АҚТАС КЕНТІНІҢ 94 ОҚУШЫСЫ «ЖАС ҰЛАН» МЕН «ЖАС ҚЫРАН» ҰЙЫМЫНЫҢ ҚАТАРЫНА ҚАБЫЛДАНДЫ. АНТ ҚАБЫЛДАУ РӘСІМІ АҚТАС КЕНТІ МӘДЕНИ-САУЫҚ ОРТАЛЫҒЫНЫҢ ҮЛКЕН залында ӨТТІ. САЛТАНАТТЫ ШАРА ЕЛ ТӘУЕЛСІЗДІГІНІҢ 30 ЖЫЛДЫҒЫНА ОРАЙЛАСТЫРЫЛДЫ.
«Жас ұлан» балалар мен жасөспірімдер ұйымы қазіргі таңда респубдикалық қоғамдық бірлестігі. Елбасымыздың бастауымен құрылған болатын. «Жас ұлан» ұйымына кірген балалар, өскелең ұрпақ адами құндылықтарға және тәрбиеге, сонымен қатар, патриоттық сезімге үйренеді. Салтанатты шарада Ақтас кенті мәдени-сауық орталығының қабырғасында кенттегі мектептердің 94 оқушысы «Жас ұлан» ұйымына қабылданды.
Биыл «Жас ұланның» құрылғанына - 10 жыл. Жыл сайын олардың қатары артып келеді. Бірыңғай «Жас Ұлан» және «Жас Қыран» балалар мен жасөспірімдер ұйымының қатарына мектеп оқушыларын қабылдау рәсімі республикада жылда аталып өтеді.
«Бүгінгі күні Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығына орай, Ақтас кентінің бірнеше мектептерінің оқушылары, атап айтсақ, 13-ші және 16-шы мектептерінің ең үздік, ең үлгілі, мықты деген оқушылары жиналып, «Жас ұлан» ұйымының мүшелігіне қабылданып отыр»,- деді Ақтас кентінің әкімі Бауыржан Ақанов.
Айбынды Әнұранымыз шырқалғаннан кейін ортаға «Бірыңғай «Жас Ұлан» балалар мен жасөспірімдер ұйымы» республикалық қоғамдық бірлестігінің туы енгізілді. «Атамекен» әнінің ырғағымен «Жас ұлан» ұйымына қабылданатын Ақтас кентінің озат та үлгілі 94 оқушысы төрге шықты. Салтанатты жиынға дайындық рапорты қабылданған соң, аталмыш жиынның ең жауапты сәті ант қабылдау рәсіміне кезек келіп жетті. Ақтас кентінің үздік оқушылары мемлекеттік рәміздерді құрметтеуге, туған елін, жерін, Отанын мақтаныш етуге, ата-аналарын қадірлеуге, үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсетуге, білімге табандылықпен ұмтылуға, салауатты өмір салтын ұстануға, табиғатты аялауға ант берді.
Одан кейін Ақтас кентінің әкімі Бауыржан Заруханұлы мен «Nur Otan» партиясының Саран қалалық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Нұргүл Тәжібаева «Жас қыран» ұйымына қабылданған оқушыларға төсбелгілерін тағып, ұландар қатарына қабылдады.
Балалар қоғамдық бірлестіктің әнұранын орындағаннан кейін кезек Тәуелсіздік мерекесіне арналған концерттік бағдарламаға берілді. Ақтас кентінің өнерлі жастары рухты өрлетер әндерді тамылжыта шырқап, биші қыздар мың бұрала билеп берді.
Салтанатты шараның қорытынды бөлімінде Ақтас кентінің әкімі Бауыржан Заруханұлы мен «Nur Otan» партиясының Саран қалалық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Нұргүл Сәбитқызы жиылған көпшілік алдында тәуелсіздігіміздің ата-бабамыз армандаған асыл армандарының бірі екенін алға тартып, осы арманға жету жолында сан ғасырлар бойы қаншама батырларымыз, ер жүрек апа-ағаларымыз елін, жерін қорғау мақсатында оққа ұшқанын тілге тиек етті.
Кешті қорытындылаған ұйымдастырушылар қолдау көрсеткен әріптестеріне, ата-аналарға алғысын айтып, қонақтарға естелік сыйлықтарын табыс етті. Мәнді де мағыналы кештен зор әсер алған қонақтар мен ата-аналар, жиналған көпшілік естелік суретке түсіп тарқасты.
Шапағат ҚОСШЫҒҰЛОВ