Сегодня: 29.03.2024
Регистрация: в Министерстве информации и коммуникаций Республики Казахстан. Свидетельство №16307-Г от 18.01.2017 года (номер и дата первичной постановки на учет №869-Г от 16.09.1999 года)

Қазақстанның дамуында, оның рухани нығаюында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында көрсетілген «Рухани жаңғыру» бағдарламасын іске асыру үлкен маңызға ие. Бағдарламаның «Қазақстанның киелі жерлері» бағытында «мәдени-географиялық белдеу» туралы, осы белдеудің рөлі мен оған енетін орындар туралы жат идеологиялардың әсерінен қорғаныс ретінде, ұлттық мақтаныш ретінде әрбір қазақстандық білуі үшін оқу-ағарту дайындығын жүргізу қажеттігі туралы айтылған.

Мұндай оқу-ағарту жұмысында өлкетану мұражайларының орны ерекше. Осы мақсатта № 2 жалпы білім беретін мектебіндегі «Шаңырақ» тарихи-өлкетану бағытындағы музейдің жетекшісі Аяжан Күзенбаевамен ой бөліскенді жөн көрдік.

– Аяжан Қайруллақызы, музей қашан және қандай мақсатта құрылып еді?

– 2008 жылы мектебіміздің басшысы Хамитова Алма Халимқызының бастамасымен қазақ халқының салт-дәстүрін, әдет-ғұрпы мен тұрмыс-салтын жас ұрпаққа насихаттау, тілге деген жанашыр жас ұрпақ тәрбиелеу мақсатында «Шаңырақ» тарихи-өлкетану музейі құрылған болатын. Музейдің «Шаңырақ» деп аталуының өзінде үлкен мән жатыр. Кез келген қазақтың таным-түсінігінде шаңырақтың алатын орны ерекше. Шаңырақ деген не? Ол біз үшін үй, отбасы құндылықтарымен тығыз байланысты. Міне, осы себепті музейіміздің атауын «Шаңырақ» деп қойған едік.

Жалпы білім беру ошақтарындағы музейлер елжандылық пен азаматтықты тәрбиелеу орталығы, барлық халықтар үшін де «тарихи естелік кітабы» болып, оқу-тәрбие жұмысында маңызды орын алады. Бұл туристік-өлкетану жұмыстарына қатысты.

Өз өлкеңнің тарихын, оның ескерткіштерін тек біліп, сүйсініп жүру жеткіліксіз, оларды сақтап, қорғап, насихаттау қажет. Өткеннен қалған зор тарихи-мәдени құндылықтарымыз жас ұрпақ тәрбиесінің қайнар көзіне айналуы тиіс. Ал тәрбие құралы ретінде музей жұмыстарын да қолдануға болады. Музей тарихқа деген қызығушылық туғызып, бұрынғының естелігін сақтауға ұмтылдырады.

– Ашылған уақытынан бастап тарихи-өлкетану музейінде қандай іс-шаралар атқарылды?

– Білім ошақтарындағы музейлер – бұл құр түрлі заттар мен жәдігерлер жиынтығы ғана емес. Білім ордасындағы музей – тірі ағза, яғни оқушылардың, ұстаздардың ертеңгі күнге ұмтылған күнделікті шығармашылық жұмысы. Оны аз ғана уақытта өткен онжылдықтарға сапар шегуге мүмкіндік беретін «сиқырлы уақыт машинасы» сияқты көруге болады. Ол жай өткен мен бүгінгіні көрсетіп қана қоймайды, болашаққа да көз салуға мүмкіндік береді.

Біздің мұражайымыздың құрылғанына міне 12 жыл болды. Шаңырақ мұражайында біз көптеген іс-шаралар, кездесулер, сынып сағаттарын және қазақ тілі мен қазақ әдебиеті, тарих сабақтарында оқушылармен саяхат жасап, түрлі дәрістер, сабақтар өткіземіз. Сонымен қатар, Саран қаласының ұлттық мәдени орталықтары өкілдерімен, қаламыздың, Қарағанды қаласының беделді азаматтарымен мектеп оқушыларының кездесулерін өткізіп тұрамыз. Оқушылардың ой-өрісін кеңейту, дамыту, олардың танымдық қызығушылықтары мен қабілеттерін қалыптастыруда және баяндама, реферат, мақалалар жазып үйрету мақсатында оқушылармен көптеген жұмыстар атқарылады.

– Төл тарихымыз бен ұлттық идеологияны насихаттайтын мұражайда қанша және қандай экспонат сақтаулы? Онда сақталған жәдігерлердің салмағы мен маңызы туралы айтып өтсеңіз?

– Оның экспозициясы ұстаздар мен оқушылардың іздестіру-өлкетану жұмыстары кезінде жасалады. Біз өлке тарихын зерттеп, ардагерлермен кездесіп, іздестіру жұмыстарын жүргізіп, экскурсиялар мен экспедициялар ұйымдастырамыз.

Бұл ұсақ-түйек нәрсе емес! Еліміздің әр аумағында өзінің ұмытылмас тарихы бар, рухани, мәдени, тарихи киелі жерлері бар. Олармен танысу өз өлкеңнің тарихы мен мәдениетін, осының негізінде бүкіл Қазақстанның тарихы мен мәдениетін тереңірек білуге мүмкіндік береді.

Осы тұрғыдан солбасының өз бағдарламалық мақаласында «Өз Отаныңа – туған еліңе деген махаббат өзіңнің шағын отаныңа – ауылыңа деген махаббаттан басталады» деп ерекше атап өтті.

