Ол – қасиетті қара шаңырақ Абай Құнанбаев атындағы Саран гуманитарлы-техникалық колледжінің түлегі. Дене шынықтыру және спорт мамандығында оқыды. Ержүректік пен қайсарлық бұрыннан бойында бар қасиеттер. Саран қаласының «100 жаңа есім» кітабына енген. Отан алдындағы борышын өтеп келген соң өзін әскери салаға арналған адам екенін түсінеді. Содан 44803 әскери бөліміне келісімшарт негізінде қызметке тұрады. Бүгінде өз ісінің маманы атанып, өзінен кейінгілерге әскери саланың қыр-сырын түсіндіріп жүрген жайы бар. Отан қорғаушылар күні қарсаңында біз әскери қызметкер Дастан Аскеевпен аз-кем әңгімелескен едік. - Дастан, алдымен келе жатқан төл мерекелеріңізбен құттықтай отырып, өзіңіз туралы кеңінен мағлұмат алсақ дейміз. Қай өңірдің тумасысыз? Отбасыңызда әскери салада жүргендер бар ма?
- Мен Қарағанды облысы, Саран қаласында 1993 жылы дүниеге келгенмін. Отбасымда екі ағайынбыз. Мен кенжесімін. Менен үлкен бір әпкем бар, ол тұрмыста. Өзім де үйленгенмін. Екі бала тәрбиелеп отырмын. Үлкені Айару есімді қыз, кенжесі Айсұлтан есімді ұл бала. Қызым бесте, ұлым төрт жаста. Екеуі де балабақшаға барады. Қызым Алла бұйыртса келесі жылы мектеп табалдырығын аттайын деп отыр. Отбасымда әскери саланы таңдағандар жоқ.
- Әскери қызметкер болуыңызға не түрткі болды?
- Енді өзіңіз де білесіз, мен мына Абай атындағы колледжді дене шынықтыру және спорт мамандығы бойынша тәмамдадым. Спорт мамандығын алған соң, әскери борышымды өтегім келді. Спорт саласы мен әскери өмірдің ұқсас жақтары көп қой. Үнемі бір тәртіп, қатал ережемен жүруің керек. Спортта да жаттығу, әскер де де жаттығулар жасайсың. Содан болар, ішкі жан дүниемде бір тылсым күш әскери салаға қарай тартып тұрды мені. Сөйтіп, 2012 жылы колледжді тәмамдаған соң, бірден ойланбастан Отан алдындағы борышымды өтеуге Жамбыл облысындағы Отар әскери гарнизонына аттандым. 21450 әскери бөлімінде кәдімгі сарбаз, қатардағы жауынгер ретінде әскери борышымды өтеп болған соң, туған жеріме қайта оралдым. Әскерден оралған соң көп ұзамай осы саланың адамы боламын деп түсіндім. Содан міне, 2014 жылдан бері осы Саран қаласындағы 44803 әскери бөлімінде келісімшарт негізінде қызмет етіп жатырмын. Әскери шенім – кіші сержант.
- Оқырмандарымызды әскери қызметшінің бір күні қалай өтеді деген сауал мазалайтыны белгілі...
- Біз сарбаз емеспіз. Қызметкер болғандықтан өзге сала қызметкерлері секілді таңертең жұмысқа барамыз. Кейде кезекшілікке түсіп, сонда түнеуге тура келетін сәттер де болады. Таңғы сегізде жұмысымыз басталады. Әр күннің өзіндік тапсырмалар кестесі түзілген. Соған сай орындаймыз. Басым көпшілігі жаттығу жұмыстары. Жаттығу туралы кеңінен айта алмаймын. Себебі ол - құпия. Кешкі алтыларда тексеру болады, сосын қайтамыз. Мемлекет тарапы біздің материалдық тұрғыда таршылық көрмеуімізді қамтамасыз етіп отыр.
- Көп жігіттерден естиміз, әскердегі жылдар адамның мінезін өзгертеді дейді. Сіз қалай ойлайсыз?
