Бүгін: 19.04.2024
Тіркеу: Қазақстан Республикасы Ақпарат және коммуникациялар министрлігінде. 2017 жылғы 18 қаңтардағы No 16307-G куәлік (1999 жылғы 16 қыркүйектегі № 869-G алғашқы тіркеу нөмірі мен күні)

ТАЛАЙ БАЛУАНДАРДЫ ТҮЛЕТІП ҰШЫРҒАН «ARYSTAN» СПОРТ КЛУБЫНА БИЫЛ – 10 ЖЫЛ. УАҚЫТ  ДЕГЕН – ЖҮЙРІК. КЕШЕ ҒАНА ТАБАЛДЫРЫҒЫН АТТАҒАН ШӘКІРТТЕРІ БҮГІНДЕ БІЛІКТІ БАПКЕР, СПОРТ ШЕБЕРІ АТАНДЫ.

Тәжірибелі бапкер шәкіртін жеңіске жетелейді. Бұл дөп  басып айтылған сөздер. Шынымен де, ұстаз үшін шәкіртінің жеңісінен артық қуаныш жоқ. Ал спорт бағытында тіпті  еңбектің ақталғаны көңілді марқайтады. Джиу-джитсудан спорт шебері, жауынгерлік самбо, грэпплинг, ММА, панкратион спорт түрлері бойынша білікті бапкер Берікбол Ермағамбетов Саран қаласында 2011 жылы «Arystan» спорт клубын  ашты. Он жыл ішінде жүзден артық шәкірт тәрбиеледі. Олардың қатарында ұстаздың жолын қуған жастар да бар. Солардың бірі - Мереке Рыспаев.

Мереке Ғалижанұлы - Қостанай қаласының тұрғыны. Бірінші сыныптан бастап Қостанайда армиялық қоян-қолтық ұрыспен айналысты. Қалалық мектептің тоғыз сыныбын аяқтағаннан кейін, Саран қаласына келген.

«Саран қаласына оқуға түсуге бардым. Ол кезде менің әпкем Саранда тұратын. Бір жағынан қонаққа шақырды. Сөйтіп маған бұл жер ұнап, қазіргі Абай Құнанбаев атындағы Саран жоғары гуманитарлық-техникалық колледждің дене шынықтыру және спорт факультетіне оқуға түстім. Кейін спорт секцияларын іздей бастадым. Көп ұзамай қыркүйек айынан бастап Берікбол  Ермағамбетовке жолығып, онда жаттығуға кірістім»,-дейді Мереке Ғалижанұлы.

«Arystan» спорт клубының жетекшісі өзінде тәрбиеленген әр шәкіртін жадында ұстап келеді. Алғашқы  жеңістерін, қадамдарын күні бүгінге дейін есте сақтаған. 

«Мереке менде 2011 жылдан бастап, үш жылдай жаттықты. Бір жыл бойы ол материалдарды игерді. Жақсылап тұрып жаттықтық, әдіс-айлаларды үйрендік. Нәтижесінде  грэпплингтен, самбо күресінен, армиялық қоян-қолтық күресінен Қазақстан чемпионы атанды. Қаншама жарыстарға бардық. Ол үнемі бірінші орынды иеленетін. Мереке Қарағанды облысы бойынша әр түрлі жекпе-жек түрлері бойынша бірнеше дүркін чемпионы атанды. Менің мықты, спортқа бейім шәкірттерімнің бірі. Сол жылдары Мерекеден бөлек, қазір Атырауда тұратын Бекзат Дулатов жаттықты және Төлеген Асқар деген шәкірттерім де осал емес еді. Осы үш бала жүлделі орындарға ие болып, жақсы көрсеткіш көрсеткен ең алғашқы шәкірттерімнің бірі.  Олардан кейін жас және одан да үлкен басқа балалар спорт клубына келе бастады. Мереке бірде-бір рет жеңілмеген. Осы қырымен ерекше есте қалды», - деп білікті бапкер Берікбол Ермағамбетов шәкірті жайлы   айтты.

2014 жылдан бастап Берікбол Ермағамбетов шәкіртін бапкерлікке үйрете бастаған. Ең алдымен жаттықтырушының көмекшісі болды. Кейін бапкерлік қызметтің қыр-сырымен жақын танысты. 2015 жылы Мереке Рыспаев Қарағанды қаласында жеке өз клубын құрды. Бір жылдан кейін кіндік қаны тамған Қостанай қаласына қайта оралып, өзінің кәсіби және спорттық клубын ашты. Бүгінде Мереке Ғалижанұлының Қазақстан федерациясының вице-президенті, әрі  бапкерлік жолында жүргеніне 5 жылдан асты. Балаларды да, ересектерді де дайындайды. Халықаралық, республикалық, облыстық деңгейдегі іс-шараларды  ұйымдастырады.

Мереке Рыспаев таяуда инстаграм әлеуметтік желісінде өзінің бапкері болған Берікбол Төлешұлына деген ризашылығын жеткізді. Ол өз сөзінде: «Берікбол Төлешұлында жаттығып жүрген кезімде мен өзім үшін грэпплинг әлемін аштым. Екпінді техникада үлкен тәжірибе жинадым. Ең бастысы жаттықтырушылық ісімді үйрендім және кейіннен өзімнің бапкерлік қызметімді бастадым»,- деген.

Ұстазы жақсының шәкірті үздік. Бұл – айнымас аксиома іспеттес.  Адам спортпен үйде де шұғылдана алады, алайда  денсаулыққа зиян келтірместей дұрыс жаттыға білуді, спорттық тәлімді тек қана бапкер бере алады. 

«Берікбол Төлешұлы маған көп нәрсені үйретті. Жекпе-жек саласында көп білім берді. Грэпплингтен көп нәрсе үйрендім, сол кездері менің мансабымның шыңы болған кезең болды. Мен оған спорт шеберінің кандидаты ретінде келген едім. Берікбол Төлешұлының екі жылдық сабағынан кейін мен әскери қоян-қолтық жарысы, грэпплинг бойынша спорт шеберінің нормативін орындадым. Сол жылдар ішінде біз барлық мүмкін болатын республикалық, облыстық деңгейдегі жарыстарға қатысқанбыз. Бірнеше рет грэпплингтен, панкратионнан, қоян-қолтық ұрыстан  чемпионаттарын жеңдім», - дейді Мереке Ғалижанұлы.

Халық даналығында «Еңбек етсең – емерсің» деген ынталандыратын сөз бар. Тәжірибелі бапкер әбден пісіп-қатып, боз кілемнің шаңын қаққан, талай жүлденің басын қайырған бірталай балуандарды тәрбиелеп шықты. Өзінің түлеп ұшқан шәкірттерімен күні бүгінге дейін жақсы араласады. Барлығы Қазақстанның түпкір-түкпіріне тарап кетсе де, бір-біріне қолдау көрсетіп, керек тұста кеңесін де айтып отырады. 

Биыл «Arystan» спорт клубының он жылдық мерейтойы ҚР Тәуелсіздігінің 30 жылдығымен тұспа-тұс келді. Шебер жаттықтырушы мен оның шыңдалған шәкірттері үшін он жыл қажырлы еңбекке, қажымас қайратқа,  спорттық жетістікке, әсерлі сәтке, жарқын жеңістерге толы.  Ал, бапкер үшін шәкіртінің жеңісі, жетістігі  - көп жылғы маңдай терінің төгілген еңбегі мен үмітінің ақталғаны.

 

 

 

Дина ӘБДІҒАЛИЕВА

Сурет архивтен алынды