Сегодня: 21.11.2024
Регистрация: в Министерстве информации и коммуникаций Республики Казахстан. Свидетельство №16307-Г от 18.01.2017 года (номер и дата первичной постановки на учет №869-Г от 16.09.1999 года)

Қоғамдық  тәртіпті сақтап, қылмыспен күресу жолында аянбай қызмет етіп, темірдей тәртіп орнатып жүрген жамбылдық полиция қызметкерлері өздерінің сегіз қырлы, бір сырлы екендіктерін көрсетіп, өнер додасында бақ сынасты.

Абай Құнанбаевтың 175 жылдық мерей тойына арналған «Абай оқулары» облыстық байқауына Қарағанды, Саран, Теміртау қалаларынан келген қатардағы учаскелік полициядан бастап, арнайы жедел бөлімінің қызметкерлері де қатысып, ақынның шығармаларын оқыды.

Байқау ағымдағы жылғы 25 ақпанда Қарағанды облысының ПД ішкі және сыртқы коммуникациялар басқармасының мұрындық болуымен және Саран қаласының тілдерді дамыту орталығының ұйымдастыруымен Саран қалалық полиция бөлімінің ғимаратында өтті. Ондағы мақсат Ұлы ақынның өлеңдері мен шығармаларын орындауды тек қоғам белсенділері мен зиялы қауым арасында ғана емес, сонымен бірге, құқық қорғау қатарындағы қауымды да қамту.

Ал игі шараның шымылдығы Саран қалалық полиция бөлімі қызметкерлерінің орындауындағы Абай атамыздың «Көзімнің қарасы» атты әнімен ашылды. Алғашқы құттықтау сөзін Қарағанды облысының ПД бастығының орынбасары, полиция полковнигі Қайыркен Әлиевке алып, қатысушыларға сәттілік тіледі.

«Рухани жаңғыру» бағдарламасының аясында ұйымдастырылған байқау екі кезеңнен тұрды. «Заманауи көзқарас» бөлімінде қатысушылар Абайдың қара сөздерінің біреуін таңдап, онда айтылған ойды өз пікірімен ұштастыра отырып баяндаудан сынға түссе, «Жүрегімнің түбіне терең бойла» бөлімінде ақынның өлеңдерін нақышына келтіріп оқып беруден сайысты.

Бірі қолына үкілі домбырасын алып, шарықтата ән салса, енді бірі мәнерлеп өлең оқудан алдына жан салмады.

Көрікті ой мен кемел сөздің зергеріне айналған Ұлы Абайдың тәлім-тәрбиеге толы Қара сөздерін, өлеңдерін мәнерлеп  оқып, көрермендердің көзайымына айналды.

Әдетте заң талаптарының қағидасымен қатқыл өң танытып жүрген тәртіп сақшылары байқау барысында өнерге деген ілтипатын танытып, өнерден құр алақан еместіктерін танытты. Қоғамдық тәртіпті күзетіп, бұзақыларды түзетіп жүрген Полиция қызметкерлері бұл байқауда дәстүрлі өнерпаздардан кем түспеді. «Өнерліге өріс кең» демекші, «Көзімнің қарасы», «Жігіттер, ойын арзан, күлкі қымбат», «Ғылым таппай мақтанба» және тағы да басқа өлеңдері мен әндерін нақышына келтіре шырқап, көрермендердің зор қошеметіне бөленді. Қазылардың қатал сынынан өтіп, әділ бағаларын да алды.

Әдебиет әлеміне қадам басып, ондаған қатысушының ішінен топ жарып Абайдың өлеңдерін мүдірмей, мәнерлеп оқып, көркем сөзбен көрікті ойын жалғаған Қарағанды облысының ПД Теміртау ПБ Шығыс полиция бөлімінің жергілікті полиция қызметі учаскелік полиция инспекторы полиция майоры Асқар Әуесхан өзгелерден оқ бойы озық көрініп, топ жарып, үздік деп танылды.

2-ші орын Қарағанды қаласының ПБ криминалдық полиция бөлімінің аға жедел уәкілі полиция капитаны Айсауле Жеңісқызына бұйырды.

Ал, Қарағанды қаласының ПБ Орталық ПБ ішкі және сыртқы коммуникациялар тобының жетекші маманы Гүлназия Құралбек жүлделі 3-ші орынды иеленді.

Барлық қатысушылар алғыс хаттармен марапатталды. Жалпы байқау жоғарғы деңгейде өтті. Алдағы уақытта да Абайдың рухани мұрасын насихаттауда Қазақстан полицейлері өзіндік үлесін қоса беретініне сеніміміз мол.

Шапағат ҚОСШЫҒҰЛОВ