Бүгін: 20.05.2024
Тіркеу: Қазақстан Республикасы Ақпарат және коммуникациялар министрлігінде. 2017 жылғы 18 қаңтардағы No 16307-G куәлік (1999 жылғы 16 қыркүйектегі № 869-G алғашқы тіркеу нөмірі мен күні)

29 ҚАРАШАН КҮНІ ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ 30 ЖЫЛДЫҒЫНА ОРАЙ САРАН ҚАЛАСЫНЫҢ АНАЛАР КЕҢЕСІ «ҚЫЗ ТӘРБИЕСІ – ҰЛТ ТӘРБИЕСІ» АТТЫ ТАҒЫЛЫМДЫ КЕЗДЕСУ ӨТКІЗДІ.

Кездесу қалалық мәдениет үйі «Жас Отау» этномәдени қоғамдық бірлестігінде емін-еркін форматта, сұхбат түрінде өтті.  Шараны басынан аяғына дейін Аналар кеңесінің төрайымы, ұстаздық жолында аянбай тер төккен, көпке сыйлы  Гүлжан Жүсіпбекова жүргізді. Ол өз сөзінде: «Ата-бабаларымыз   қыз баласына ерекше көңіл бөліп, тәрбиесіне мән бергендігін» айтты. 

Жанұя қоғамның бір бөлшегі болғандықтан қыз баланы тәрбиелеу – ұлтты тәрбиелеу деген сөз. Себебі тал бесіктен жақсы тәлім-тәрбие алған қыз бала келін болғанда бойына сіңген өнегелікті, әдептілікті сақтап, ізгілікті насихаттаушы болады. Сондықтан да, атадан балаға мұра болып, өзінің жалғасын тауып жатқан ұлттық салт-дәстүріміз қыз баланың тәрбиесіне тікелей байланысты.

Шараға қатысқан, тоғыз баланы дүниеге әкелген көпбалалы ана Мақпал Зейнешева да баланың тәрбиесіне асқан жауапкершілікпен қарайтын көпті көрген, өмірден түйені мол жан.

«Мен өзім үйде отырдым. Бес баладан кейін ғана жұмысқа бардым. Тоғыз бала көтердім. Қазір алды 60-та, кенжесі 41-де. Алты қыз, үш ұлым бар. Күйеуім шахтада жұмыс істеп жүрді. Әрі кітап сатты.  Тоғыз баланың барлығын өзіміз тәрбиелеп шықтық... Мен тоғыз бала таптым деп, қиыншылық көрдім деп айта алмаймын. Себебі мен балаларымды өзім тәрбиеледім. Жолдасым шахтаға кетеді жұмыс істеуге, сутка істеп келеді мен балалармен отырып, тамағын істеп қоямын»,- деді абзал ана.

Әдептілік, инабаттылық, сыйласу, қонақ күту жағынан халқымыз алдына жан салмаған. Сол себепті аталмыш шараға тек қана нәзік жандылар шақырылған. Солардың бірі - қалалық балалар өнер мектебі директорының орынбасары Күлаш Нұрсафина. Ол өз сөзінде: «Қыз баланың өзі үлкен бір мектеп. Қазақ халқы қыз баланы үйде ерекше ұстаған. Қыз баланы төрде отырғызып, солай тәрбиелеген»,-деді.

Ал, бес ер баланың аяулы анасы, өз ісін бастаған, жас кәсіптің иесі   Қарлығаш Ибакова  жастарды ата-ананың үкілі үмітін ақтауға, салмақты, ізетті болуға шақырды.  Ол өз сөзінде: «Баланы тал бесіктен бастап тәрбиелеген дұрыс, әрбір ата-ана баласымен дос, сырлас болуы керек», - деп айтты.

Сондай-ақ, «Жас Отау» этномәдени қоғамдық бірлестігінің жетекшісі Нұржамал Кернебаева, Абай Құнанбаев атындағы Саран жоғары гуманитарлық-техникалық колледждің  оқытушысы  Меруерт  Әбілтайқызы да өздерінің ізгі тілектерін білдірді. Колледж студенттері  алған әсерімен бөлісті.

Әннен шашу шашылып,  жақсы сөздер,  ақыл-кеңестер айтылған кездесудің соңында Саран қаласының Аналар кеңесі атынан ҚР Тәуелсіздіктің отыз жылдығы қарсаңында  жас жеткіншектердің тәрбиесі жөнінде қаланың аяулы, өнегелі ұлағатты аналарымызбен кездесуге қатысқаны үшін  көпбалалы ана Мақпал Зейнешеваға, өнер жолында жүрген, балаларға эстетикалық, музыкалық тәрбие беріп жүрген өнер мектебінің ұстазы Күләш Құралқызына және бес батырдың анасы Қарлығаш Ибаковаға салтанатты түрде алғыс хат табыс етілді. Қатысушыларға  «қыздарымыз қылықты, ұлдарымыз ұлықты болсын» деген ақ ниетпен дорба таратылып, естелік сыйлықтар үлестірілді.

 

Дина ӘБДІҒАЛИЕВА

Фото: Камила ОСПАНОВА