Одан әрі Нұрсұлтан Әбішұлы «Біз – ұлан-ғайыр жерді алып жатқан рухани тарихы бай елміз. Кей кездері біздің үлкен аумағымыз тарихта түрлі рөл атқарды. Бірақ халық арасында осы рухани-географиялық белдеудегі байланыс ешқашан үзілген емес. Алайда бар тарихымыз барысында осы мәдениет пен киелі жерлердің рухани мұрасы тұрғысынан маңызды сәттердің біртұтас тізбегін құра алмадық» деді. Сондықтан да ең танымал ескерткіштерді және көптеген өзге жерлерді «ұлттық санада бір жерге біріктіру» қажет. Олардың барлығы, мақалада көрсетілгендей, «біздің ұлттық бірегейлігіміздің негізін құрайды».

Бүгінгі таңда музей қорында қазақ елінің тарихын, ұлттық идеологияны насихаттайтын көптеген тақырыптық экспозициялар бар. Мұражай мектебіміздің екінші қабатында орналастырылғандықтан, осы қабаттың қабырғаларында ұлттық ойындар, ұлттық киімдер, қазақ халқының салт-дәстүрлері, қасиетті қара шаңырақ, қарға тамырлы қазақ жері, қазақ жерінің арыстары сынды тақырыптағы суреттермен безендірілген және аталған тақырыптарға байланысты мағлұматтар берілген.

Ал мұражай ішінде тарихи оқиғалар мен тарихта болған адамдар, яғни ұлы адамдар туралы, қазақ елінің хан, билерінің суреттерілініп, сол кісілер туралы ақпараттар берілген. Сонымен қатар, мұражайымызда көбінесе мектеп ұстаздары мен оқушыларымыздың қолымен жасалған әр түрлі туындылар қойылған. Олардың қатарында атаулы күндерге, түрлі мерекелерге арналып қолдан жасалған бұйымдар бар.

Музей экспонаттарын жасау – жай ғана жинақтау емес, арнайы жоспар бойынша мақсатты жинақтау. Музейде мектеп оқушыларының туристік өлкетану жұмыстарын сипаттайтын түпнұсқалық көрнекі-суреттеме және графикалық материалдар, құжаттар, альбомдар мен бейнелі немесе жазба түрдегі дереккөздер бар. Сондай-ақ аймақтағы балалар туризмінің дамуына өз үлестерін қосқан жекелеген тұлғаларға арналған экспозициялар мен стендтер ресімделген.

– Қазіргі таңда сіз жетекшілік етіп отырған музей ісі қандай бағдарламаға негізделген. Келген көрерменді қызықтыра алатындай экспозицияны ашатын қосымша қандай құралдар қолданылады?

– Мұражайдың негізгі жұмыстары «Рухани жаңғыру» бағдарламасына негізделген. «Рухани жаңғыру» адамның қандай болу керек екендігін және адамзаттың рухани санасын сақтау үшін не істеу керегін көрсететін бағдарлама болғандықтан осы бағытқа негізделіп жұмыс жасайды.

Сонымен қатар, қазақта «Отан отбасынан басталады» деген аталы сөз бар. Отанға деген сүйіспеншіліктің іргетасы алдымен туған жерге деген махаббаттан қаланады. Сондықтан туған жер бағдарламасын да қолданамыз. Осы бағдарлама аясында мектебімізде іс-шаралар жоспары құрылып, жұмыс жүргізіледі.

Аталған бағыттар бойынша «Ұлы адмның артында ұлы тәрбие бар» және «Бүгін қасиетті жерге қол тигіземіз» тақырыбындағы екі динамикалық көрме экспозициясы бар. Мұнда еліміздің киелі және қасиетті жерлері туралы ақпараттар берілген. Сонымен қатар, тарихта өшпес із қалдырған ұлы адамдардың өмірбаяны мен еңбектері туралы баяндалатын ақпараттар бар.

Бұдан бөлек, дала данышпаны Абай Құнанбаевтың 175 жылдығы мен Отырардан шыққан әлемнің екінші ұстазы Әбу Насыр Әл-Фарабидің 1150 жылдығына арналған мұғалімдердің қолымен жасалған Абайдың мұражайының бейнесі және Әл-Фарабидің шығармаларына байланысты бірнеше макеттер жасалынып, осы мұражайға қойылды.

– Музейге жетекшілік етіп біраз жұмыс жасап келесіз. Осы саламен етене таныс маманы ретінде еліміздегі музейлердің даму деңгейіне көзқарасыңыз қалай? Мен сұрақты неге қойдым. Себебі «Бізде музей мәдениеті қалыптаспаған» деген пікірді арагідік құлағымыз шалып қалады. Соған қарағанда қоғамның музей ісінің дамуына көңілі толмайтын секілді. Ал мәдениет пен руханияттың дамуына аталмыш саланың ықпалы зор.

– Бұл тұрғыда өлкетану музейлері сол бастапқы «кірпіш», бастапқы буын болып табылады, сол кірпіштер негізінде аймақтарда қолжетімді әдістермен рухани-мәдени санамыз бен елжандылығымыз қалыптасады. Сондықтан да барлық аймақ тұрғындары ол жерлерді балаларымен бірге барып көруі керек, сол арқылы балаларда өткеннің тарихи және мәдени, рухани құндылықтарына деген сыйластық сезімін қалыптастырамыз.

Ал жалпы алғанда Қазақстан қоғамындағы музей мәдениеті даму үстінде десек қателеспейміз. Әрине, Еуропаның, Азияның алдыңғы қатарлы елдеріндегі музей саласының деңгейіне жеткен жоқпыз. Музейдегі тарихи-танымдық көрмелер, дәрістер, кездесулер, тақырыптық экскурсиялар, әртүрлі форматтағы шаралар барлығы да музейге келушілер үшін жүзеге асырылуда. Сондықтан музей мәдениеті қалыптаспаған деп кесіп айтуға болмайды.

Сұқбаттасқан

Шапағат Қосшығұлов