Сегодня: 24.11.2024
Регистрация: в Министерстве информации и коммуникаций Республики Казахстан. Свидетельство №16307-Г от 18.01.2017 года (номер и дата первичной постановки на учет №869-Г от 16.09.1999 года)

Бүгін қасиетті Рамазан айының 11-ші күні. Алла Тағаланың разылығы үшін ораза тұтқан жамағат күні бойы ішіп-жеуден, жат қылықтан тыйылып, кешкісін «Ауызашарға» отбасыларымен бірге жиналады.

Мұсылман қауымы мамыр айының 19-нан 20-сына қараған түні «Қадір түнін» қарсы алғаннан кейін, мамырдың 23-і күні ауыздарын ашып, айт мерекесінде қауышады. Рамазан айының ғибадаттарын сарандықтар қалай өткеріп жатқандығын білу және осы айдың қасиеттері мен ерекшеліктері туралы айтып беру үшін Саран қалалық орталық мешітінің бас имамы Мұхаметқали қажы Сапарғалиұлымен сұхбаттасқан едік. Сол сұхбатты назарларыңызға ұсынамыз.

– Мұхаметқали мырза, биылғы оразаның ерекшеліктері туралы айтып берсеңіз.

 – Барша мұсылман қауымды қасиетті Рамазан айының келуімен құттықтаймын. Кеше ғана табалдырығымызды аттаған Рамазан айының орта беліне де жетіп қалдық. Бұл айдағы исі мұсылман баласы үшін аса маңызды ғибадаттар ретінде ораза ұстау, тарауих намазын оқу, пітір садақасын беру, ауызашар дастархандарын жаю деп білеміз. Ал енді ораза ұстау ішіп-жеуден тыйылу ғана болмағандықтан, мұнда рамазанға дейін жасап келген көптеген іс-әрекеттерден, түрлі жағымсыз әдеттерден тыйылатыңыз түсінікті жайт. Демек, мұсылманның нәпсісі сынға түсетін уақыт. Биылғы Рамазан айының біраз өзгешелігі бар екенін білеміз. Алайда, елде шектеу болғаныменен Алланың берер сауабы, рахымы азаймайды. Төтенше жағдайларға байланысты жамағат намаздарына, ауызашарға тыйым салынғаны рас. Бірақ, бұл іс-шаралар өзіміздің амандығымыз үшін. Сондай-ақ, нағыз мұсылман ретінде басқа түскен әрбір іске шынайы сабыр етуіміз керек. Себебі, Қасиетті Құран Кәрімде «Расында, әрбір қиындықтан соң, жеңілдік бар» (Әш-Шарх сүресі 6-аят) делінген.

Міне, биылғы оразаның бір ерекшелігі осы болса керек. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) ораза жайлы айтқан бір сөзінде: «Кімде кім жаман сөз бен теріс іс-әрекеттен тыйылмаса, оның тамақ жемей және су ішпей отырғанының Аллаға керегі жоқ», - деген екен. Демек, әдептілікке қайшы келетін әрбір сөз бен іс-әрекет бұл рухани құлшылықтың сауабын кемітеді. Оразаның мақсаты - адамды тәрбиелеу. Адамның жан дүниесін түрлі жат қылықтар мен жаман әдеттерден тазарту. Оразаның осы қағидаларын басшылыққа алып, ауыз бекіткен мұсылман баласы нағыз ораза құлшылығының дәмін тартуға тырысуы қажет. Ораза ұстаушы жоғарыдағы хадиске сай әрекет етсе, күні бойы аш жүргені ақталып, мол сауапқа кенеледі. Бұл әрбір адам оразасының ерекшелігі болмақ.

Жамағатпен намаз оқуға, мешітке баруға мүмкіндік болмаса да, отбасыңызбен, балаларыңызбен бірге уақыт өткізуге ең үлкен мүмкіндік туып тұр. Үйден шықпай-ақ, қасиетті айдың қадірін ұғына аламыз.

