Бүгін: 20.05.2024
Тіркеу: Қазақстан Республикасы Ақпарат және коммуникациялар министрлігінде. 2017 жылғы 18 қаңтардағы No 16307-G куәлік (1999 жылғы 16 қыркүйектегі № 869-G алғашқы тіркеу нөмірі мен күні)

САРАН ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ МЕМЛЕКЕТТІҢ ҚОЛДАУЫ АРҚАСЫНДА БҮГІНДЕ БІР ЕМЕС ЕКІ КӘСІПТІҢ ИЕСІ АТАНЫП ОТЫР.  ЖАС КӘСІПКЕРДІ БОЛАШАҚҚА ДЕГЕН АСҚАҚ АРМАН - МАҚСАТТАРЫ АЛҒА  ЖЕТЕЛЕУДЕ.

Анар Абылай –  Сәтбаев қаласының тумасы, бүгінде Саран қаласының тұрғыны. «Еңбек» бағдарламасы шеңберінде жүзеге асырылып жатқан «Бастау Бизнес» жобасы арқылы өз кәсібін ашқан жандардың бірі.

Жас ана 2019 жылы мемлекеттік қолдау жайлы алғаш «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасынан естіп, кәсіпкерлік негізінде оқытылатын «Бастау Бизнес» жобасына қатысуға бел буған. Өз кәсібін ашуға ұтымды мүмкіндіктер сыйлайтын жобаға қажетті құжаттарды жинап, 2019 жылдың маусым айында бір айлық офлайн курсына қатысқан. Жеке кәсіпкердің айтуы бойынша, курстан алған білімнің пайдасы осы күнге дейін жемісін беруде.

«Ол кезде бизнес-планым төсек жабдықтарын тігу болған. Осы бизнес-планды үздік қорғап, грант ұттым. Сол гранттың  соммасына Jack-F4 тігін машинасын, оверлок пен үтік алдық» , - деді кәсіпкер.

Жастар жылында Анар Абылайдың жұмысы оңынан жүріп,  өзінің тігін цехын ашты. Негізінде жас кәсіпкердің іс тігуге деген қызығушылығы балалық шақтан бастау алған.

«Бала кезімізде әжеміз қол машинасымен үнемі іс тігетін. Сол кезде бізге қыз жасауларын, әртүрлі мерекелерге арналған костюмдерді, жаңа жылдық костюмдерді әжеміз тігіп беретін. Біз әжемізге көрпелерді көктеуге, жіп сабақтауға көмектесетінбіз. Сол дүние әлі қалып қойғандықтан іс тігуді біз бала кезден білеміз. Қазіргі заманғы машинада жұмыс істеудің өзі бір ғажап дүние», -  дейді кейіпкеріміз.

Әрбір жаңа бастаманың алдында өзіндік бір қиындықтар тап болатыны белгілі. Жас кәсіпкердің алдында да бірталай кедергілер мен шешуді талап ететін сұрақтар тұрды.   Ең алдымен мықты, білікті мамандарды,  тігіншілерді табу керек болды.  Екінші көтерілген  мәселелердің бірі  - сапалы матаға қол жеткізу.  Сол кезде Анар Абылайды «Неге өзіміздің өнімді өндірмеске?» деген ой мазалаған. Айқын мақсатын алға тарта отырып, ол бүгінде  білікті ұжымымен халық арасында сұранысқа ие киім үлгілерін шығару үстінде.

Цехте жазғы да, қысқы да  киімдер тігіледі. Оның ішінен арнаулы жұмыс киімдерін табуға болады.   Қазір трикотаж бағытын  да қолға алған.  Сәннен шықпайтын,  бойды жылы ұстайтын түрлі-түсті толстовкалар, отбасылық  киім үлгілерінің барлығы да  «Өзің үшін» атты жеке брендпен шығуда.  

«Сұранысқа ие модельдер өте көп бізде. Өйткені модельдер қайталанбайды. Біздің дизайнеріміз барлығын өзі жасайды. Өте ерекше түстер, сапалы материалдар, тігістері, барлық киімдер екі тігіспен тігіледі»,- дейді жас кәсіпкер.

Бүгінде тігін цехында  бес тігінші, бір киім пішуші, маркетолог және жеке агенті мен өзінің курьері бар.

Анардың екінші арманы – білім орталығын ашу еді. Көпке ұзамай бұл арманы да іске асты. Жас кәсіпкердің негізгі мамандығы мұғалім. Ол  2015 жылы академик Е.А. Букетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетінің тарих факультетін тәмамдаған.

– Менің негізгі мамандығым мұғалім. Балалармен жұмыс жасау, балаларды дамыту, оларды үйретуді қатты жақсы көремін. Себебі мен балалармен тез тіл табысып кетемін. Ментальді арифметикадан сабақ бердім, - деп ол өз сөзінде атап өтті.

