Сегодня: 21.11.2024
Регистрация: в Министерстве информации и коммуникаций Республики Казахстан. Свидетельство №16307-Г от 18.01.2017 года (номер и дата первичной постановки на учет №869-Г от 16.09.1999 года)

Бүкіл әлемге жайылып, күннен күнге өршіп бара жатқан қауіпті індеттің белең алып тұрған кезінде Ел Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы халық үшін қолдан келер барлық жағдайларды жасауда. Күні кеше тікелей эфирден мәлімдеме жасап, барша қазақстандықтарды шыдамдылық пен төзімділік танытуға шақырды.
Төтенше жағдай дер кезінде жарияланса да, біздің елімізде де ауру жұқтырғандар саны күн санап өсуде. Оның басты себебі кез келген мәселеге салғырттықпен қарайтын жандардың қауіпсіздік шараларын сақтамауынан болып отыр.

Жұмыс уақыты барынша қысқартылып, қашықтан жұмыс істеу мен оқытуға мүмкіндік берілсе де, «Мен Сіз үшін жұмыста қалдым. Сіз мен үшін үйде болыңыз!» деген, бүгінгі күні осы дертпен күн-түн демей күресіп жатқан ақ халатты абзал жандардың өтінішін құлақтарына ілмей жүргендер де жетерлік.
Қауіпсіздік шараларын сақтамай, ел арасында әрі-бері қатынап жүргендер бүкіл елдің болашағына балта шауып жатқандарын түсінбейтіндей. Кей ата-аналар балаларын аулаларға қараусыз жіберіп, олардың осы кеселді жұқтырып алу мүкіндігін ескермеуде. Қызмет көрсету орындарында жүрген мамандардың өзі бетперде тағу, қолғап кию сияқты қарапайым талаптарды орындамай, бұл дерттің қаншалықты қауіптілігін естен шығаруда.
Президентіміз инфляцияның артуына байланысты зейнетақы, мемлекеттік жәрдемақы және атаулы әлеуметтік көмек мөлшерін 10 пайызға индексациялау, табысынан айырылған азаматтарға ең төменгі жалақы мөлшерінде қолдау көрсету, әл-ауқаты төмен сегіз жүз мыңнан астам адамға тегін азық-түлік беру, шағын және орта бизнес өкілдерін 1 қазанға дейін салықтан босату, ауылшаруашылығымен айналысатын кәсіпкерлерге көмек ретінде 70 миллиард теңге бөлу, жанармайдың нарықтық бағасын он бес пайызға арзандату сияқты маңызды шараларды қолға алып жатқанда еліміздің әрбір тұрғыны өзінің Отан алдындағы жауапкершілігін жете сезінуі қажет.
Осы мәселені әсіресе халықты азық-түлікпен қамтамасыз етіп жатқан кәсіпкерлер ескерсе нұр үстіне нұр болар еді. Өйткені індет таралған сайын, азық-түлік бағасы да күн санап өсуде. Адамның адамгершілігі ел басына іс түскенде танылады емес пе? Сондықтан ар-намысымызды сақтап, қалта қамын ғана ойламай азаматтық борышымызды өтейік! Халқымыздың амандығы үшін қолымыздан келгенше осы қиын-қыстау кезеңде бір-бірімізге қолдау көрсетейік!
"TilKZ" жекеменшік мекемесінің директоры
Б. Жарылғапова