- Иә, ол рас. Әскерде болған жігіттер мен отан алдындағы борышын өтемегендердің мінез-құлқы жер мен көктей. Кәдімгідей айырмашылықты байқауға болады. Әскери өмірді көргендер ортада өзін қалай ұстау керектігін, қай жерде қалай сөйлеп, тіпті қалай жүру керектігін біледі. Яғни, өз-өзін басқара алады. Мінезі тұйықтау келеді. Қысқасы, нағыз еркекке тән қасиеттер - батырлық, жігерлікті табуға болады ғой.
- Демек ел арасында қалыптасып кеткен «әскери қызметкер тым қатал» деген ұғыммен келісесіз ғой?
- Әскери адам да өзгелер секілді ет пен сүйектен жаратылған. Олардың айырмашылығы деп – жігерлікті айтар едім. Әрине, мен мұнымен өзгелердің ондай қасиеті жоқ дегім келмейді. Әскери қызметші – әскери тәртіпке дағдыланады ғой. Дегенмен біз де қажет кезінде әзілдесіп тұрамыз. Қатал болатын жерде оны байқатамыз. Бастысы, бұл салада жүргендер қайда болмасын өз орнын біледі.
- Ұят та болса, айтуға тура келеді. Елімізде әскерге бармаудың барынша амалын табатындар жоқ емес. Оларға айтарыңыз бар ма?
- Ондайлар «әскерге барып бір жылымды текке жоғалтып аламын, одан да жұмыс істеп, ақша тапқаным жақсы» дейді. Өкінішке орай, қазір адамдар ақшаға беріліп кетті ғой. Маған отан алдындағы борышын өтемеген жігіттер нәзік жанды қыздар секілді көрінеді. Қайта кейбір қыздарымыздың өзі әскери өмірге қызығып, тіпті кейде «неге елімізде қыздарға арналған әскер жоқ» деп баруға ниет білдіріп жатады. Әрине, қуанып қаласың. Бұрындары, жасы келді ме, барлық жігіттерді бірдей әскерге жіберіп отырған. Меніңше сол талапты қазір де қолдану керек сияқты. Ары кетсе бір жыл жүреді. Қайта қайсарлықты үйреніп келеді. Оның үстіне қазір Аллаға шүкір, бейбіт күнде өмір сүріп жатырмыз ғой. Мәселен менің әкемнің кезінде қазақ аяқ басып көрмеген елдерге жіберіліп, сол жақта әскерде болып келгендер бар. Ал қазір шүкір, бір Қазақстанның іші. Борышты өтеу мерзімі де көзді ашып жұмғанша өте шығады. Сенесіз бе мен өзім әскерден қайтарда сондағы достарыммен «тура үйде тәтті ұйқыға кетіп, түс көріп шыққан сияқтымыз» деп қалжыңдап қоштасқанбыз.
- Бәлкім оларға соңғы кезде жиі орын алып жатқан келеңсіз оқиғалар себеп шығар. Мәселен, әскерде соққыға жығылу, өз-өзіне қол жұмсау...
- Шынымды айтсам, өзім әскерде болған кезде ондай ешбір теріс әрекетті байқамадым. Барлығы әскери талапқа сай жүргізілді. Сол себептен ол – жай сылтау сияқты. Оның үстіне жұрттан естіп, қазірден қашатын болса, ол жігіт ертең өз елін қалай қорғамақ, Отанына деген махаббаты қайдан болсын. Айтып өткенімдей, бір жыл зу етіп өте шығады. Өзіміз әскерден қайтқанда «ер жігітке тән бір борышты өтедік» деп қуанғанбыз.
- Төл мереке қарсаңында әріптестеріңіз бен барша қазақстандықтарға айтар тілегіңіз болса, мархабат...
- Бастысы, әрқашан ел шекарасы тыныш, жұртымыз аман болсын дегім келеді. Осындай бейбіт елде өмір сүруіміз бірінші кезекте Жаратушының, екінші кезекте елді басқарып отырған басшыларымыздың арқасында ғой. Сонымен қатар, осы күнге жеткізген ата-анамыздың амандығын тілейік. Ширек ғасырда еліміздің жеткен жетістіктері ауыз толтырып айтарлықтай ғой. Алдағы уақытта да биік белестерді бағындыра берейік. Әрбір қазақстандықты соған үлес қосуға шақырамын.
- Сұхбатыңызға рахмет! Тағы да келе жатқан төл мерекеңізбен!
Сұхбаттасқан
Шапағат ҚОСШЫҒҰЛОВ