Бүгін: 20.05.2024
Тіркеу: Қазақстан Республикасы Ақпарат және коммуникациялар министрлігінде. 2017 жылғы 18 қаңтардағы No 16307-G куәлік (1999 жылғы 16 қыркүйектегі № 869-G алғашқы тіркеу нөмірі мен күні)

САРАН ҚАЛАСЫНДА ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫ ТӘУЕЛСІЗДІГІНІҢ 30 ЖЫЛДЫҒЫНА ОРАЙ МЕМЛЕКЕТТІК ҚЫЗМЕТКЕРЛЕР АРАСЫНДА ШАҒЫН ФУТБОЛДАН ТУРНИР ҰЙЫМДАСТЫРЫЛЫП, ӨЗАРА МЫҚТЫЛАР АНЫҚТАЛДЫ.

Карантинге дейін Саран қаласында  мемлекеттік қызметшілер арасынан жиі волейболдан жарыстар, спартакиадалар, түрлі спорттық ойындар өткізілетін. Биыл қалалық дене шынықтыру және спорт бөлімі барлық сақтық шараларын сақтай отырып, Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жолдауында жүктелген міндеттерді жүзеге асыру, бұқаралық спортты, салауатты өмір салтын насихаттау мақсатында шағын футбол ойындарын өткізуге мұрындық болды.

Тартысты ойынның ашылу сәтіне Саран қаласы әкімі аппаратының басшысы Данияр Қайырбек пен қалалық сәулет және қала құрылысы бөлімінің басшысы Бақытбек Ақпаров, Саран қаласының дене шынықтыру және спорт бөлімі басшысының міндетін атқарушы Бағдат Рүстембаева, қалалық спорт орталығы директорының орынбасары Ринат Тілеубеков қатысып, мемлекеттік қызметкерлерге сәттілік тіледі.

 Шағын футболға тоғыз команда қатысты. Жасыл алаңға шыққан Саран қаласы мен Ақтас кентінің мемлекеттік қызметшілерінен бөлек Шахтинск қаласынан «Қарағанды облысы бойынша ұлттық қауіпсіздік комитетінің департаменті» мемлекеттік мекемесінің қызметкерлері де бағын сынап көрді. 

Теңбіл доп додасында елуге жуық мемлекеттік қызметші өздерінің осал емес екендігін көрсетті. Алайда тоғыз команда ішінен тек бір топ қана жеңімпаз атана алды.

Өздерінің ынты-жігерлерімен қарсыластарынан оза шапқан 44803 әскери бөлімінің құрама командасы бас жүлдеге ие болды. Екінші орынмен Саран қаласының полиция бөлімінің қызметкерлері марапатталды. Ал, үшінші орын Ақтас кентінің 22750 әскери бөліміне бұйырды. Барлық қатысушыларға арнайы командалық грамоталар мен медальдар табысталды.

Саран қаласының дене шынықтыру және спорт бөлімі басшысының міндетін атқарушысы Бағдат Рүстембаеваның айтуы бойынша, мемлекеттік қызметкерлер арасынан шағын футболдан турнирді жыл сайын өткізу жоспарда бар. 

  

Дина ӘБДІҒАЛИЕВА

Фото: Камила ОСПАНОВА