Мемлекетімізде бірнеше этностар бір шаңырақтың астында тату-тәтті өмір сүріп жатыр. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев іргетасын қалаған салиқалы саясатты асқан ақылмандықпен үйлесімді жалғап әкетуінің арқасында ұлтаралық келісім мен тұрақтылық әлі Ұлы дала елінің айнасы іспеттес.
Айтулы мереке 1-ші мамыр Қазақстан халқының бірлігі күніне орай біз шаһардағы «Жас отау» этномәдени қоғамдық бірлестігінде қонақта болып, оның жетекшісі Нұржамал Алдаңғорқызы Кернебаевамен сұхбат құрып, бірлестіктің тынысымен тыныстап, табысын тамашалап қайтқан едік.
– Сөз бастамас бұрын, алда келе жатқан Қазақстан халқының бірлігі күнімен құттықтауға рұқсат етіңіз? Сіз үшін бұл мереке қаншалықты маңызды?
– Ынтымақтан асқан ырыс, бірліктен асқан береке жоқ. Алты құрлық алауыз болып жатқанда бейбітшіліктен артық бағалайтын несі қалды? Мен үшін ғана емес, күллі қазақстандықтар үшін маңызды деп ойлаймын бұл мереке. Сондықтан, қос жанарым қаншалықты маңызды болса, ұлт пен ұлтты, ұлыс пен ұлысты жақындастыра түскен бұл мейрамды да солай бағалаймын. Ел іргесі ең алдымен осы татулық пен бірлік негізінде қаланады ғой. Ендеше, осындай бейбіт мемлекетті қалыптастырып, азаматтарымызды айрандай ұйытып отырған басшылардың ерен еңбектерін де ерекше атап өту қажет.
– Өткенсіз болашақ жоқ демеуші ме еді? Нұржамал Алдаңғорқызы, «Жас Отау» этномәдени қоғамдық бірлестігі қашан және қандай мақсатта құрылды?
– Қазақстанның асқаралы асулардан асып, әлемге бейбіт тіршілікті сақтауды үлгі еткен ел ретінде танылуында Елбасының ықпалымен бірге сан түрлі ұлттар мен ұлыстардан құралған халқымыздың берекелі бірлігі де зор маңызға ие. Бүгінде Ассамблея ұлтаралық келісім мен татулықты нығайтуға септігін тигізіп келеді. Ал оның жанындағы қоғамдық келісім кеңестері қоғам өкілдері санасатын пікірталас алаңына айналды. Оған аймақтардағы елдегі бірлік пен татулықты нығайтуды көздеген қоғамдық келісім құрылымдары да үлесін қосып келеді.
Еліміз тәуелсіздік алғаннан бергі аралықты талғам таразысына салар болсақ, этносқа бай еліміз бірлігін сақтай отырып, өркениет көшінен қалыс қалмай келеді. Нәтижесінде, еліміз дамудың өзіндік даңғыл жолына түсіп, әлемдік елдер қатарынан өз орнын алуға ұмтылуда.
Еліміздің барлық этностар арасындағы шынайы келісім мен бірлікте тұрмыс кешуі, ең алдымен, қазақ халқының ата дәстүрі мен табиғи кеңпейілі, ұлттық ділінің кеңдігімен байланысты екені айтпаса да түсінікті.
Бірлестіктің негізі сонау 2008 жылдары қаланғантын. Сол жылы осы мәдениет үйінде ұлт арасындағы бірлікті, қоғамдық келісімді нығайту, ғылыми-сараптамалық, қоғамдық-көпшілік және ақпараттық жұмыстарды жүргізу мақсатында ұлттық мәдени орталық құрылған болатын. Ондағы мақсат қазақтың ұлттық мәдениеті мен тілін сақтауды және дамытуды, сондай-ақ, жастардың рухани жандануын, оған қоса ұлттық сананы, діннің, этникалық дәстүрлердің дамуын көздегенбіз.
