Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың мәлімдемесіне пікір
Еліміздегі төтенше жағдайға және мемлекеттің дағдарысқа қарсы іс-шараларына байланысты Президент Қасым-Жомарт Тоқаев күні кеше мәлімдеме жасағанын білесіздер.
Президентіміздің мәлімдемесін толық тыңдап шықтым. Онда бүгінгі күні Қазақстанға өте қажет шешімдер қолға алынғалы тұр. Лайым берекелі, қайырлы болғай!
Карантин басталғалы көпшілікті толғандырып жүрген мәселелер қарастырылған екен. Қазіргі уақытта тек қазақ халқы емес, бүкіл әлем жұртшылығы кенеттен пайда болған індетпен күресіп жатыр. Әрине, осыған байланысты түрлі пікірлер, сараптамалар, болжамдар жасалуда. Бірақ бұл саяси не басқа да бір жағдайларға байланысты емес, тосыннан пайда болған індет. Одан адамзат бірігіп құтылмаса, әлем үшін індеттің алдын алу қиын болады.
Осы ретте кешегі Мемлекет басшысының да еліміздегі азаматтарға қаржылай қолдау көрсетілетіндігін айтқаны қуантады. Жалпы осы уақытқа дейін елімізде ресми жұмыс істеп, бірақ жұмысынан айырылғандарға көмек көрсетілсе, енді жалпы жұмыссыз азаматтардың барлығына қаржылай көмек көрсетілмек. Бұл, меніңше, азаматтарымыз үшін үлкен қолдау, көмек болады.
Ал біз, қазақстан халқы осындай қысылтаяң сәтте бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарып, ауызбіршілік танытуымыз керек. Ешқандай алып-қашпа әңгімелерге бой алдырмай, бейбіт елде дүрбелеңге жол бермеуіміз керек. Індет күшейген сайын онымен күрес те қиындай түсетіндігін ескере отыра, әрбір азамат өз отбасының және халықтың алдындағы жауапкершілігін терең сезінуі тиіс.
Әрқайсымыз өз отбасымызға індет жұқтырмауды, аман алып қалуды ойлауымыз керек. Отбасы мүшесінің бірі ауырса, дереу дәрігерге қаралған жөн. Сондықтан барша Қазақстан халқынан жауапкершілікпен қарап, тазалықты ұстанып, індеттен сақтануды өтінемін.
Еліміз аман болсын, ұдайы бейітшілік заман болсын!
Шапағат Қосшығұлов,
«Саран газетінің» тілшісі