Денсаулықтан басқа мәселелердің бәрі кейінге ысырылып, халықтың көңіліне үрей ұялаған қазіргідей шақта Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлының «Бірлесе білген ел бәрін жеңеді» атты мақаласы көңілге үміт отын ұялатқандай. Әдетте жұрт көңілі алаң осындай кезді ел ішіне үрей таратып, байбалам салушылар өз мүддесіне пайдалануға тырысатыны айдан анық жағдай. Сондықтан Нұрсұлтан Әбішұлы айтқандай, сондай азғырынды, арзан әңгімелерге еруден сақ болған жөн.
Халқына шын жаны ашып, елінің болашағын ойлайтын адам бос айғайға салынбай, қолынан келгенше қиын-қыстау жағдайда еліне көмек қолын созар еді. Билік басындағыларға көңілі толмай, істің ақ-қарасын ажыратпай, біреуді қаралағанша, «елім маған не береді?» деген сұрақтың жауабын емес, «мен еліме не беремін?» деген сұрақтың жауабын өзінен іздер еді. Ендеше, билік басындағылардан емес, ел ішіне іріткі салғаннан басқа қолынан ештеңе келмейтін, өзінен басқа ешкімге көңілі толмайтын қуыс кеуде жандардан сақтанайық! Ердің құнын екі ауыз сөзбен шешкен Досбол шешен: «Мен досымнан қорықпаймын, көп болса – сатар. Дұшпанымнан да қорықпаймын, көп болса – атар. Бәрінен де жақсылығыңа қуанбайтын, жамандығыңа қайғырмайтын адамдардан қорқамын, бейтарап жатар», - деген екен. Сол себепті әрқайсымыз арандатушы жандардың сөзіне ермей, сабырлық танытып, бойдағы үрейді жеңіп, бос уақытымызды пайдалы іске жұмсайық! Талай қиындықты бастан кешіп, тәуелсіздікке қол жеткізген халқымыз бұл сынақтан да сүрінбей өтеді деп сенейік. Елбасының «Қиындыққа қайыспай, белімізді бекем буып, береке-бірлігімізден айрылмайық!» деген аталы сөзін үнемі жадымызда сақтасақ, қатерлі дертті де бірге жеңерміз.
"TilKZ" жекеменшік мекемесінің директоры
Б. Жарылғапова