Ал оған дейін мен негізі мектепте істедім. 2004 жылдар болуы керек шатаспасам, қаладағы № 17 мектептің қабырғасынан Саран қаласының 50 жылдық мерейтойына орай өлкетану мұражайын ашқан болатынмын. Осы жерге келгенге дейін сол мұражайды басқарып, соның жұмысын жүргізумен айналыстым. Алғашында біраз қиындау болды. Мұражай ашу оңай ма! Кез келген істі бастағанда оның өзінің бір азды-көпті, ірілі-ұсақты қиыншылықтары мен машақаты боладығой. Сол секілді мұрағат жинау ісі де оңайға соқпады басында. Десекте соншама қиындықтарды еңсеріп, біршама қыруар жұмыстар атқардық. Облыстық архивті ақтарып, қаламыздың тарлан тарихы туралы тың ақпараттар жинастырдым. Осылайша манағы өлкетану мұражайымыздың жұмысын тәп-тәуір жүргізіп отырғанымда, әкімдіктен ұлттық мәдени орталықты басқару туралы ұсыныс түсті. Әкімдімдігі бар, мына мәдениет үйіндегі басшылар бар, барлығы қолқа салып, осы ұлттық орталықтың жұмысын жүргізу сіздің қолыңыздан келеді деген соң, бас тартпадым. Бірден келісе кеттім. Міне, «Жас Отау» этномәдени қоғамдық бірлестігіне жетекшілік етуім осылайша басталған болатын.
Содан жаңағы ұлттық мәдени орталығымыз 2011 жылдың 18 шілдесінде мемлекеттік тіркеуден өтіп, әп-сәтте «Жас отау» этномәдени қоғамдық бірлестігі болып өзгеріп шыға келді. Бірлестік жұмыс жасау барысында Қазақстан Республикасының Конституциясын, Қазақстан Республикасының заңдарын, Қазақстан Республикасының «Қоғамдық бірлестік туралы» заңын, Президент жарлығын және Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысын басшылыққа ала отырып әрекет етеді. Ал мақсатына келетін болсақ, еш өзгермеді. Бағана айтып өткенімдей, қазақтың ұлттық мәдениеті мен тілін сақтауды және дамытуды, сондай-ақ, жастардың рухани жандануын, оған қоса ұлттық сананы, дінді, этникалық дәстүрлерді дамыту бағытында қызмет етіп келеміз.
– Орталық жалпы ұлттық тұрмысты сипаттайтын болғандықтан, ұлт мәдениеті мен өнерін ел арасында асқақтатып жүргендеріңіз көпке мәлім. Сол жайында әңгіме өрбітсек.
– Барлық Орталықтардың басшылары Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшелері. Сол секілді менде Ассамблеяның мүшесімін. Сондықтан да біздің басты міндетіміз - аймақтағы әлеуметтік тұрақтылық пен ұлтаралық келісімді сақтауды қамтамасыз ету.
Мәселен, қазақ халқының салт-дәстүрлеріне құрметпен қарайтын этномәдени бірлестік төрағалары мен мүшелері, Саран шаһарында тұратын өзге ұлт өкілдері атаулы күндер, соның ішінде Наурыз мерекесі мен Амал мерекесін, Алғыс айту күнін, Тәуелсіздік мерекесін, Тұңғыш Президент күнін үлкен дайындықпен өткізуді дәстүрге айналдырып отыр.
1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күнін де этномәдени бірлестіктер жыл сайын ерекше атап өтеді. Бұл олар үшін ең маңызды, жарқын мерекенің бірі. Ол – достық пен өзара түсінушілік, бірлік мерекесі. Сондықтан мереке қарсаңында барлық этно-мәдени бірлестіктер қазақстандық рухани бірлікті қалыптастыру, отансүйгіштік сезімді арттыру және ұлттар достығының үлгісін паш етуде маңызды іс-шаралар ұйымдастырып, қазақ мәдениетінің барлық айшықтары мен әр халықтың ұлттық өнерінің өзіне тән ерекшеліктерін асқан шеберлікпен көрсетеді.
