Үстіміздегі жылдың 23 сәуірінен 20 мамырына дейінгі аралықта «Рухани жаңғыру» бағдарламасының аясында Алтын Орданың құрылғанына 750 жыл толуына және Абай Құнанбайұлының 175 жылдығына орай үш тілді жетік меңгерген жастар арасында «Тіл шебері» атты онлайн байқау өтті.
Дана халқымыз «Аузы құлып сандықты тіс ашпаса, тіл ашады» деген. Осыдан-ақ, тіл өлшеусіз қазына, өрісі кең әлем екендігін ұғынғандай боламыз. Елбасы Н.Ә. Назарбаев өзінің «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында «Егер жаңғыру елдің ұлттық-рухани тамырынан нәр алмаса, ол адасуға бастайды» деген болатын. Демек, ұлттың рухани тамырының бастауы да тілден екені сөзсіз. Елімізде мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейту, оны барлық отандастарымыздың білуі, сөз жоқ қазақстандық патриотизмді қалыптастырады.
«Тіл шебері» дәстүрлі байқауы жаһандық өркениет пен еліміздің даму бағытына сай үш тілді – қазақ, орыс және ағылшын тілдерін жетік меңгерген, жан-жақты білімді, өз саласының кәсіби маманы деп танылған жастарды анықтап, қолдау көрсету мақсатында жүзеге асып келеді. Шебер сөйлеу - үлкен өнер. Әсіресе, ел ертеңі жастардың тіл шеберлігінің көркемдігі өте қажет-ақ.
Себебі тілді тігісін жатқызып, дұрыс қолданған сөз өнері арқылы көздеген мақсатыңа бір табан жақындай түсесіз. Ол үшін тіліңізден бал тамып тұруы керек.
Аталмыш байқауға талабын ұштап, үмітін үкілеп келген 14-29 жас аралығындағы қала жастары қатысты. Байқау шартына сай қатысушылар «Мемлекеттік тіл - мерейім», «Язык – орудие мышления», «The language is a key of mood» кезеңдері бойынша өзара бақ сынасты.
Атап айтатын болсақ, «Мемлекеттік тіл - мерейім» атты сайыстың І кезеңі Алтын Орда тарихына байланысты болды. Ал «Язык – орудие мышления» атты ІІ кезең Абай Құнанбайұлының өмірі мен шығармашылығына арналды. ІІІ кезеңде әр қатысушының еркін тақырыпта әзірлеген бейнероликтері назарға ұсынылды. Басты ұстаным - олардың үш тілді меңгеру деңгейі мен тілдік норманы сақтауы, орфографиялық және орфоэпиялық сауаттылықтарына көңіл аударылды. Соның ішінде мемлекеттік тілді жетік білуі байқауды ұйымдастырушылардың жіті назарында болды.
Ұйымдастырушылар демекші, аталған шараны Саран қаласының тілдерді дамыту орталығының ұйымдастырып, өткізіп отырған жайы бар.
Сайыста ұшқырлығы, білімділігі, тапқырлығымен қарсыластарынан оқ бойы озық шыққан Абай Құнанбаев атындағы Саран гуманитарлы-техникалық колледжінің оқытушысы Қаракөз Жакупова бас жүлдені қанжығасына байлады. Ал бірінші орын №4 ЖББМ оқушысы Азиза Күлметтенованың үлесіне тисе, екінші орынды Абай Құнанбаев атындағы Саран гуманитарлы-техникалық колледжінің студенті Жанна Құсайын еншілеп, үшінші орынды №6 ЖББМ оқушысы Дарья Путько иемденді. Сонымен қатар, Бекболат Асылжан, Акпарова Аяулым, Құнанбай Нұрмұқасан сияқты байқауда белсенділік танытқан қатысушыларға алғысхаттар табысталып, ынталандыру сыйлығымен марапатталды.
Бас жүлденің иегері Қаракөз Жакупова қуаныш құшағында тұрып, ойымен бөлісіп: «Бүгін әріптестерімнің арасында үздік деп танылып, жеңімпаз атанғаныма бек қуаныштымын. Мұндай сайыстар біздің жігерімізді жанып, табыстарға жетуге құлшындыратыны сөзсіз. Әсіресе, «Тіл шебері» байқауының жеңімпазы болу оңай емес екен. Жан-жақты үш тілді еркін меңгеру бүгінгі күннің басты талабы екенін ұғынып келеміз. Жанға шуақ, көңілше қуат беріп, тәуелсіз еліңнің болашағы жолында еңбектенуге жетелейтін осындай сайыстар әрі қарай да жалғасын тауып жатса нұр үстіне нұр болары сөзсіз. Байқауды ұйымдастырушыларға деген алғысым шексіз» деп сөзін түйіндеді өзімен тілдескенімізде.
Осылайша бір аптадай уақытқа созылған байқау өз мәресіне де жетті. Байқау жеңімпаздары мен барлық қатысушыларға дипломдар, алғыс хаттар мен естелік сыйлықтар табысталды.
Шапағат ҚОСШЫҒҰЛОВ