Сегодня: 23.11.2024
Регистрация: в Министерстве информации и коммуникаций Республики Казахстан. Свидетельство №16307-Г от 18.01.2017 года (номер и дата первичной постановки на учет №869-Г от 16.09.1999 года)

Білім бөлімінің ұйымдастыруымен қала мектептерінің әлеуметтік желілердегі парақшаларында «Батыр атаға хат» тақырыбындағы челленджі бастау алып, оған № 4 жалпы білім беретін мектебі де өзіндік үнін қосты.

«Ер есімі - ел есінде» дегендей, аталмыш мектепте майдангерлерге зор құрмет көрсету мақсатында түрлі шаралар ұйымдастырылуда. Солардың бірі - оқушылардың ерлік тақырыбындағы шығармашылық жұмыстары. «Батыр атаға хат» челленджіне мектеп оқушылары жолдаған жүрекжарды шығарма, өлеңдерін халқымыздың бостандығы жолында құрбан болғандарға тағзым, арамызда аман жүрген майдангерлерге қошемет, жеңіске елеулі үлес қосқан еңбек қаһармандарына ілтипат деп қабылдадық.

Назарларыңызға № 4 жалпы білім беретін мектептің 5-сынып оқушысы Өміржан Айғанымның әлеуметтік желідегі бейнеролик арқылы жолдаған өз аталарына деген алғысының жазбаша мәтінін ұсынамыз.

Шынайы, боямасыз, жүрекжарды, тап-таза тілектер. Қаз-қалпында ұсынылды.

№ 4 ЖББ мектептің 5-сынып оқушысы Өміржан Айғаным

Соғыс... Не деген суық сөз еді?! Біз, жас ұрпақ, соғыс дегенді кітаптан оқып, кинодан көру арқылы оның адамға сұмдық қайғы-қасірет әкелетінін білеміз. 1941-1945 жылдарда болған Ұлы Отан соғысына қатысып, осынау бейбіт өмірді алып берген майдангерлердің қатары қазір сиреді. Ал ұрпақтары олардың есімдерін мәңгі ұмытпайды және ұмытпақ емес.

Мен биылғы жылғы Ұлы жеңістің 75 жылдығына орай ұлы аталарым жайлы сыр шертпекпін. Атам мен апамның әкелері – Баймағанбетов Зейнеш және Ыдырысов Әбілтай – Ұлы Отан соғысының ардагерлері.

Зейнеш атам Ақтөбе қаласында жасақталған әскери құраммен 3 айдай дайындықтан өтіп, 1942 жылы мамыр айында соғысқа аттанады.

Тарихта «Өмір жолы» деген атпен мәлім Ладога көлі арқылы жүрген автокеруен құрамында көлік айдаушы болып, талай рет от пен оқтың астынан өтеді. Автокеруенге қатысқан көлік жүргізушілерін соғыстан кейін ордендермен марапаттағаны белгілі. Жеңіс күнін Кенисберг-Калининград қаласында қарсы алған атам 1945 жылы 13 қарашада әскер қатарынан босап, аман-есен елге оралады. Соғыстан кейін де ауылда жүргізуші болып абыройлы еңбек атқарады, ауылдың экономикасын көтеруге белсене ат салысады. Ерен ерліктері мен зор еңбектері бағаланып, Ұлы Отан соғысы ордендерімен және медальдармен марапатталады.

Атаға деген құрмет пен естелік ретінде ұрпақтары арнайы бейнебаян жасап шығарды.

Әбілтай атам 1942-1945 жылдар аралығында 2-Украйн майданындағы соғысқа қатысқан. Алғашқыда Сталинград үшін шайқасқан атақты 62-армиялық құрамда болады. 1943 жылы лейтенант шенінде танк взводының командирі болып, тарихта «Курск иіні» деген атпен қалған сұрапыл шайқасқа қатысады. Қазан айында Харьков бағытында танк взводын алға қарай бағыттап, жауға соққы беріп келе жатқан кезде жау снаряды тиіп, аяғынан жараланады. Осы шайқаста көрсеткен ерлігі мен ептілігі үшін Қызыл жұлдыз орденіне ұсынылады.

1946 жылы аман-есен оралып, бейбіт өмірде де ел игілігі үшін еңбек етіп, қырық жылдай басшылық қызметтерді мінсіз атқарады. Үш жауынгерлік орден мен бірнеше медальды майдандағы ерлігі үшін омырауына қадаса, бейбіт еңбекте Еңбек Қызыл ту орденімен марапатталады.

Ұрпақтары атаға арнап «Ғибратты ғұмыр» атты ғұмырнамалық естелік-кітапты жарыққа шығарды.

Аталар өмірден озғанымен, есімдері ел есінде мәңгі қалды. Біз, батыр ата ұрпақтары, аталар атына кір келтірмей, оқуда озат, өмірде адал болып, еліміздің жарқын болашағы үшін өз үлесімізді қосамыз деген сенімдемін.

Аталарым – мақтанышым!

P.S: Құрметті оқырман! Қолына қалам алып, майдан алаңында қаза болған және осы күнге дейін асылдың сынығындай болып аман-есен жеткен соғыс ардагерлеріне хат жазып отыр оқушылар. Біз мектеп оқушыларының батыр аталарға арналған алғыстарының тек біреуін ғана жариялап отырмыз. Бейбіт күнде өмірге келген ұрпақ болсақ та әрбіріміздің аталарымыз Отан қорғау жолында жанын пида етіп, майдан алаңына бірі қолын, бірі аяғын қалдырып кеткен.

Ал мына оқушылар жолдаған жүрекжарды тілектері сол  халқымыздың бостандығы жолында құрбан болғандарға тағзым, арамызда аман жүрген майдангерлерге қошемет, жеңіске елеулі үлес қосқан еңбек қаһармандарына ілтипат.

Ұрпағы барда бабалар ерлігі еш ұмытылмақ емес!

Әзірлеген

 Шапағат ҚОСШЫҒҰЛОВ