Сонымен қатар, этно-мәдени орталықтарының бір бөлігі – клубтар, орталықтар, үйірмелер. Сол себепті де қоғамдағы толеранттылықты, ұлтаралық қатынастарды және мәдени мұраны насихаттау мақсатында «Жас Отау» этномәдени қоғамдық бірлестігі шаһардағы бір ғасырға жуық тарихы бар білім ордасының қасиетті қара шаңырағы Абай Құнанбаев атындағы Саран гуманитарлы-техникалық колледжінің базасындағы клубтық ұйымдармен бірлесе отырып жұмыс жасайды.
Бізде жыл бойы әр түрлі іс-шаралар өткізіліп тұрады, олардың басты міндеттері қазақстандық патриотизмді тәрбиелеу, үлкендерді құрметтеу, ұрпақтар сабақтастығы, басқа ұлттардың мәдениеті мен дінін құрметтеу болып табылады.
Жұмысын бастаған уақыттан бастап «Жас отау» этномәдени қоғамдық бірлестігі жергілікті және облыстық деңгейдегі түрлі іс-шараларға қатысып, Қарағанды, Саран қалаларының тұрғындарын қазақ халқының «Шілдехана», «Бесікке салу», «Қырқынан шығару», «Тұсау кесу», «Құда түсу», «Келін түсіру», «Бата беру», «Отау көтеру» және т.б. осы секілді салт-дәстүрлері және әдет-ғұрпымен таныстырып келе жатқан жайы бар.
Бұдан бөлек, жоғарыда айтып өткенімдей біз Абай Құнанбаев атындағы Саран гуманитарлы-техникалық колледжімен тығыз байланыста жұмыс жасаймыз. Колледж жанынан ашылған клубтармен әр түрлі бағыттағы шаралар ұйымдастырып, өткізіп келеміз.
– Орталықта жастар мәселесіне көңіл аудару үйлесімі қандай?
– Жас отауда жастардың бойында шығармашылыққа деген талпынысты арттыру, хореография, әншілік өнердің кең ауқымда дамуына атсалысуды көздейтін шығармашылық іс-шаралар жиі өтіп тұрады. Оның өскелең ұрпаққа еліміздің басты байлығы – Қазақстан халқының достығы мен бірлігін дәріптеуге негізделуі түйсінген жанға өнеге. Оның үстіне біз ұйымдастырған іс-шаралардың тоқсан пайызы сол жастардың қатысуымен өтеді. Сонымен қатар, бағанағы колледждегі клубтардың бәрінде жастар жұмыс жасайды. Атап айтатын болсақ, «Жебе» әдеби-көркемөнер клубы, «Болашақ» студенттер клубы, «Қыз Жібек» студент қыздар клубы, «Аманат» жастарға арналған тарихи-өлкетану клубы, «Мұра» студенттерге арналған ән және поэзия клубы. Аталған клубтық ұйымдардың барлығының мақсаты бір. Ол - жастардың жеке тұлғалық қасиеттерін қалыптастыру; олардың қоғамдағы өз орнын анықтау, өзін-өзі дамыту және өзін-өзі тануға үйрету, соған бағыт-бағдар беру; жастарға жағымды әлеуметтік тәжірибе беру; өмірді бағдарлай білуге үйрету; сондай-ақ, олардың біздің қоғамның тең мүшелері болуларына үлес қосу. Ал аталған клубтардың басты міндеті студент жастардың шығармашылық белсенділіктерін дамыту; жастарды қаланың қоғамдық өміріне тарту арқылы жетістікке жетуге жағдай жасау; өмір сүру деңгейіне, мінез-құлық ережелеріне құндылық қатынасын қалыптастыру.
– Орталықтың жұмысына тоқталсақ. Қандай жоспарлар жүзеге асырылды? Алдағы уақыттың үлесі қандай?