Анар Абылай 2020 жылы Қарағанды облысы әкімінің грантына қатысып, «Саран қаласында оқу орталығын ашу» бизнес-планы арқылы  1 млн көлемінде грант ұтып алған.

«2020 жылы «Жанар» іскерлік үйінде біз оқу орталығымызды аштық. Мені бала кезден бастап «Немен айналысамын?» деген ой көп мазалады. Өз ісімді тез таптым. Себебі қазіргі балалар олар біздің болашағымыз. Сондықтан қазіргі балалар дарынды болса, ақылды болса онда біздің келешегіміз жарқын болатынына күмән жоқ. Сондықтан  «әркім бұл дүниеде бір кірпіш, кетігін тапта бар қалан» демекші мен өзімнің орнымды тапқандаймын. Өмірдегі миссиямды. Менің жұмысым -  балаларды дамыту», - дейді жас кәсіпкер.

«Indigo» деп аталатын білім беру орталығында жиырма бестей бала қосымша білім алады. Орталық өзінің көпсалалығымен ерекше боп тұр. Себебі, балалар орталықтан ментальді арифметиканы меңгере алады.

Ментальді арифметика – тез санауға, есте сақтау қабілетін, зейінді арттырады. Калькулятордан тез есептеуге, есепті ойша елестету арқылы шығаруға мүмкіндік береді. Сондай-ақ, екінші қолға алған бағыттардың бірі – жылдам оқыту курсы. Онда балалар өз минутынан екі есе жылдам оқып қана қоймай, оқыған мәтіннің мазмұнын түсінеді.  Балалардың жазуын үш ай көлемінде қалам ұстауына дейін өзгертуге көмектесетін каллиграфия бағытымен де айналысады. Одан бөлек мектепке дейінгі даярлық тобымен жұмыс істейді. Балалар үшін арнайы тез оқытылатын экпресс және ұзақ мерзімді курстары да бар. Сонымен қатар, «Бес сабақта» деп аталатын  қысқаша көбейту кестесін түсіндіретін, оңай үйрететін сабақтар өткізіледі. Ағылшын тілін үйрететін курстары да қамтылған.

Қазіргі таңда жас кәсіпкердің екі бизнесі де  жұмыс істеп тұр. Анар үшін әр қолға алған ісі маңызды.   

«Арман да, жоспарлар да өте көп. Себебі мемлекетіміз көптеген кәсіпкерлерге арналған бағдарламалар, қолдаулар жасап жатыр. Алдағы уақытта «Өзің үшін» брендін Отандық өнімдердің ішінде ең үздік қылдыру, Қазақстанда да өнім өндірушілер арасында номер бір болу»,  - дейді кәсіпкер.

Өз ісін бастап, сүйікті кәсібімен айналысу әр адамның арманы.  Бүгінде жастарға мол мүмкіндіктер берілуде.  Жігер мен қайрат, талап пен талпысын арқылы өз кәсібін ашуға болады. Оған  Анар Абылайдың соңғы үш жылда қол жеткізген жетістіктері, қос кәсібі дәлел.

«Басқа мемлекеттерден, дамыған мемлекеттерден кем болмау үшін Ахмет атамыз айтқандай: «Біз білімді, бай һәм күшті болуымыз керек. Білімді болу үшін оқу керек. Бай болуға кәсіп керек. Ал күшті болуға бірлік керек». Барлығымызға анық кіші және орта бизнес ол мемлекеттің тірегі, сондықтан әр адамның мүмкіндігі бар бизнес ашуға. Өзінің ісін бастауға, өзінің сүйікті ісімен айналысуға және сол істен табыс табуға әркімнің  мүмкіндігі бар. Мемлекет бірнеше қолдау түрлерін көрсетеді. Сол қолдау түрлеріне және өзінің күш жігеріне сүйеніп, өзінің ісін бастауға болады. Қиындықтар болады, бірақ басы қатты болғанымен аяғы тәтті болады. Сондықтан өз сүйікті істеріңізге адал болыңыздар. Өмір адамға бір-ақ рет қана беріледі.  Сондықтан барлық жастарға кәсібін бастағысы келектін жастарға сәттілік тілеймін»,- деп кәсіпкер өз кәсібін ашамын деген әрбір азаматқа ізгі тілегін білдірді.

«Әйел – бір қолымен бесікті, екінші қолымен әлемді тербетеді» деп бекер айтылмаса керек. Анар Абылай тек кәсіпкер ғана емес, асыл жар, аяулы ана.   Қос кәсібінен нәсіп тауып отырған, бала тәрбиесі мен отбасына қарауға үлгеріп жүрген  нәзік жан. Мемлекеттің, жанұясының қолдауы арқасында бүгінде жеке брендін  шығарып, сүйікті кәсібімен айналысуда.

Дина ӘБДІҒАЛИЕВА