Сегодня: 24.11.2024
Регистрация: в Министерстве информации и коммуникаций Республики Казахстан. Свидетельство №16307-Г от 18.01.2017 года (номер и дата первичной постановки на учет №869-Г от 16.09.1999 года)

Коронавирус инфекциясының кең таралуына қарсы күрес мақсатында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бүкіл Қазақстан бойынша дағдарысқа қарсы шаралар кешенін жариялады. Атап кетсек, бұл шаралар көмекке мұқтаж халықтың әлеуметтік осал топтарына жедел қолдау көрсетуді көздейді.

Осылайша, елімізде «BizBirgemiz» акциясы өтуде. Бұл бастаманы бас партия бастаған. Аталмыш шара Саран шаһарында да өтуде. Оның аясында шаһардағы мұқтаж жандарға көмек көрсетіледі.

Nur Otan партиясы Ұлы Отан соғысының ардагерлері мен жалғыз басты қарттарға, аз қамтылған көпбалалы отбасыларға және мүмкіндігі шектеулі азаматтарға, студенттерге аса көмек қажет дейді. Сондықтан үй-үйді аралап, азық-түлік пен дезинфекциялық заттарды таратып жүр.

Ондағы мақсат – шаһардың көмекке зәру тұрғындарына қолдау көрсету. Себебі, оларға әзірше үйден шыға алмай отыр немесе қажетті заттарды сатып  алатындай жағдайлары жоқ. Сол себепті де азық-түлік үй есігінің алдына дейін жеткізіледі.

Аталмыш шара күні кеше де жалғасын тапты. Ел мүддесін көздеп, қолындағысын өзгемен бөлісуге даяр тұратын азаматтардың бірі – Nur Otan партиясының Саран қалалық филиалының партиялық бақылау комиссиясының төрағасы Жанбол Жаяубаев та сауапты істің ортасынан табылды. Ол партияның қалалық филиалымен бірлесіп республикалық акция аясында көмекке мұқтаж жандарды азық- түлікпен қамтамасыз етті.

«Үйлерінен шыға алмай жатқандар көп. Өйткені карантин жарияланғаннан бастап шығуға мүмкіндігі болмай қалды ол кісілердің. Сондықтан біз Nur Otan партиясының Саран қалалық филиалымен акцияны жалғастырудамыз. Өзіміздің қаланың волонтерлері бар, солармен бірге осылай көмек берудеміз.  Қазір адамдар далаға шықпайды, үйді-үйді аралап, азық-түлік сөмкелерін таратып жүрміз. Мұнда жарма, макарон, күріш, май, міндетті түрде медициналық маскалар, антисептиктер секілді заттар қамтылған.», – деді қалалық мәслихаттың депутаты Жанбол Қарымсақұлы.

Қайырымдылық шарасының аясында 6 адам қамтылды. Олар – студенттер, жалғыз басты қарт адамдар, аз қамтылған көпбалалы отбасылар.

 «Біз біргеміз!» акциясына қатысушылардың айтуынша азық-түлік таратуға бір күн толығымен кетеді екен. Мұқтаж адамдардың  үйлері қаланың әр аудандарында орналасқан. Сол себепті нұротандықтар сақтық шараларын басты назарға алғандарын да баса айтты.

Сонымен қатар, «Есіктен есікке» принципі бойынша байланыссыз атаулы көмек көрсетілді.

Көп балалы аналардың айтуынша, отбасына дезинфекциялық заттар аса қажет. Карантин кезінде қалада антисептик құралдар да оңай табыла қоймайды дейді олар. Оның үстіне, сұйықтық тез таусылып қала беретіндіктен, қалтаға айтарлықтай салмақ салады.

Демалыс күндері де жұмысты тоқтатпаған жастар мен еріктілер, партия өкілдері. #BizBirgemiz республикалық акциясы аясында көмекке зәру қариялар, мүмкіндігі шектеулі жандар, көпбалалы отбасылар және әлеуметтік жағдайы өте төмен тұрғындарға қолдау көрсетті.

Төтенше жағдай уақытында «BizBirgemiz» қайырымдылық акциясы облысымыздың әр аймағында қызу жүзеге асып, әрі қарай да жалғаса бермек. Қала бойынша қайырымдылық жасауға ниет білдірушілер еріктілер қатарына қосылуларына, сондай-ақ кез-келген азамат өз қолұшын созуға болады.

Түйін. Қысылтаяң сәтте еліміздің жанашыр азаматтары, партия белсенділері, жергілікті жерде өз кәсіптерін жүргізіп отырған жандар жомарттық танытып, халыққа көмектерін тигізуде.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев та дер кезінде төтенше жағдай жариялап, дертке қарсы күресті күшейту жөнінде бірнеше тапсырмалар берді. Бұл бойынша мемлекет тарапынан тиісті жұмыстар атқарылуда. Осы орайда қарапайым халық та ушығып тұрған дертке дер кезінде тосқауыл болу үшін қатаң тәртіпке бағынуы қажет. Бұл өте маңызды. Үйде отырып, тәртіпке бағынудың өзі үлкен күш. Ал осындай сәтте мұқтаж жандардың қаражаттан қысылып, ішерге асы болмай қалып жатқан фактілер тіркелуде. Дәл осындай қысылтаяң шақта еліміздің жанашыр азаматтары, партия белсенділері, еріктілер тобы жомарттық танытып, халыққа көмектерін тигізуде.

Шаһарымыздағы бұл шара  #BizBirgemiz республикалық акциясы аясында партия белсенділерімен ұйымдастырылуда. Қиын-қыстау кезеңде халқына көмек көрсетуді өз міндеті санайтын осындай жанашыр адамдардың арқасында біз кез келген сыннан сүрінбей өтетініміз хақ!

Шапағат ҚОСШЫҒҰЛОВ