  бейнесабақты (ашық сабақ көрсетілімі) 30-шілдеге дейін дайындап, онлайн дауыс жинау үшін Этот адрес электронной почты защищен от спам-ботов. У вас должен быть включен JavaScript для просмотра. поштасына жіберу керек болды. Бейнесабақтар орталық әдіскерлерінің тексерісінен өткен соң, Инстаграмм желісіндегі tilqazyna парақшасына орналастырылды.

Бейнесабақтың талабы:

-              авторлық әдістемеге сәйкестігі;

-              сынама топтың қатысуы міндетті.

-              сабақтың көлемі – 15 минут;

-              топтың дресс-кодын ескеру.

Төртінші кезең. Оқытушы сынама топтағы тіл үйренушілеріне сөйлеу әрекетінің 4 түрі бойынша (оқылым, жазылым, тыңдалым, айтылым) тапсырмаларды орындатады. Тапсырмалар Байқаудың төртінші  кезеңін өткізу барысында  Ш.Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығы тарапынан ұсынылды.

Төртінші кезеңнің талаптары:

- тіл үйренушілердің жазылым, оқылым, сөйлесім, тыңдалым тапсырмаларын орындау кезіндегі белсенділігі (топ мүшелерінің барлығы қатысуы қажет).

Мұның бәрін орындап шығу оңай шаруа емес. Алайда байқауды ұйымдастырушылардың талапшылдығы мені қамшылай түсті. Оның үстіне «шешінген судан тайынбас» дегендей, бастаған істі соңына дейін жеткізу керек. Барлық күш-жігерімді, білімім мен тәржірибемді салып, ақыр соңы жеңіске жеттім.

Спортшы үшін олимпиадада жеңіс тұғырынан көріну қандай арман болса, біз секілді оқытушылар үшін де «Үздік оқытушы» республикалық байқауында жеңіске жету немесе жүлдегер атану шексіз қуаныш. Мұны Түркістан төрінде өткен марапаттау рәсіміндегі қатысушылардың жүзінен аңғару қиын емес еді. Бәрі де бақыт құшағында тербеліп,  шаттыққа бөленіп, таныса да, танымаса да бірін-бірі құттықтап жатты. Мұндай байқаулар  өзгелерді де ынталандырып, заман талабына сай жұмыс істеуге жетелейді, қазақ тілі оқытушыларының мәртебесін өсірсе, мемлекеттік тілдің мерейін арттырады.

 

 

 

Шапағат ҚОСШЫҒҰЛОВ