Сегодня: 14.10.2024
Регистрация: в Министерстве информации и коммуникаций Республики Казахстан. Свидетельство №16307-Г от 18.01.2017 года (номер и дата первичной постановки на учет №869-Г от 16.09.1999 года)

 

Ұлы ақын Қадыр Мырза Әлінің «Нағыз қазақ қазақ емес, нағыз қазақ – домбыра» деген сөзінің зор мәні бар. Мұндай тұжырымның астарында қазақтың осынау киелі аспабын құрметтемеген, домбыра үніне елтімеген адамда қазақы қасиет жоқ деген ой жатыр. Мұндай жайтты өмірден көріп-біліп, ұшырастырып та жүрміз. Адамдардың бәрінің бірдей музыкалық қабілеті бола бермейді ғой. Ал қандай адам болсын музыканы сүйіп тыңдайды. Демек, музыка адамдардың рухани қорегі деуге болады. Ал өзге халықтар секілді қазақтар да өзінің ұлттық аспаптарын құрметтеп, ән-күйлерін тыңдап ләззат алады. Әсіресе, домбыраның үні естілгенде елеңдемейтін қазақ жоқ.

Бүгінде домбырасын жанынан тастамай Дәулеткерей мен Құрманғазы, Қазанғап пен Тәттімбет, Абыл мен Адай, Байсерке мен Мәмен, Дина мен Сүгір сынды кемеңгер күйшілердің күйлерін елге дәріптеп жүрген, онымен қоса домбыра өнерін балаларға үйретуді міндет тұтқан, Ақтас кентінің мәдени-сауық орталығындағы «Үкілі домбыра» үйірмесінің жетекшісі Бибайша Шарипбаевамен сұхбаттасқан едік.

– Бибайша Нәлібайқызы, әңгімені үйірмеден бастасақ?

–«Үкілі домбыра» үйірмесінің ұйымдастырылғанына биыл он үш жыл. Үйірменің бағыт-бағдары мен мақсаты зор. Үйірмеге бірінші келген балалардың арасында домбыраның пернелерін басып, тартпақ түгілі қос ішекті ұлттық аспабымызды қалай ұстауында білмейтіндері де болады.

Бірақ талапты жастардың тәжірибелі тәлімгердердің ұғынықты үйретуі мен дамыту дәрістерінің нәтижесінде үш айлық қысқа мерзім аралығында белгілі бір деңгейде алғашқы мүмкіндіктерді меңгеріп алатындығы қуантады. Үйірме екі топтан құралады. Бірінші топ бірінші жыл келген оқушылар болса, 2 топ екінші, үшінші және төртінші жыл оқып жүрген шәкірттердің басын біріктіреді. Жас ерекшеліктерін айтсақ, сегіз жастан бастап 16-17 жасқа дейін.

Домбыра үйірмесіне мектеп қабырғасындағы барлық оқушының қатысуға құқығы бар тек ынтасы мен еркі болса жеткілікті. Ұл-қыздарын жетектей келген ата-аналар көбіне «Нотамен үйретесіз бе?» деген сұрақтар қояды. Шындығына келгенде нотамен арнайы мектептерде кәсіби бағытта оқытады. Олар сольфеджио бойынша музыкалық білім береді. Біз тек еске сақтап қалу тәсіліне жүгінеміз. Бұл не? Ол-ескіше, құлақтан құлаққа жеткізу амалы. Көрсетілгенді балалардың қайталауы арқылы. Әрине, бас кезінде қиынға соғатыны жасырын емес. Бірақ бейімі барлардың қарымды қабілетіне сәйкес тез меңгеруіне болады. Мен әр оқушымен жеке дайындаламын. Өйткені әр бала жеке тұлға және жас ерекшіліктері маңызды роль атқарады. Басқа үйірмелердегі сияқты 10-15 баланы қатар отырғызып қойып, бәріне бірдей үйрету өте қиын. Себебі біреуі жылдым әрі тез  ұғынса, түсінбей қалғаны назардан тыс қалуы мүмкін. Сондықтан жеке жұмыс жасаған тиімді. Әр топтың жеке бағдарламасы белгіленген. Бірінші тот мүшелері ең алдымен аспаптың құрылымымен танысып, тарихын зерделейді. Содан соң қалай отыру қажеттілігі түсіндіріліп, оң және сол қолды пайдалану тәсілі мен қағыстардың мәніне кезек беріледі. Сабақ барысында нота жөніндегі мағлұматтар айтылады. Нота туралы ұғым нені білдіреді, саны қанша және қандай кілттері бар, қағыстардың атауы, анамбль мен оркестрдің айырмашылығы жөніндегі сұрақтарға нақты жауап қайтарылады.