Айта кетсек:

  1. Егер сіз, намаз оқығыңыз келіп жүрсе, бірақ осы күнге дейін бос уақыт таба алмаған болсаңыз, қазір оңтайлы сәт келіп тұр! Қажетті сүрелерді жаттап, намаз оқудың бейнесабақтарын көріп, қайталай аласыз. Сондай-ақ, бұрыннан намазға жығылған болсаңыз, білетін сүрелеріңіздің санын арттыра аласыз. Қиямет күні пенде жатқа білетін ең соңғы аятын оқымайынша, періштелер оны аспанға көтере береді.
  2. Егер сіз, осы күнге дейін жұмыс басты болған болсаңыз, отбасыңызға, жарыңызға көңіл бөлудің нағыз ыңғайы келіп тұр! Балаларға әкенің берер тәрбиесі ерекше болса, әйел адамға жолдасының көмегі күш-қуат сыйлайды. Бұл турасында намыстанудың, ұялудың қажеті жоқ. Себебі, бүкіл әлемге пайғамбар ретінде түсірілген Мұхаммед пайғамбардың (с.а.с) өзі жыртылған киімін тігіп, қажет болса базарға да барып келген. Бұл жайлы хадис те бар: «Сендердің жақсыларың жанұяларына жақсы болғаны, мен сендердің ішінде жанұясына ең жақсы қарайтын адаммын»
  3. Ислам діні туыстық қарым-қатынасқа аса назар аударады. Бұл жайлы Қасиетті Құран Кәрімде: «Алладан қорқыңдар, туыстық байланысты үзуден сақтаныңдар. Күдіксіз, Алла сендерді бақылап тұрушы», делінген («Ниса» сүресі, 1-аят). Қазіргі бос уақытты пайдалана отырып, алыстағы туысқандардың халін сұрап, хабарласуыңызға болады.
  4. Балалардың көбісі естігенін емес, көргенін қайталайтынын білеміз. Сондықтан, балаңыздың бойына батырлық, адалдық, отансүйгіштік қасиеттерді дарыту мақсатында батырларымыз, аңызға айналған тұлғаларымыз жайлы мультфильмдерді көрсетіп, бірге талқылай аласыз. Бұл бір жағынан ата-ана мен бала арасындағы нәзік қарым-қатынасты бекіте түседі.
  5. Озық технологиялардың арқасында интернет желісі арқылы қайырымдылықпен айналыса аласыз. Мұқтаж адамдардың қажетін өтеп, садақа беруге болады. «Алланың Елшісі (с.а.у.) былай дейді: «Садақа Раббының ашуын басады және жаман өлімді қайтарады».

– Ораза ұстаушыға қойылатын ең басты талаптар?

– Кез келген құлшылық қабыл болу үшін талап етілетін екі шарт бар. Бірі – Алла разылығы үшін болу керек, екіншісі – Құран мен сүннетке сай атқарылуы тиіс. Ең алдымен, оразамызды Алла разылығынан басқа нәрселерден тазартайық. Яғни, біз оразаны денсаулықты жақсарту немесе адамдарға жақсы көріну үшін емес, Алланың бұйрығы, Оттан қалқан болатындығы, Жәннатқа жеткізетіндігі үшін ұстаймыз. Оразаның сыртқы шарттары – таңнан кешке дейін ас пен судан, жыныстық қатынастан тыйылу. Адам ораза ұстағанда ішіп-жеуден ғана бас тартпайды, оның  тәні күнәдан, харамнан тыйылады. Көз тыйым салынғанға қараудан, құлақ өсек-аяң, жала, жаман сөз, өтірік естуден, қол арамды ұстаудан, күнә жасаудан, аяқ тыйым салынған жерге барудан, асқазан тамақтан, тіл өтірік пен ғайбаттан, ой жамандықтан, жыныстық ағзалар зинадан бас тартады. Яғни, мұсылман тек жақсы сөйлеп, оразасын бұзбауға барын салады.

– Ораза кезінде емізулі сәбиі бар аналар не істесе болады?

– Ең дұрыс деген пікірге сүйенер болсақ, аяғы ауыр немесе емізулі баласы бар әйелдерді ауру деп қарастырады да оларға ораза тұтпауға рұқсат береді. Бірақ ол қаза болған күндердің қазасын өтеуі тиіс. Пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) былай дейді: «Алла Тағала оразаны және намаздың жартысын жолаушыға жеңілдетті, әрі Ол аяғы ауыр және емізулі баласы бар әйелдерге оразаны жеңілдетті». (Әт- Тимрмизи, 3/85, ол бұл хадисті хасан хадис деген)

– Ораза ұстауға денсаулығы жарамайтын жандарға не істеуге болады?

