Сегодня: 21.11.2024
Регистрация: в Министерстве информации и коммуникаций Республики Казахстан. Свидетельство №16307-Г от 18.01.2017 года (номер и дата первичной постановки на учет №869-Г от 16.09.1999 года)

Отанымыздың ертеңі де, өркені де – бүгінгі ұрпақ. Сол ұрпақтың тәлімді де тәрбиелі болуы алдыңғы толқынның парызы һәм қарызы десек, еш қателеспейміз. «Адамның бір қызығы бала деген» деп ұлы дана, кемеңгер Абай Хәкім айтқандай, бала – адамның бауыр еті, өмірінің жалғасы, көрер қызығы, артына қалдырар ұрпағы. Дүниеге келген әрбір адам өзінің соңынан саналы ұрпақ қалдыруға талпынады, өмірінің елеулі кезеңдерін бала тәрбиесіне арнап өткізеді.

Қазақ халқы үшін баланың, бала тәрбиесінің орны ерекше. Екі жас шаңырақ көтергеннен бастап, балалы-шағалы болып, ұрпақ өрбітсек деп тілейді. Себебі, тағы да дана бабаларымыз «Балалы үй – базар, баласыз үй – қу мазар» деп айтып кеткен болатын. Егер артында түтінін түтетер ұрпағы қалмаса, ол үлкен қайғы екені анық. Сондықтан, барша адамзат баласы басқаға зар етсең де, перзенттің зарынан сақта деп тілейді. Баланың шат күлкісі мұңайған көңілді көтереді, шаршаған адамның жанын жадыратады.

Дәстүр-салтымызда баланы анасының бойына біткеннен бастап-ақ тәрбиелей бастайды. Жас келіннің жерік болған асын жер түбінен алып келіп, елдің тіл-көзінен сақтау, көзін жаман нәрселерге түсірмеу – соның нәтижесі. Ал, дүниеге келген баланы қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқтырмай өсіру, оған дұрыс тәрбие беру – ата-анасының, ата-әжесінің, қала берді бүкіл ауыл-аймақтың тікелей міндеті болған. Жас баланы әлпештеп өсіру, оң мен солын танытып, дұрыс тәрбие беру барша адамзаттың саналы мақсаты екені анық болса да, соңғы уақыттарда бүкіл әлем елдерінде бала құқығы тапталып жатқаны жасырын емес.

Осыған орай, 2002 жылы Халықаралық Еңбек Ұйымы (ХЕҰ) жұртшылықтың хабардарлығын көтеру және бала еңбегі мәселелерін шешуге ықпал ету мақсатында 12 маусымды Дүниежүзілік бала еңбегіне қарсы күрес күні деп жариялаған болатын. Алғаш 1997 жылы Амстердам мен Ослода балалар еңбегінің ең нашар түрлерімен күресу мақсатында өткен халықаралық балалар еңбегіне қатысты сұрақтар талқыланған конференция арқылы көтерілген бұл бастама арқылы көптеген жұмыстар атқарылды, ал 12 маусым – халықаралық балалар еңбегіне қарсы күрес күні деп аталып, жыл сайын тойланып отыратын болды.

Елімізде де бұл шара жыл сайын дәстүрлі түрде өткізіліп келеді. Осыған орай үстіміздегі жылғы маусым айының 1-і мен 12-сі аралығында шаһарда «Бала еңбегін пайдалануға жол жоқ!» ұранымен «Бала еңбегін қанауға қарсы 12 күн» Ұлттық ақпараттық науқаны ұйымдастырылған болатын.

Ондағы мақсат қоғамның назарын, соның ішінде ересектерді, балаларды және олардың ата-аналарын балалар еңбегінің ең нашар түрлерін қолданудың алдын алу мәселелеріне аудару, сондай-ақ осы саладағы құқықтық ақпараттандыру болып табылады.

Ұлттық ақпараттық науқанды өткізу мемлекеттік органдар мен ұйымдардың, үкіметтік емес ұйымдардың, жұмыс берушілер мен БАҚ-тың бала еңбегін пайдалануды алдын алу және болдырмау мәселелерінде серіктестік пен ынтымақтастықты дамытуға себеп болды.

