Сегодня: 22.11.2024
Регистрация: в Министерстве информации и коммуникаций Республики Казахстан. Свидетельство №16307-Г от 18.01.2017 года (номер и дата первичной постановки на учет №869-Г от 16.09.1999 года)

Үстіміздегі жылғы сәуір айының «13»-і мен «20»-сы аралығында «Достық үйі» балалар мен жастар орталығындағы «Жас тілші» үйірмесінің ұйымдастыруымен ұлы ақын, ағартушы, философ, гуманист және қазақ классикалық әдебиетінің негізін қалаушы Абай Құнанбаевтың 175 жылдығына орай, 16-20 жастағы жасөспірімдер арасында шығармашылық бағыттағы онлайн байқау өтті.

Көрнекті ақын-ағартушының бейнесі тек әдебиет саласында ғана емес, музыка және бейнелеу өнерінде де сақталған. Абай орыс классиктерінің шығармаларын бірінші болып қазақ тіліне аударды. Абайдың көркем әдебиеттің дамуына қосқан елеулі үлесі «Қара сөздері» болды. Бұл мұра жастарды қазақ халқының рухани құндылықтарымен таныстыруда маңызды рөл атқарды.

Байқаудың басты мақсаты – ақын шығармашылығына терең бойлай отыра, «Еріктілер» жылы аясында жастардың жасаған игі істеріне, жұмыстарына қолдау көрсету және студенттердің бос уақыты мен карантин кезіндегі уақыттарын тиімді әрі ұтымды ұйымдастыруды қамтамасыз ету, ақын шығармашылығының ғылыми тұрғыдан талдануына қолдау көрсету, жастардың әдебиетке деген қызығушылығын арттыру болды.

Байқау екі номинациядан тұрды.

1-номинация бойынша «Біріңді қазақ, бірің дос, көрмесең істің бәрі бос» тақырыбында мақала жазу.

2-номинацияда «Абайға қарап біз өз бейнемізді анықтауымыз қажет» тақырыбында бейнеролик жасау.

Шараны ұйымдастырып отырған «Жас тілші» үйірмесі болғандықтан да, оның қатысушылары да болашақ журналистер, әдебиет саласының «жілігін шағып, майын ішкен» тіл мамандары. Арасында тіпті суырып салма жас ақындар да бар. Сондықтан бұл байқаудың форматы да басқаша, қатысушыларға қойылған талабы да ерекше болды.

Мұнда ақынның өлеңдерінен, қара сөзінен эстафета немесе челлендж жолдау болған жоқ.

Яғни, қатысушылар Абайдың шығармашылығынан бір қанатты сөзін мысал ретінде алып, сол сөзді қазіргі таңда болып жатқан жағдаймен, яғни, пандемия, карантинмен байланыстыра отыра, бүгінгі күнге деген өз көзқарасын, түйген-білгенін қамтыған мақала жазуы немесе 5 минуттық қысқа репортаж, я болмаса бейнеролик жасауы керек болды. Яғни, ой толғау, пікір білдіру, жастарға үндеу тастау. Неден қателестік, неден сабақ алуымыз керек?. Әрі қарай не істемек керек?. Міне, қатысушылар байқау барысында осы секілді сұрақтарға жауап беріп, бүгінгі қазақтың ертеңгі күні қандай болуы керек екендігіне байланысты өз ойларымен бөлісті.

Сондықтан да аталмыш байқаудың ерекшелігі сол, Саран қаласын айтпағанда, тіпті Қарағанды облысының көлемінде тап осы форматтағы байқау «Жас тілші» үйірмесінің ұйымдастыруымен алғаш өткізіліп отыр.

Расыменде, әлеуметтік желідегі эстафета мен челлендж жолдау, мәнерлеп оқу сынды сайыстар бұған дейін де өткізіліп келді және қазір де өткізіліп жатыр. Бұларды қайталаудың қажеті жоқ еді. Ендігі кезекте Абай өлеңдерін мәнерлеп оқу емес, сол өлеңдеріне, ғақлияларына сай әрекет етуге итермелейтін бір игі бастама керек болғандай көрінгентін.

Оның үстіне 2020 жылда дала данышпаны Абайдың 175 жылдық мерейтойын басқаша көзқарас, ерекше форматпен атап өту керек болғантын. Ол турасында президент Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев та өз мақаласында айтпап па еді, «Абайдың тойы той тойлау үшін емес, ой толғау үшін өткізіледі» деп. Онсыз да әр күнін ахаху-сахахумен өткізген «қамсыз қазақ» емеспе еді Абайды қартайтқан. Сондықтан биылғы жылғы іс-шараларда Абай мұрасы арқылы ұлтты жаңа сапалық деңгейге көтеру идеясы менмұндалап тұруы керек. Абайдың 175 жылдық мерейтойына арналған әр іс-шарада біз Абай тағлымын негізге ала отырып, өз болмысымызға қайталай бір зер салғанымыз жөн секілді. Абай сол кездегі қазақ халқының ұлттық болмысының, менталитетінің, әдет-ғұрпының, ой өрісінің заманның өзгерісіне қаншалықты сәйкес келетіндігіне барынша назар аударған болатын. Сол себепті аталмыш шараларды ұйымдастыру, өткізу кезінде шаралар кілең сауық-сайраннан, құр дүрмектен, мақтанып мал шашпақтан тұрмауы керек.

Міне, осы тұрғыдан алғанда жоғарыда атап өткен байқауымыз ғибраты мол игі бастама болған секілді. Байқауға ұсынылған жұмыстарды бағалау кезінде мақаланың өзектілігі, ой-тұжырымдардың жаңашылдығы, ғылыми зерттеу нәтижесі, идеялардың түпнұсқалығы, құрылымдылығы мен автордың ойлау дербестігі басшылыққа алынды.

Жеңімпаз студенттер мен қатысушыларға арнайы тақырыптар бойынша грамоталар табысталды.

Ал біз газет ұжымы, өз тапамыздан да студенттерге қолдау көрсету әрі ынталандыру мақсатында газетіміздің осы санында байқауға қатысқан жастардың арасынан үздік деп танылған студенттердің мақалалары мен өлеңдерін жариялауды ұйғардық.

Тағы бір айта кететін жайт, басқа да қатысушылардың мақалалары мен бейнематериалдарын «Жас тілші» үйірмесінің Instagram және Facebook әлеуметтік желілеріндегі парақшаларына тіркелу арқылы танысып, көрулеріңізге болады.

Шапағат ҚОСШЫҒҰЛОВ