Әйел - ана, әйел - өмір, әйел - тіршілік өзегі. Адамзат баласына ұрпақ сыйлар ұлы құдірет иесінің есімі әрқашанда қастерлі, сөзі - өсиет, тұғыры биік. Адамзат жүріп өткен небір ауыр жол, алмағайып заманнан ұрпағын аман-есен бүгінгі күнге жеткізген әйел-ана құдіретін жырмен өрнектеп, әнмен әлпештеп, сөзбен айтып тауысу мүмкін емес. Ана - болашақтың демеушісі, ұлттың жебеушісі, ұрпағының бақыты.
5 наурыз күні халықаралық әйелдер күнін мерекелеу мақсатында Ақтас кентінің мәдени-сауық орталығында «Анашым – ана жаным» атты мерекелік бағдарламасы өтті. Мерекелік шараны ұйымдастырушылар «Ақ шаңырақ» этномәдени қоғамдық бірлестігі болды.
Шараға «Ақ шаңырақ» этномәдени қоғамдық бірлестіктерінің жетекшісі, ардагерлері мен белсенділері, қоғамдық бірлестіктің «Қарлығаш» балалар вокалды тобы мен «Томирис» би топтары және олардың ата-аналары қатысты.
Мерекелік кеш барысында «Ақ шаңырақ» этномәдени қоғамдық бірлестіктерінің жетекшісі Светлана Супьянова барша әйелдер қауымын 8-наурыз Халықаралық әйелдер күнімен құттықтап, ақ тілегін арнады.
«Шұғылалы көктемнің алғашқы мерекесі – 8 наурыз Халықаралық әйелдер күні мейрамы құтты болсын! Ана қуанышы, әйел қуанышы – әр үйдің, отбасының, Отанның мерейі. Біздің қазіргі қоғамда әйел тек отбасының береке-бірлігін ойлайтын тұлға ғана емес, ол мемлекеттің өміріне және саяси мәселелерге белсене араласатын қоғам мүшесі. Қашаннан бергі дәстүріміз бойынша біз бұл күні Сіздерге – аналарымыз бен апа-қарындастарымызға, қыздарымызға ең ыстық құттықтауларымыз бен ең ізгі тілектерімізді жолдаймыз» -, деді Светлана Жолдыбайқызы өз құттықтауында.
«Қарлығаш» балалар вокалды тобы мен «Томирис» би ансамблінің кіші топтары ақ жаулықты аналарға концерттік бағдарлама ұсынып, кеш барысында жиналған қонақтарға дастархан жайылып, сый-сияпаттар табыс етілді.
Шапағат
ҚОСШЫҒҰЛОВ