Аталмыш науқаннан шаһардағы жалпы білім беретін № 4 мектептің ұжымы да қалыс қалмады. Білім басқармасының тапсырмасына орай № 4 ЖББ мектепте «Балалар еңбегін қанауға қарсы 12 күн» Ұлттық ақпараттық науқанына байланысты іс-шаралар жоспарланып, бекітілді. Шараның басты мақсаты – қоғамның назарын, соның ішінде ересектерді, балаларды және олардың ата-аналарын балалар еңбегінің ең нашар түрлерін қолданудың алдын алу мәселелеріне аудару; ауыр жұмыс істеу баланың денсаулығына зиян екендігін және әрбір бала - ешбір қиындықсыз, жарқын өмір сүруге тиіс екендігін ұғындыру; жазғы демалыс кезеңінде оқушылардың ауыр жұмысқа тартылмауының алдын алу; сондай-ақ осы саладағы құқықтық ақпараттандыру болды.

Науқан шеңберінде мектептің фейсбук және инстаграмм парақшаларында түрлі челлендждер мен онлайн іс-шаралар өткізіліп, жарияланды.

Атап айтатын болсақ, 2 маусым күні «Бала еңбегін қанауға қарсы 12 күн» атты республикалық ұлттық ақпараттық науқаны аясында «Біз бала еңбегін қанауға қарсымыз!» тақырыбында сурет байқауы ұйымдастырылды. Мектеп оқушылары салып жіберген суреттер мектептің әлеуметтік желілердегі парақшаларында жарияланды.

3 маусым күні мектеп оқушылары арасында «Менің Отаным менің көзіммен» атты тақырыпта ұйымдастырылған үздік суреттер байқауы өтті. Мектеп жанындағы лагерь жетекшілерінің ұйымдастыруымен «Мен бақытты баламын» атты онлайн шығармалар сайысы өтті.

4 маусым күні «Біз өмірдің гүліміз» атты тақырыпта видео байқаулар ұйымдастырылып, оқушылардың үздік туындылары мектептің фейсбук пен инстаграм әлеуметтік желілеріндегі парақшаларында жарияланды. Бұдан бөлек, 4 және 5 сынып оқушылары арасында «Алақай, жазғы демалыс басталды!» атты тақырыпта шығармалар жазу бойыншга онлайн байқау өткізілді.

5 маусым күні мектептің білім алушыларының арасында «Мен бақытты баламын» тақырыбында үздік видео байқауы өткізіліп, ең үздік бейнематериалдардан әлеуметтік желі арқылы онлайн көрмелер ұйымдастырылды. Сонымен қатар, «Алақай, жазғы демалыс басталды!»  тақырыбында шығармалар байқауы өтті.

8 маусым күні «Біз бала еңбегін қанауға қарсымыз!» атты тақырыпта сурет байқауы өткізіліп, үздік деп танылған шығармалар мектептің әлеуметтік желілеріндегі парақшаларында жарияланды. Одан кейін мектепішілік тіркеуде тұрған оқушы Қапан Заңғардың үйіне әлеуметтік педагог Г. Есжановамен сынып жетекшісі А. Тугамбек бақылау рейдін ұйымдастырды. Рейд барысында баланың үйінде ата-анасына қолғабыс етіп жатқандығы туралы баяндалды.

9 маусым күні «Балалардың еңбегін пайдалану» атты тақырыпта сурет салудан онлайн конкурс өтіп, аталмыш суреттер мектептің әлеуметтік желілерінде жарияланды. Сонымен қатар, әлеуметтік педагог Г. Есжановағ сынып жетекшілері А. Тугамбек пен А. Жолдасбаевалар бақылау рейдтерін жүргізді.

10 маусым күні «Туған жерім - алтын бесігім» тақырыбында  шығармалар конкурсы өтті. Мектепішілік тіркеуде және тәуекел тобында тұрған білім алушылардың үйлеріне әлеуметтік педагог сынып жетекшілері бақылау рейдтерін ұйымдастырды.

11 маусым күні мектеп білім алушылары  «Мен барлығына қамқоршымын» тақырыбында фотоколлаж жасап, аталмыш туындылар әлеуметтік желідегі парақшаларда жарияланды.

12 маусым күні «Менен артық ешкім білмес» тақырыбында Қазақстан туралы сұрақтар викторинасы ұйымдастырылып, мектепішілік тіркеуде және тәуекел тобында тұрған білім алушылардың үйлеріне тексеру рейдтерін ұйымдастырылды.

Әр баланың өзінің құқығын білуі маңызды. Бала ұлттың болашағы болғандықтан, дұрыс өсіп, тұлға ретінде қалыптасуы маңызды. Ел ертеңі – жас ұрпақ, бүгінгі оқушыларымыз болғандықтан, балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету – басты міндетіміз!

 

Шапағат ҚОСШЫҒҰЛОВ