Бүгін: 28.03.2024
Тіркеу: Қазақстан Республикасы Ақпарат және коммуникациялар министрлігінде. 2017 жылғы 18 қаңтардағы No 16307-G куәлік (1999 жылғы 16 қыркүйектегі № 869-G алғашқы тіркеу нөмірі мен күні)

САРАН ҚАЛАСЫНА ЭТНОСАРАЛЫҚ ҚАТЫНАСТАРДЫҢ ӨЗЕКТІ МӘСЕЛЕЛЕРІ БОЙЫНША АҚПАРАТТЫҚ-ТҮСІНДІРУ ЖҰМЫСТАРЫН ЖҮРГІЗУ МАҚСАТЫНДА ҚР ПАРЛАМЕНТ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ ЮРИЙ ЖУЛИН ЖҰМЫС САПАРЫМЕН КЕЛДІ.

21 желтоқсан күні Саран қаласына Қазақстан Республикасы Парламент Мəжілісінің депутаты Юрий Жулин мен Қарағанды облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Ерлан Құсайын жұмыс сапарымен келіп, Саран қаласының әкімі Ержан Темирхановпен және қалалық мәслихаттың хатшысы Өміржан Баймағанбетов,  Саран қаласы әкімінің орынбасары Ералы Оспанов, Саран қаласы әкімі аппаратының басшысы Данияр Кайырбекпен бірге қалалық балалар мен жасөспірімдердің мамандандырылған олимпиадалық резевр мектебінің бүгінгі тыныс-тіршілігімен танысты.

Аталмыш мектептің директоры Райымбек Сыздықов ең алдымен мектептің жеке музейіне шолу жасады. Бұл мұражай  баскетбол, грек-рим күресі, велоспорт, суда жүзу, футболға арналған бес бөлімнен  және  триатлон спорт түріне бөлінген.  Оның дәл ортасында 2016 жылы  Рио-де-Жанейро Олимпиадасының қола жүлдегері, Саран қаласының тарихындағы тұңғыш олимпиада медалін жеңіп алған Эльмира Сыздыкованың жеңіс тұғырындағы сәті бейнеленген.  Ал оң жағы мен сол жағында  спорт мектебінің мақтаныштары, жаттықтырушылары мен оқушыларының жетістіктері, медальдары және кубоктары сақталынып тұр. Музейді аралағаннан кейін футбол, баскетбол, бассейн, жаттығу залдары көрсетілді. Бөлімдерде оқушылардың жаттығу барысы, спорт мектебінің құрама командасының дайындық әзірлігі қызу жүріп жатты.

Қазіргі таңда Саран қаласының балалар мен жасөспірімдердің мамандандырылған олимпиадалық резевр мектебінде  1435 оқушы жаттығып жүр. Салауатты өмір салтын насихаттап жүрген  аталмыш спорт мектебіне 2020 жылы ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізіліп, нәтижесінде бассейн залы түрлене түсті.

 Одан кейін халық қалаулысы «Достық үйі» балалар-жасөспірімдер шығармашылық орталығына  бет бұрды.

Бірлік пен татулықтың ортасына айналған қалалық достық үйдің ішіне кірген бетте балалар өнер мектебі, № 2, № 13 және Абай атандағы жалпы білім беретін мектеп пен № 9 мектеп-интернаттың, орталық қалалық кітапхананың арнайы ҚР Тәуелсіздігінің 30 жылдығына дайындаған көрмесі назарға ұсынылды. Қазақтың кең байдақ даласы бейнеленген суреттерден бастау алып, ұлттық бұйымдармен жалғасын тапқан көрмені аралағаннан кейін Қазақстан Республикасы Парламент Мəжілісінің депутаты Юрий Жулин мен Қарағанды облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Ерлан Құсайын орталықтың акт залында мәдениет саласы қызметкерлері және қоғамдық ұйым өкілдерімен кездесті. 

Кездесуде халық қалаулысы барлық қатысушыларды Тәуелсіздіктің 30 жылдығымен  және   Саран қаласының 67 жылдығымен құттықтап, ізгі тілегін білдірді.

-  Шын мәнінде, Мемлекет басшысы, Елбасының арқасында бізде осы жылдар бойы түрлі этнос өкілдері арасында толерантты қарым-қатынасты нығайту бойынша тұрақтылықты сақтау саясаты жүргізіліп келеді, - деді Қазақстан Республикасы Парламент Мəжілісінің депутаты Юрий Жулин.

Сонымен қатар, халық қалаулысы «Ырыс алды - ынтымақ» қағидасын алға тарта отырып, ұлтаралық келісім мен этикалық қатынас жайлы айтты. Одан бөлек мемлекеттік тіл мәртебесі мен өзге ұлт  өкілдерінің қазақ тілін білудің маңыздылығына тоқталды. Әсіресе елдің тірегі – жастар болғандықтан, жас буын өкілдеріне зор сенім артылатындығын жеткізді.

Қарағанды облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Ерлан Құсайын: «Көп мәселелер қозғалып жатыр. Оның ішінде елдегі тұрақтылық пен бірлік, елдің ішіндегі ымыралы ынтымақ, бейбітшілік мәселелері»,- екендігін айтты.

Сондай-ақ, кездесуге қатысқан қоғамдық ұйым өкілдері өздерінің пікірлерін ортаға салды.

 Шара соңында  Саран қаласы қоғамдық кеңесінің төрағасы Қайырбек Омаров, Саран қалалық мәслихатының депутаты Жанбол Жаяубаев, «Якташлар» этномәдени қоғамдық бірлестіктің жетекшісі  Альфия Святоха, «Вайнах» шешен-ингуш этномәдени бірлестігінің төрағасы Султан Буцугов, «Достық үйі» балалар-жасөспірімдер шығармашылық орталығының директоры Ольга Свиргун, жастар ресурстық орталығының  басшысы Сәнді Мустафина  қайырымдылықты, рухани бірлікті, достық пен этносаралық ынтымақтастықты нығайтудың гуманистік мұраттарына қосқан белсенді еңбегі үшін алғыс хатпен марапатталды.  

Саран қаласының әкімі Ержан Темирханов  Қазақстан Республикасы Парламент Мəжілісінің депутаты Юрий Жулинге шаһар тарихы баяндалған кітапты сыйға тартты.

   

 

Дина ӘБДІҒАЛИЕВА

Суреттерді түсірген:

Камила ОСПАНОВА