Сегодня: 23.11.2024
Регистрация: в Министерстве информации и коммуникаций Республики Казахстан. Свидетельство №16307-Г от 18.01.2017 года (номер и дата первичной постановки на учет №869-Г от 16.09.1999 года)

Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мейрейтойына орай қала көлемінде түрлі іс-шаралар жалғасын табуда. Солардың бірі - № 4 жалпы білім беретін мектепте жалғасты. «Абай оқулары» деп аталатын сhallenge, аталмыш шара мектептің қазақ тілі мұғалімдері мен кітапханашыларының ұйымдастыруымен өтуде. Оған ақын шығармашылығына ден қойған балалар мен жасөспірімдер қатысуда.

Төтенше жағдай жарияланғаннан бері әлеуметтік желі – әлеуметтің «көзі, құлағы һәм тіліне» айналды. Сондықтан да аталмыш шара әлеуметтік желіде онлайн өтіп жатыр.

Жалпы Instagram және Facebook желілерінде қазақтың ұлы ақыны Абай Құнанбайұлының өлеңдерін оқу науқаны баяғыда-ақ басталып кеткентін. Бұл challenge-де соның жалғасы іспеттес. Challenge #abai175 хештегімен белгіленген. Қазіргі уақытта Instagram желісінде бұл науқан бойынша мыңдаған жарияланым бар.

Онлайн форматта өткізіліп жатқан мүшәйра өскелең ұрпақтың ізденісін жан-жақты ашуға мүмкіндік береді. Шараның басты мақсаты да осы. Яғни, Абай мұрасын кеңінен насихаттау. Аталмыш шарада сhallenge бен эстафета жолдау және байқау өткізу де қамтылған екен. Мектеп оқушылары ақын өлеңдерін мәнерлеп оқудан, қара сөздерін оқудан және ақынның өмірі мен шығармашылығына қатысты эссе жазудан өз бақтарын сынайды. Игі шара ұйымдастырушылардың айтуына қарағанда жыл соңына дейін жалғаспақ.

Онлайн форматтағы шараға қатысу үшін әрбір оқушы, ақын шығармашылығынан бір өлеңді жатқа оқып, онлайн түрде жеткізеді. Орындаушының көркемдік шеберлігі, қазақ тілінде таза сөйлеуі, мазмұнға баса мән беруі, тақырыпқа сай болуы ескеріледі. Жас өнерпаздардың мұғалімдерінің айтуынша, ақын мерейтойы қарсаңында оқушыларын осындай шараларға қатыстыруға бел буған.

Ондағы мақсат - Абайды тану, оның шығармаларын меңгеру арқылы өмірде өз қажетіне сай оқып-үйрену, жан-жақты талдай білу. Әр адамның іздегенін табатын, оны өміріне тірек ете алатын, бағыт-бағдарын айқындай алатын қуат күші де осы Абай шығармаларында екенін дәріптеу.

«Мұғалімдердің арасында, ата-аналардың арасында, кітапханашылардың арасында челлендждер жүріп жатыр. Сол себепті, өзіміздің мектебімізде челленджді ұйымдастыруды ұйғардық. Сол үшін оқушылар арасында челлендж өткізіп жатырмыз. Яғни, бір-біріне балалардың Абай атамыздың шығармасын насихаттау жөнінде, қара сөздерімен танысып, жете білу мақсатында ұйымдастырып отырмыз.», - дейді № 4 жалпы білім беретін мектептің кітапханашысы Гүлмира Смаилова.

Бұл challenge-ді ұйымдастырып отырған мектеп мұғалімдері мен кітапханашылары бізге науқан жайлы айтып берді. Олар таратуға мүмкіндік беретін ресурс ретінде осы Instagram әлеуметтік желісін пайдалануды ұйғарыпты. Өтйкені олардың айтуынша, challenge-дің көбі осы әлеуметтік желі арқылы кең таралады.

Түйін. Абай қазақ руханиятының басты тұлғасы. Оның шығармасы қазақ жерінде жылдан жылға мұра болып ұрпақтан-ұрпаққа беріліп қана қоймай, әлем тілдеріне аударылып, ғаламға тарады. Осыған дейін Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ұлы Абайдың 175 жылдығын бүкіл республика бойынша атап өту туралы қаулыға қол қойды. Бұл қазақстандықтар үшін жақсы жаңалық. Мақсат Абай атамыздың өлмес мұрасын жас ұрпаққа насихаттау, толғанысы мен философиясын жас ұрпаққа дәріптеу болып табылады. Себебі, Абай әр қазақтың сүйікті ақыны. Десекте, кей жастар Абайды білмейді. Сондықтан, тек арнау, өлеңін жаттау емес, қара сөздерін жарнама ретінде халыққа таныту керек. Сол үшін де осындай танымдық жұмыстар көптеп жүргізілсе нұр үстіне нұр болары анық.

Шапағат ҚОСШЫҒҰЛОВ