Бүгін: 23.04.2024
Тіркеу: Қазақстан Республикасы Ақпарат және коммуникациялар министрлігінде. 2017 жылғы 18 қаңтардағы No 16307-G куәлік (1999 жылғы 16 қыркүйектегі № 869-G алғашқы тіркеу нөмірі мен күні)

МӘДЕНИЕТ – ӨМІР АЙНАСЫ, ӨНЕР ҚОЙМАСЫ. РАСЫНДА, ОНДА АДАМДЫҚ ПАРАСАТТАН БӨЛЕК, АҚЫЛ-ОЙ, ІЗГІЛІК ПЕН ӘДЕМІЛІК, ИГІЛІКТЕР ДҮНИЕСІ ҮЙЛЕСІМ ТАПҚАН. СОНЫМЕН БІРГЕ МӘДЕНИЕТ – АДАМДЫ ТҰЛҒА ДЕҢГЕЙІНЕ КӨТЕРЕТІН НЕГІЗГІ ҚҰРАЛ. СОНДЫҚТАН БҰЛ САЛАНЫ ӨМІР АЙНАСЫ ДЕЙДІ КӨПШІЛІК.

Мәдениет – әлеуметтік фактор, қоғамның қозғаушы күші. Мәдениеттің дамуы қоғамды ілгері жылжытады. Жеке адам мәдениеті мен қоғам талабы тікелей байланысты. Сол себептен елімізде мәдениетке айтарлықтай көңіл бөлініп, бірқатар бағдарламалардың тетіктері қарастырылған. Нәтижесінде өңірде аталған саланың адымы ауыз толтырып айтарлықтай, жоспары жұмыр.

Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев: «Мәдениет – елдің ең басты рухани байлығы, асыл мұрасы. Қай елдің мәдениеті мықты дамыса, сол елдің еңсесі де биік болады» - деп, Еуразияның ең бір бай да бірегей мәдениеті – қазақ мәдениеті деген еді.

Әлем сахналарында өнер көрсетіп, қазақ мәдениетінің негізін қалаған өнер саңлақтары ұрпаққа үлгі.

Саран қаласының мәдениет қызметкерлері шаһар мәдениетінің ақсамауына, ел мәдениетінің өркендеуіне өзіндік үлес қосып жүргеніне куә жеңісті күндер күнтізбесі бар. Өнер өлкесіне қадам басқан әрбір жастың тұсауын кесіп, томағасын түрген Саран қаласының Мәдениет үйі – жетпіс жылға жуық тарихы бар шаһар үшін шоқтығы биік мәдениет ордасы болып саналады. Мәдениет ошағының мүшелерінің жыл он екі ай атқарған тынымсыз еңбектері бағаланып та жүр. Әсіресе кәсіпорынды бірнеше жыл бойы басқарып келе жатқан, тындырымды еңбегі мен ұйымдастырушылық қабілеті көптің көңілінен шығып жүрген Людмила Феоктистованың еңбегін көпке үлгі етуге боларлық. Еңселі егемендік пен тұғырлы тәуелсіздігіміздің 30 жылдық мерейтойы қарсаңында өнер ордасының тіршілігімен оқырманды таныс етуді жөн көрдік.

70 жылдық тарихы бар шаһардың Мәдениет үйі қаланың мәдени орталығы  ғана емес, барлық қоғамдық және саяси шаралар өткізетін ең басты мәдениет ордасы.

Мәдениет үйінің ғимараты 1949 жылы салынып, 1951 жылдың 25 қыркүйегінде пайдалануға берілді. Ал 1952 жылдың аяғында ресми түрде іске қосылды.

Кәсіпорынның алға қойған мақсаты – көркем шығармашылықтың жаңа түрлерін енгізе отырып, мәдени іс-шараларды ұйымдастыру, салт­-дәстүрді және өнерді насихаттап, жандандыру жұмыстарын жүргізу, әр түрлі жанрлар бойынша фестивальдер, байқаулар өткізе отырып, өнер шеберлерінің талантын шыңдау болып табылады. Осы айтылған міндеттің барлығының орындалуына атсалысып жүрген, Мәдениет үйінің ұжымы халыққа қызмет көрсетуде.

