Бүгін: 26.04.2024
Тіркеу: Қазақстан Республикасы Ақпарат және коммуникациялар министрлігінде. 2017 жылғы 18 қаңтардағы No 16307-G куәлік (1999 жылғы 16 қыркүйектегі № 869-G алғашқы тіркеу нөмірі мен күні)

ҰСТАЗ БЕН ШӘКІРТІ «ЕКІ ЖҰЛДЫЗ» ӘН БАЙҚАУЫНАН КӨПШІЛІКТІ ӨНЕРІМЕН ТӘНТІ ЕТІП, ГРАН-ПРИ ҰТТЫ.

Саран қаласының мәдениет үйінде жастарды әнге деген қызығушылығын арттыру, әншілік қабілетін, актерлік өнерін, хореографиялық талантын сынау және өнерге бір табан жақындату мақсатында дәстүрлі «Екі жұлдыз» ән байқауы өтті. Салтанатты шараны «Жігер» парламентінің үйлестірушісі, Саран жоғары гуманитарлық-техникалық колледждің алғашқы әскери пәнінің және дене тәрбиесі пәнінің оқытушысы Алишер Манаш пен аталмыш колледжде ағылшын пәнінің оқытушысы Карагоз Джакупова жүргізді.  Халықтың құлағында жатталған, көптің жадында сақталған, аңыз әндер шырқалған әуезді шарада алғашқы құттықтау сөз Абай Құнанбаев атындағы Саран жоғары гуманитарлық-техникалық колледждің директоры Владимир Закамолкинге берілді.

«Егер пандемия болмаған жағдайда биыл бұл конкурстың бес жылдық мерейтойын атап өтетін едік. Алайда, мен ойлаймын, біз «Жас Отау» этномәдени қоғамдық бірлестігі мен Абай Құнанбаев атындағы Саран жоғары гуманитарлық-техникалық колледжбен бірге сол күнге де жетеміз деп. Мен сіздерді бүгінгі тамаша іс-шарамен құттықтаймын! Осы байқауда ең қызықты, ең білімді, ең биші, ең өнерлі жұп жеңіске жетуіне тілестеспін»,- деді колледж директоры.

Осымен төртінші рет өткен ән байқауында жеті жұп өнер көрсетті. Сахна төріне шыққан қатысушылар арасында ұстаз бен шәкірттен, студент жастардан құралған, үш тілде ән шырқаған  керемет жұптарды көрдік.  Ал олардың өнерін қалалық мәдениет үйінің көркемдік жетекшісі Юлия Яковлева, «Достық үйі» балалар-жасөспірімдер шығармашылық орталығының  қосымша білім беру педагогы, Саран қаласының «Жайдарман» лигасының жетекшісі Алданыш Мұсабеков, «Достық үйі» балалар-жасөспірімдер шығармашылық орталығының  қосымша білім беру педагогы, «Фантазия» бейнелеу өнер студиясының жетекшісі Арман Жұмабекова, балалар өнер мектебінде домбыра сыныбының оқытушысы Сәлдет Шаймұрат және балалар өнер мектебінде теория пәндерінің оқытушысы Оксана Вирц бағалады.

«Іс-шараның жалпы өтуі жақсы. Қатысқан ұстаздардың барлығы жоғары деңгейде болды деп толықтай айта аламыз және студенттер, шәкірттер жақсы деңгейде өнер көрсетті. Ұйымдастырып отырған «Жас Отау» этномәдени қоғамдық бірлестігіне, Нұржамал Алдаңғорқызына алғысымыз шексіз», - деді «Екі жұлдыз» байқауына үш рет қатысып, үшеуінде де жеңіске жеткен, осымен екінші рет төрелік еткен «Достық үйі» балалар-жасөспірімдер шығармашылық орталығының  қосымша білім беру педагогы, Саран қаласының «Жайдарман» лигасының жетекшісі Алданыш Мұсабеков.

Дәстүрлі «Екі жұлдыз» ән байқауы биыл екі кезеңнен тұрды. Алғашқы кезеңде жұптар Қазақстандық композиторлардың әнін орындаса, екінші кезеңде 80-90 жылдардағы ретро әндер айтылды.

- Биыл дәстүрлі түрде өтетін байқаудың бір ерекшелігі – біз репертуарды өзгерттік. Бұрынғы өзіміздің жастық шағымыздағы, 80-90 жылдардағы, біздің тарихтан келген сонау ТМД кезіндегі әндер шырқалды. Билегендер биледі. Шындығымды айтсам, бүгін сондай бақыттымын. Балалардың ризашылығын көріп, келген келістерін көріп риза болдым. Жастар өздерінің ынтасымен, жүрегімен келіп отыр. Айтқан әндері, әрқайсысына ілтипатын көрсетіп, ынтымағын көрдік, - деп атап өтті «Жас Отау» этномәдени қоғамдық бірлестігінің жетекшісі Нұржамал Кернебаева.

Жұп болып ән шырқаған жастар мен ұстаздар қауымының өнеріне көрермен қауымы тәнті болды. Ду-қол қошеметін  аямады. Барынша қолдауларын білдірді. Жылдан жылға әдемі жалғасын тауып отырған  «Екі жұлдыз» ән байқауының нәтижесі бойынша Ахметкәрім Назерке мен Серикбаева Аружан және Сутемгенова Нуризат пен Калиев Алмадияр жұптары 3-орынды иеленіп, жүлделі дипломмен және Қасым Аманжоловтың «Туған жер» шығармашылық жинағымен марапатталды. 2-орынмен Рахимбекова Айдынай мен Кенесбай Альмира және Рымбеков Қуаныш пен Серикова Айзат жұптары марапатталды. Бірінші орынға да қос жұп лайық деп саналды. Хаузбеков Бақдаулет пен Шалкар Инкар және Ташкен Зарина мен Саликова Маргарита  жүлделі 1-орынды алды. Бас жүлде гран-приді иеленген Байкадамов Арман мен Халиулла Ақзере жұбы жеңіске жетті.

 Арман Байкадамов – Абай Құнанбаев атындағы Саран жоғары гуманитарлық-техникалық колледждің дене тәрбиесі пәні оқытушысы. «Екі жұлдыз» байқауына осымен үшінші рет қатысты. Алдынғы жылдары екінші және бірінші орындарға ие болса, биыл барлық қателіктерді түзетіп, жақсы дайындықтың нәтижесінде жеңіс тұғырынан көрінді.  Ұстазымен бірге ән шырқаған Ақзере Халиулла 1 курс студенті. Байқауға бірінші рет қатысты.

«Жас Отау» этномәдени қоғамдық бірлестігінің жетекшісі Нұржамал Кернебаева ҚР Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай жастармен бірқатар іс-шараларды өткізуге мұрындық болды. Биыл Саран жоғары гуманитарлық-техникалық колледжбен бірге тығыз жұмыс іскеп жүргеніне - он үш жыл. Ұйымдастырушылардың айтуы бойынша, 2022 жылы да «Екі жұлдыз» қалалық байқауының бес жылдық мерейтойын жоғары деңгейде атап өту жоспарда бар.

 

 

Дина ӘБДІҒАЛИЕВА

Суреттерді түсірген:

Камила ОСПАНОВА