Осыдан бір ай уақыт бұрын қаламызда тұңғыш рет «Ғибратты ғұмыр» атты тың жоба, игi бастама қолға алынған болатын. Оның алғашқы қонағы атанып, шымылдағын түрiп, тұсауын кескен Арқаның ақтаңгерi, айтыскер ақын, жыршы-термешi Дидар Қамиев болды.
Бұл туралы қаламыздың осы шараға қатысқаны да, қатыспағаны да, иə болмаса телефонына телмiрiп, ғаламтор желiсiне желiмдей жабысқаны да, жабыспағаны да, бəрi-бəрi бiледi.
Игі шара өткен аптада жалғасын тауып, оның кезекті құрметті қонақтары ақындық пен серілікті, аңшылық өнерді үлкен жүрегіне қатар сыйғызып, сан өнерімен елдің, халқының ықыласына бөленіп жүрген айтыскер ақын, республикалық, халықаралық көптеген айтыстардың жүлдегері, жырау, ұлағатты ұстаз Тілеген Әділов пен дәстүрлі әнші, республикалық дәстүрлі әндерден өткен барлық байқаулардың лауреаты, Қали Байжанов атындағы концерттік бірлестіктің әншісі Медет Осатаев атанған болатын.
Ондағы мақсат өлкеміздегі халықтың ыстық ықыласына бөленіп жүрген қаламгерлеріміздің өрнегі мол жырларын оқуға насихаттау, олардың өнегелі өмір жолдарын өскелең ұрпаққа өнеге тұтып, жастардың кітап оқуға құлшынысын және еліне, жеріне деген сүйіспеншіліктерін арттыру.
Сонымен қатар облысымыздың мәртебесін көтеріп жүрген абыройлы азаматтардың жаңа қырларын танып білу, оқушыларға үлкенді сыйлауға, олардың балалық шағымен өз өмірін салыстыра отыра, өмірге, адамдар арасында болатын түрлі жағдайларға баса назар аударып, олар игерген мамандық түрлерін біліп, түсініп, өз бетінше ой қалыптастырып, жаңа өмірге, мамандыққа, бейімділікке тәрбиелеу.
Іс-шара сырлы сұхбат, ашық әңгіме форматында өтті. Құрметті қонақтар балғын балалық шақтарындағы, қызығы мен шыжығы мол студенттік кездеріндегі және өнер жолында жүрген кездеріндегі орын алған ең қызықты оқиғаларымен бөлісті. Ақындық пен серілікті қатар арқалап жүрген Тілеген Әділов ағамыз өзінің ақындығы жайында сырлы әңгімелерімен бөлісіп, тыңдарманға сиясы кеппеген біраз өлеңдерін оқып берсе, дәстүрді берік ұстанған дәстүрлі әнші Медет Осатаев қазақтың өнегесі мен тағылымы мол әндерін әуелете шырқады.
Емен-жарқын әңгіме барысында айтыс аламанының хас тұлпары Тілеген Әділов пен дәстүрлі ән өнерін арқалаған арқаның арқалы әншісі Медет Осатаев жастарға ілкімді ойларын айтып, бағыт-бағдар берді.
Басқосу соңында Саран қаласының білім бөлімінің басшысы Назир Жәшібеков пен Абай Құнанбаев атындағы Саран гуманитарлы-техникалық колледжінің қазақ бөлімінің меңгерушісі Ақмарал Күнеділова, қалалық тіл орталығының директоры Гүлнара Сағындыққызы Тілеген Әділов пен Медет Осатаевтың шығармашылығына ерекше табыс тілеп, өзекжарды тілектерін жаудырды.
Сонымен қатар, олар кеш қонақтарына сый-сияпаттарын тапсырып, құрмет көрсетті.
Ал Тілеген аға мен Медет Осатаев өз кезегінде жиналған қауымға ризашылықтарын білдіріп, мектеп ұжымы мен Саран жұршылығына ақ тілегін арнап, ниет білдірген көрермендермен естелікке суретке түсті.
Рас, рухани азық беретін осындай шаралар ел ертеңі болашақ жастар үшін ауадай қажет, әсіресе жастардың патриоттық сезімдерін шыңдауға септігін тигізері хақ. Неге десеңіз, қазіргі уақытта Елбасы бастап, ел қоштап рухани жаңғырамыз деп жатырмызғой. Ал сол рухани жаңғыру ұлттық құндылықтарда, салт-дәстүрде, ұлттық өнерде жатқандығын ескерсек, бұл игі шараның бесіктен белі енді шыққан жас буын мен орта буын өкілдеріне берер ғибраты мол. Басқосуда ел татулығы, бірлік пен тұтастық ұғымдары туралы маңызды ақпараттар айтылды.
Бірақ, «Айтпаса - сɵздiң атасы ɵледi» дейдi дана халқым. Мiне, осы айтпаса болмайтын бiр мəселе қалып қойып отыр тасада. Қазақта жақсы сɵз бар: -Тектiнiң ұлы ɵсиет iздейдi, Тексiздiң ұлы ɵсек iздейдi, - деген. Мақсатым, осы өсиет іздеген текті ұрпақ жайында да айта кету. Мен осы «Ғибратты ғұмыр» жобасы туралы жазған мақалаларымда көбіне кеш қонақтары жайлы жазған болатынмын. Əттегенайы, соны жазу барысында бiр жақсы жандар туралы сөз қозмалмағаны. Естерiңiзде болса мақаламның басында аталған жобаның бастамашысы, яғни идея авторы қалалық бiлiм бɵлiмiнiң əдiстемелiк кабинетiнiң меңгерушiсi Сəулеш Шаймұрат деп жазған болатынмын. Ол рас əрине. Бiрақ Сəулеш апаймен қатар, тағы бiрнеше игі жақсыларды тізімге қоссам деп едім. Солардың қатарында № 4 жалпы білім беретін мектептің директоры Әділ Жакулаев, аталмыш мектептің ұйымдастырушы-ұстазы Ерік Еркенұлы және Абай Құнанбаев атындағы Саран гуманитарлы-техникалық колледжінің студенті Сəби Сәулет бауырымыз бар. Бұл аттары аталған игі жақсылар бiр жағынан бастамашы, екiншi жағынан манағы жобаны ұйымдастырып, басы-қасында жүрген бiрден бiр жандар. Жас болса да, ойымен, ісімен орта буын өкілдерінің бiразынан оқ бойы озып тұрған парасатты жастар. Ал Сәби бауырымыздың жасы небары 18-де.
«Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» дейдi атам қазақ. Ендеше ɵсек iздеген тексiздердiң емес, осы бауырларымыз секiлдi ɵсиет iздеген тектiлердiң қатарынан болайықшы ағайын.
Шапағат
ҚОСШЫҒҰЛОВ