Әр атқарылған істің астарында қаншама адамның еңбегі жататыны белгілі. Әсем безендірілген сахнада ән айтып, би билеу сахналық қойылымдар қою бір қарағанда оңай жұмыс болып көрінгенімен, онда қаншама адамның қажыр қайраты, маң­дай тері, ынта жігері, қолтаңбасы бар десеңізші! Өнерпаздардың сахналық костюмдері мен өнері үйлесім тауып, халықтың көңілінен шығуда, еткен еңбек ақталып, абыройлары артпаса, азайған емес. Көпшіліктің ықыласына бөленіп, қошеметке ие болғаннан артық бақыт бар ма?! Әр сайыстан шаһарымыздың абырой туын асқақтатып келсе, қуанышымыз еселеп жатады.

Алғашқыда аталған кәсіпорын басқармасына А.С. Бортной және В.В. Терещенко (1954-1961) төрағалық етті. Кейін А.Ф. Гуров (1962-1967), А.С. Сорокина (1967-1972), Г.Я. Сычева (1972-2003) директор болды.

30 жылдан астам уақыт Мәдениет үйінің директоры болған Галина Яковлевна Сычева нағыз шыңдалған кәсіби адамдарды жұмысқа тартып, халық арасынан шыққан көркемөнерпаздарға қолдау жасады.

Мәдениет үйінде мемлекеттік, кәсіби және басқа да мерекелік шаралар ұйымдастырылып, мәдени-көпшілік іс-шаралар жүргізіліп тұрады. Халық өнерпаздарының шығармашылығын дамытуға академиялық хор жетекшісі Г.Я. Мозер зор үлесін қосты. Бұл ұжым бірнеше рет республикалық және облыстық байқаулардың, көркемөнерпаздар фестивалінің лауреаттары атанды.

А. Довбуш, Ю. Николаев сынды дарында жетекшілер басқарған бишілер тобы он жыл бойы қалалық, облыстық және республикалық сахналарда тамаша өнер көрсетті. 70 жылдардың аяғында дарынды Л. Прадан («Танцующая долина» ұжымы 1978 жылы халық шығармашылығы фестивалінің дипломанты атанды), О.Д. және В.Н. Голевтер («Детство» үлгілі би ансамблі) олардың ізін басты.

1963 жылдан орыс және классикалық аспаптар музыкасын насихаттаушы және бағалаушы А.А. Скрыганның шығармашылық қызметі басталды.

1969 жылы Л. Моргачев қолдарына алғаш рет аспап ұстаған балаларды жинап, кейін облыстық, республикалық байқаулардың жеңімпазы, лауреаттары атанған үрмелі аспаптар оркестрін құрды. 1976 жылы ұжымды В.Н. Телегин басқарды.

В. Кепп, Г.А: Шмидт жетекшілік ететін эстрадалық және сифониялық оркестрлер, Ф. Акимов жетекшілік еткен «Экспромт» ВИА концерттерінің орны бөлек еді. Ұжым Бүкілодақтық «Родники - 77» теледидар байқауының лауреаты атанды. Б. Тоқбергенов, К. Әбжатов жетекшілік еткен қазақ халық аспаптар оркестрі мен домбырашылар М.Т. Тоқсанова ансамбльдері – мәдениет ошағының жарық жұлдыздары. Қала тұрғындары В.Амонов, Т.Путина, А. Госсен, Г. Нүпірованың орындауындағы әндерді және Нұр-Сұлтан қаласында өткен «Шабыт» республикалық байқауына қатысқан «Экспромт» тобының әншілері Г. Пекина, С. Зубкова, Г. Дороховалардың әндерін жақсы көреді және естеріне сақтайды.

80-ші жылдардың аяғында Р. Сампиетің жетекшілігімен «Веселая провинция» ұжымы шығармашылық қызметін бастаған болатын. Кейін бұл ұжым эстрадалық минатюра театры болып өзгерді. 1987 жылы оның тобы Бүкілодақтық халық шығармашылығы фестивалінің құрмет грамотасын иеленді.

