Бүгін: 17.09.2024
Тіркеу: Қазақстан Республикасы Ақпарат және коммуникациялар министрлігінде. 2017 жылғы 18 қаңтардағы No 16307-G куәлік (1999 жылғы 16 қыркүйектегі № 869-G алғашқы тіркеу нөмірі мен күні)

ОСЫ АПТАДА № 13 ЖАЛПЫ БІЛІМ БЕРЕТІН МЕКТЕПТІҢ ОҚУШЫЛАРЫ  ӘДЕБИЕТ ӘЛЕМІНЕ ТЕРЕҢ ҮҢІЛМЕК.

№ 13 жалпы білім беретін мектепте 17-22 қаңтар аралығында Қарағанды облысы білім басқармасы Қарағанды облысында білім беруді дамытудың оқу-әдістемелік орталығының жоспарына сәйкес қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімдері мектеп кітапханасымен бірлесе «ХХІ ғасыр – сауатты ұрпақ ғасыры» атты оқу сауаттылығы апталығы өтуде. Апталықтың мақсаты – білім алушылардың танымдық қабілетін, функционалдық оқу сауаттылығын арттыру. 

Бүгінде аталмыш білім  ордасында барлық карантинтік талаптар сақтала отырып, оқушылар оффлайн режимде оқуда. Білім алушылар әдеттегідей мектепке жиналып, мектепішілік шараларға белсене қатысып, қызығушылықтарын танытуда. 

- Мектебімізде 17 қаңтар күні апталық аясында әрбір сыныпта жиындар өтті. Бұл жиындарда осы апталықтың ашылуын хабарлап, жалпы апталықтың жоспарымен таныстырдық, - деді қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімдерінің  әдістемелік бірлестік жетекшісі Эльмира Мардашева.

Сонымен қатар, дүйсенбі күні 8-9 сынып оқушылары арасында «Жалыңды жастар – жарқын болашақ» атты тақырып шеңберінде сынып сағаттары өтсе, 10-11 сынып оқушылары арасында челлендж ұйымдастырылды.

Келесі күн – жазба жұмыстарын, тест жұмыстарын орындауға арналды. Білім алушылар өздерінің зеректігін көрсетіп, әрбір шараға жауапкершілікпен қарады.  Жоғары сынып оқушылары «Жүйріктен жүйрік озар жарысқанда» тақырыбында эссе жазса, ортаңғы буын оқушылары «Quizizz» бағдарламасында тест жұмыстарын  және бастауыш сынып оқушылары бестік диктантын орындады. Ал, сәрсенбінің сәтті күні танымдық және зияткерлік сайыстармен қанықты.  2-cыныптарда «Жаңылтпаштан жаңылма», 7-сыныптарда «Мың бір мақал, жүз бір жұмбақ», 8 – сыныптарда «Сөз зерде» атты танымдық және зияткерлік сайыстары өтсе, 11 – сыныпта «Асыл сөз» тақырыбында шешендік өнер сайысы өткізілді. Берекелі бейсенбіде «Ұстаздық еткен жалықпас» тақырып шеңберінде іс-шаралар ұйымдастырылды. Өз атында тұрғандай бұл күні  ұстаздарға ерекше назар аударылды. Пән мұғалімдері арасында шеберлік сыныптары мен түрлі сайыстар өткізілді. 

«Кітап – өмір ұстазы» деп аталатын апталықтың келесі күнінде  бірінші сыныпта «Ертегілер елінде» сахналық қойылым, үшінші сыныпта буктрейлер, жоғары сыныппен буккроссинг өткізілмек. Сондай-ақ, Ғабиден Мұстафиннің туғанына 120 жыл толуына орай « «Қарағанды» романы авторы» тақырыбында сынып сағаты болады. 

Апталықтың соңғы күні өткізген жұманы қорытындылауға арналады. Оқушылар арасында «Кешегі және бүгінгі Қожа» тақырып аясында пікіралмасу, Ахмет Байтұрсынұлының туғанына 150 жыл  толуына байланысты кітап сағаты, Мұхтар Әуезовтің туғанына 125 жыл толуына орай «Мұхтар Әуезов – жазушы, ғалым, драматург» тақырыбында бірнеше тағылымды шаралар ұйымдастыру жоспарда бар.

- Негізі бұл апталықта әрбір күнге атау берген. Бірінші күні оқу сауаттылығының ашылуы болса, екінші күн «Функционалдық сауаттылық – тұлға қалыптастырудың жаңа жолы» деп аталды.  Үшінші күн «Оқу сауаттылығы және заманауи қоғам», төртінші күн «Ұстаздық еткен жалықпас», бесінші күн «Кітап – өмір ұстазы», алтыншы күн – апталықты қорытындылау күні.  Әрбір апта сондай тақырыпшалармен берілген, - деп атап өтті қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімдерінің  әдістемелік бірлестік жетекшісі Эльмира Мардашева.

№ 13 жалпы білім беретін мектепте келесі аптада математика бағытына басымдылық берілетін болмақ.

Дина ӘБДІҒАЛИЕВА