Келесі пән сабақтары шағын әндерге арналады. Халықтық және авторлық әндердің ерекшелігін білуі керек. Бірінші аспапта ойнауды үйреніп, артынша әннің сөзі жатталады. Содан соң ән домбыраға қосылып шырқалады. Дәлірек айтқанда өзін сүйемелдейді. Бес алты әндерден кейін шағын күйлерге ауысамыз. Үйірмеде ансамбль сабағы бар. Оқушылардың басын қосып, бірге ойнап үйренуге бағытталған. Басында екі кейін 3-4, соңында 10-15 баланың жиындығынан шағын топ құрылады. Бұл үлкен әзірлікті талап ететін күрделі жұмыс. Қасындағылардан қалыспай ортақ мақсатқа жұмылу өте қиын десекте, қазіргі жастар алғырлық танытуға бейім. Ансамблге тай тұяқ, тоқылдақ, асатаяқ сынды түрлі ұрмалы аспаптар қосылады. Осы орайда ырғаққа айрықша мән берілетіндігіне тоқталған жөн. Себебі музыкада, әсіресе аспаппен ойнағанда ырғақтың маңызы зор. Екі немесе үш ай өткенде балалардың есту қабілеті мен ырғақпен ойнау шеберліктері шыңдалады.

Менің ойымша әр қазақтын төрінде үкілі дмбыра мен қайыс қамшы ілініп тұруы қажет. Ол аспаптың құлағында бүгін ойнайтын перзентіңіз болмаса да, немерелердің бір сол домбыраны қолына алып әдемі бір ән мен күйді орындап бертіндігіне сеніңіз. Бауыржан Момышұлы: – Мен қолына домбыра ұстаған қазақтын қара баласын көрсем қуанамын. Сол баланың бойынан имандылық, тазалық, қазақ өнеріне,соның ішінде қастерлі домбыраға деген махаббатын сеземін, – деген екен. Сахнаға шыққан өнерпаздарды қараңыздаршы. Үстінде ұлттық киім, қолында домбыра. Қандай керемет.

Демек үйірмеге қатысушыларды пән мұғалімдері ең алдымен мәдениеттілік пен  эстетикалық тәрбиеге және тәртіпке үйретеміз. Жалпы мектептерде негізгі сабақтарға көп көңіл бөлінеді. Ал арнайы орталықтардағы домбыра, вокал, би, сурет үйірмелерінде әр баланың бойына бейімділігіне байланысты қажетті қағидалар сіңіріледі. Балалар біздің болашағымыз. Сондықтан олардың жан-жақты тұлға ретінде қалыптасуы үшін біліммен қатар өнер және спорт үйірмелеріне қатысуын қамтамасыз ету әрбір ата-ананың борышы әрі парызы екендігі ақиқат.

– Арманыңыз қандай?

– Адамда арман таусылмаған ғой. Қарапайым жұрт күйді тыңдап отырып, оның көңілді не қайғылы екенін ажырата алмайтындығын талай байқадым. Сондықтан, қазір қазаққа күйді түсіндіруге жұмыс жасау керек. Сонда ғана бабадан қалған әуез құлағымызға сіңісті, жүрегімізге жұғысты болады. Келешекте осы істі тындырсам, өнердің биігіне шықсам деймін.

Сүбелі сұхбатыңызға  рақмет!

Сұхбаттасқан

Шапағат ҚОСШЫҒҰЛОВ