70 жылдай тарихы бар Мәдениет үйі сахнасында Бүкілодақтық радио дикторы Ю. Левитан, Оралдық және Барнаулдық ән мен би ансамблі, Гарри Гольди, Леонидов, Варначев эстрадалық ансамбльдері, Свердловск, Белорус, Ялта әртістері өнер көрсетті. Т. Окуневская, С. Мартинсон, Р. Росс, Е. Серкебаев сияқты атақты әртістермен болған шығармашылық кездесулер қала жұртшылығының әлі де есінде.

1986 жылы «Россиянка» славян орталығы құрылды (бірінші жетекшісі И. Окунева болды, ал 1989 жылдан бастап күні бүгінге дейін Ю. Яковлева жетекшілік етеді). Орталық құрамына «Мудрость» ардагерлер хоры, қасықпен ойнаушылар ансамблі, «Бусинки» фольклорлық тобы (жетекшісі А. Пономарев) кірді.

1996 жылы Г.М. Темірбаеваның ұйымдастыруымен қазақтың ұлттық киімдері, салт-дәстүрлерін насихаттайтын «Жас Отау» орталығы құралыды. Одан кейін орталыққа Д.Т. Қожықова басшылық етті. Ал қазіргі таңда орталыққа Н.А. Кернебаева жетекшілік етеді. Орталық құрамына «Тамаша», «Атамекен», «Қарашаш» клубтары және «Жастар» домбырашылар ансамблі енді.

Қаланың мәдениет саласында қажырлы да өнертапқыш адам Л.Н. Феоктистова ширек ғасыр бойы еңбек етті. Қазір Людмила Николаевна Феоктистова Мәдениет үйін басқарып отырған жайы бар.

Жаңа мемлекетті құру, нарық экономикасына көшу мезгілімен  тұтас келген 90-шы жылдардың ортасы Мәдениет үйі үшін де қиын уақыт болды. Бірақ Мәдениет үйінің ұжымы қиындықтарға мойымай, өз жұмысын жалғастырып, қала тұрғындары үшін мерекелік шаралар өткізіп отырды. Осындай игі істер халықтың болашаққа деген сенімін арттырып, жүрегіне үміт отын жақты.

20 жыл Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың Жарлығымен Мәдениетті қолдау жылы болып жарияланады. Осы бастаманы қолдай отырып, Мәдениет үйінің ұжымы қала жұртшылығына 357 мәдени шара тарту етеді. «Халықтық» атағына ие болған үрмелі және орыс аспаптар оркестрі, «Үлгілі» атағы берілген «Детство» би ансамблі және клубтық бірлестіктер құрылды.

Көп жылдар бойы ұжымда өз ісіне адал берілген М.В. Ложникова, Р.С. Солялнина, Е.М. Штыба, Ф.А. Сафиуллин, Н.Ф. Барабаш, А.Е. және А.В. Хизловтар, Е.М. Карпова, М.Я. Мажаева, Н.В. Пономарева, Р.Ф. Кравцова, А.Ф., П.П. және А.А. Классендер, Т.А. Стеймбойцева, Л.Ф. Шимпф, У.Х. Казмирчук, Е.П. Горина, Н.М. Загорнова, Л.И. Барашева, С.Г. Мезенцева және басқалар еңбек етті.

Міне осындай үлкен ұжым бір кісідей жұмыла жұмыс істеп, талай белесті бағындырды. Еткен еңбектің еленбей қалмайтыны белгілі. Ұлттық құндылықтарымыздың бастауы мәдениетімізде. Шаһардағы мәдениет саласының майталмандарының жұмыс жасау қарқыны алдағы уақытта да осындай болса, әлі талай додалы байқау мен сайыстар, мәнді, мағыналы әдеби сазды кештер мен кездесулердің куәсі болатынымызға сенімдіміз.

 

   

Шапағат ҚОСШЫҒҰЛОВ

Суреттер архивтен алынды