– Этномәдени бірлестіктің қаланың мәдени өміріне белсене араласуы да өңірдегі бірлік пен берекені айшықтап тұр. Олардың руханиятқа қосып жүрген үлесі айтарлықтай зор. Таратып айтсақ, өткен жылғы «Жас Отау» этномәдени қоғамдық бірлестігімен Қазақстан мерейлі даталары циклынан «Мұрын жырау» атты іс-шара, «Кино және театр майталманы- Шәкен Айманов» атты кеш, «Ел мақтанышы Балуан Шолақ» атты кездесу кеші, «Театр айнасы- Әмина Өмірзақова» атты тәрбие сағаты, «Әбіш әлемі» атты әдеби кеш, «Ұлы даланың жалынды жастары» атты флешмоб, «Қазақ әдебиетінің ақсұңқары - С.Сейфуллин» атты тарихи-әдеби кеш, «Терроризм - қоғам қаупі» атты дөңгелек үстел, «Имандылық жүрекке ұяласа» атты танымдық сағат, «Тәрбие- білім бастауы» атты ашық сабақ, «Атадан қалған алғы сөз» атты шара, «Туған жер - алтын бесік» атты әдеби кеш, «Жат діни ағым және қазақ қыздарының тағдыры» атты дөңгелек үстел, «Мәңгілік елдің қыздары ибалы келеді» тәрбие сағаты, «Бүгінгі бойжеткен - болашақ келін» атты қыздар сайысы, «Махаббат мәңгі ертегі» атты әдеби-музыкалық кеш, «Туған жер - менің Атамекенім» атты іс-шара, «Деніңе саулық, дертіне шипа сыйлаған» атты Саран қаласының орталық ауруханасының дәрігерлерімен кездесу кеші, С. Ерубаевты еске алу құрметіне арналған «Арманның ақ желкені асқақтап» атты кеш, «Семей полигоны- тарихтың қасіретті беттері» атты оқырмандар конференциясы, «Менің сүйікті қалам» атты мәнерлеп оқу сайысы, «Туған жер тұғырым - Саран» атты Саран қаласының 65 жылдығына арналған әдеби кеш, «Жері байдың -елі бай» атты Қ.И. Сәтпаевтың шығармашылығына арналған іс-шара, «Ақиқатқа арналған ата - бабалар арманы» атты тарихи танымдық іс-шара, сонымен қатар, Нүркен Әбдіровтың 100 жылдығына арналған «Отан үшін- от кешкен ер» атты әдеби-музыкалық ісшара өткізілді. Бұл өткен жылғы межелеген жоспар бойынша атқарылған іс-шаралар тізбегі.
Биыл да осы қалыпта, осы бағыттағы жоспар бойынша жұмыс жасаудамыз. Дегенмен мына елдегі карантинге байланысты біршама өзгерістер орын алып жатқаны да бар. Десекте қашықтан жұмыс жасауға көшіп, жоспарда межеленген міндеттерді орындауға тырысып жатырмыз.
– Нұржамал Алдаңғорқызы, Этномәдени бірлестіктердің жұмысы халық тарапынан қалай бағаланып жүр?
– Жалпы, ұлттық-мәдени бірлестіктерді құрғанда олардың жетекшілері алға ұзақ мерзімді жоспар қойып, жұмыстар сол бойынша жүргізіледі. Мысалы, қала тұрғындары «Жас Отау» этномәдени қоғамдық бірлестігін, «Россиянка» славян халықтарының этномәдени қоғамдық бірлестігін, мына Ақтас кентіндегі «Ақ шаңырақ» және тартар-башқұрт халықтарының «Яқташлар» этномәдени қоғамдық бірлестіктерін, сосын «Видергебурт» облыстық неміс орталығының Саран қалалық филиалын жақсы біледі. Мерекелерде белгілі бір ұлттар мен ұлыстардың салт-дәстүрімен танысуға қызығушылық танытса, мекемелер, ұйымдар, оқу орындары этномәдени орталықтарды немесе солардың жанынан құрылған ұлттық ансамбльдерді үнемі шақыртып отырады. Бұл этномәдени қозғалысы жұмыстарының еш кетпегенін көрсетсе керек. Әр этномәдени бірлестік мүшесі мәдениет саласының өкілі саналатындықтан, олар Елбасының «Болашаққа бағдар: «Рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласындағы тапсырмаларды бұлжытпай орындап, оны жүзеге асыру жолында талмай, белсенді түрде еңбек етіп келеді.
– Сұхбатыңызға рақмет, орталықтарыңыздың өсіп-өркендеуіне тілектеспін!
Сұхбаттасқан
Шапағат ҚОСШЫҒҰЛОВ