Сегодня: 23.11.2024
Регистрация: в Министерстве информации и коммуникаций Республики Казахстан. Свидетельство №16307-Г от 18.01.2017 года (номер и дата первичной постановки на учет №869-Г от 16.09.1999 года)

САРАН ҚАЛАЛЫҚ МӘСЛИХАТЫНЫҢ ХАТШЫСЫ ӨМІРЖАН БАЙМАҒАНБЕТОВ АРДАГЕР-ДЕПУТАТ, ҚАДІРЛІ АҚСАҚАЛ, ҚАЛАМЫЗДЫҢ ҚҰРМЕТТІ АЗАМАТЫ БОЛАТ ЕШМАҒАМБЕТОВТІ 86 ЖАСҚА ТОЛУЫНА ОРАЙ ТУҒАН КҮНІМЕН ҚҰТТЫҚТАП БАРҒАН БОЛАТЫН.

Өміржан Зейнешұлы бастап барған мәслихат қызметкерлері мен БАҚ өкілдерінен құралған делегация Болат Ешмағамбетұлының үйіне арнайы барды. Туған күн иесіне құттықтау хаты мен сыйлықтар табыс етті. Өміржан Зейнешұлы ұзақ жылдар мемлекеттік жемісті еңбек еткен Болат Ешмағамбеотвке Саран қаласының әкімі Ержан Темирхановтың атынан құттықтау хатын табыс етіп, ұзақ ғұмыр, отбасына береке мен ырыс тіледі.

Болат Ешмағамбетұлы 1934 жылы 23 ақпанда Көкшетау облысы, Рузаев ауданы, Жаманшұбар ауылында шаруа отбасында туған.

Бастапқы білімін колхоз мектебінде, орта білімді мектеп-интернатта алады.

1953 жылы Қарағанды металургия-кен, қазіргі политехникалық институтына түсіп, 1958 жылы – жерасты инженері- электромеханик мамандығын алып шығады.

Жолдамамен «Ленуголь» тресіне қатысты, «19-ы негізгі» шахтада жұмыс істейді. 1960 жылы «Қарағандыкөмір» комбинатының бұйрығымен № 101 шахтаға ауысады, кейіннен Соқыр шахтасында автоматизация инженері жұмысын атқарады. Бұл жерде участок механигі, бас механиктің орынбасары, кәсіподақ комитетінің төрағалығына дейін көтеріледі.

1973 жылы Саран қалалық халық депутаттары кеңесінің атқару комитеті төрағасының орынбасарлығына сайланады. Қалалық халық депутаттары кеңесіне депутаттыққа бірнеше рет сайланады. Аталған қызметті 17 жыл атқарып, 1991 жылы «Соқыр» шахтасына, директордың көмекшісі қызметіне ауысады.

1996 жылы Саран қаласы әкімінің кеңесшісі, 1996 жылы – Саран қалалық мәслихатына депутаттыққа сайланады, кейін мәслихаттың бірінші сессиясында – мәслихат хатшысы болып сайланды.

2003 жылы үшінші шақырылым депутаттығына – қалалық мәслихат хатшылығына қайта сайланады.

«Құрмет белгісі», 1, 2 деңгейлі «Шахтер даңқы» ордендері, «Ерекше еңбегі үшін», «Еңбек ардагері» медалімен, «Ерен еңбегі үшін» медалімен, «Қазақстан Республикасы Парламентіне 10 жыл», «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 10 жыл», «Қазақстан Республикасының Конституциясына 10 жыл» мерейлі медальдармен, министрліктер мен ведомствалардың Құрмет грамоталарымен марапатталған.

Ғұмырының тең жартысын халыққа қызмет ету саласына арнаған қария бүгінгі күннің өзінде әлі де тың. Жастарға ақыл-кеңесін айтып, тәжірибесімен бөлісіп отырады. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қартын ардақтай білген елдің рухы үстем, шаңырағы биік» деген тағылымды сөзі еріксіз ойға оралады. Елімізде қарияларды құрметтеу, олардың еңбек жолдарын жастарға өнеге ету, ұрпақтар сабақтастығы жақсы жолға қойылған.

Бүгінде 86 жасқа келген еңбек ардагері Болат Ешмағамбетұлы сынды қарияларымыздың өмірі мен еңбек жолы жастарды отансүйгіштікке, еңбекқорлыққа тәрбиелеуде маңызы зор.

Еліне қызмет еткен көнекөз қариялардың еңбегі еш ұмытылмақ емес. Бұл жолғы шара бір жағынан ардагерді туған күнімен құттықтау болса, екінші жағынан ондай жандардың ерен еңбектерін бүгінгі ұрпаққа дәріптеу.

Шапағат

 ҚОСШЫҒҰЛОВ

Суретті түсірген автор