– Сапардағы адамдардың, жүкті әйелдердің және басқа да үзірлі адамдардың ораза ұстамауына рұқсат етілген. Алайда, ондай адамдар мүмкіндігінше жеңілдіктерді пайдалана отырып, ораза ұстаса сауапқа кенелетіні күмәнсіз. Алла Тағала былай деді: «Ал біреу науқас, не сапарда болса, басқа күндерде оразасының санын толтырсын» ("Бақара" сүресі,185- аят). Яғни, адамның денсаулығы Рамазан айынан кейін жақсарған болса, салқын күндерде 30 күн ораза тұтуына болады. Ал егер  кімде кімнің ораза ұстауға мүлде шамасы келмейтін болса (яғни, бірде болмаса бірде ұстайтын жағдайы мүлде жоқ, мысалы қарт я болмаса аурушаң жан) ол адамға ораза ұстау міндетті емес, алайда ол әр күні бір міскінді тамақтандырып отыруы қажет. Абдуллаһ ибн Аббас (ол кісіге Алла разы болсын) Алла Тағаланың мынандай сөзін оқыған: «... Және сондай ораза күш келетіндер, (кәрі не аурулар) бір міскіннің тамағын төлесін» («Бақара» сүресі, 184 аят)

– Ауыз бекіту дұғасы мен ауыз ашар дұғаларын қазақша айтуға бола ма?

– Ұлы Жаратушы барлық ұлттардың тілімен қоса іштейгі айтылмаған тілектерін де біледі. Сондықтан ауыз бекіту дұғасы мен ауыз ашар дұғаларын өз тілінде айтуға тыйым салынбайды. Бірақ, араб тілінде жаттап алған абзал.

– Сәресіге ұйықтап қалса не болады?

– Сәресі ішу – парыз емес. Ұйықтап яки басқа себептермен сәресіні өткізіп алғандар ештеңе ішіп-жеместен ораза ұстауын ары қарай жалғастыра береді. Бірақ, сәресіні жіберіп алмауға тырысқан жөн. Хадисте: «Сәресі ішіңіздер, себебі, сәресіде берекет бар. Бір жұтым су ішсеңдер де сәресіні тастамаңдар. Себебі, сәресіге тұрғандарға Алла Тағала рақым етіп, періштелер кешіріп тілейді»,- делінген. Сәресі ішу адамға күш береді, күндізгі жұмыстарын тыңғылықты атқаруға, ғибадаттарын кемшіліксіз орындауға көмектеседі. Бұған қоса, сәресіге тұрған кісі сүннет сауабын алады. Себебі, сәресі жеу – пайғамбарымыздың сүннеті.

– Намаз оқымаған кісінің оразасы қабыл болмайды деу дұрыс па?

– Олай кесіп айтуға болмайды. Өйткені екеуі екі бөлек ғибадат.

– Тамақтың дәмін көруге бола ма?

– Тамақтың тұзын тексеру үшін тілінің ұшымен көріп, түкіріп, аузын шайып тастауы тиіс. Астың дәмі тамағының ар жағына кетсе оразасы бұзылады.

– Ғайбат, өтірік, боқтық сөз айтса, ұрсысса, қатты ашуланса ораза бұзыла ма?

– Ораза одан бұзылмайды. Бірақ, сауабы кемиді. Ораза тек аштық қана емес, рухани да құлшылық. Сондықтан, барлық нәпсіні тыйю керек. Осы жерде оразаның сүннеттері мен әдебін айта кеткен жөн. Ауыз бекіткен кісі бір жұтым су болса да сәресіде тұрып ішу; күн батқан соң, намаздан бұрын дереу ауызды ашу; ауызашар кезде дұға жасау, Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) ауызашар кезіндегі дұға кері қайтарылмайтынын айтқан; ораза ұстағандарды бір құрмамен, сумен болсын ауыз аштыру, ауызашар беру, тіпті мешітте жиналған жамағаттың бірнешеуінің болсын суын дайындап апарып берсе де үлкен сауапқа ие болады. Сондай-ақ, тіл мен басқа ағзаларды күнәдан сақтау, ілім үйрену, Құран Кәрімді көп оқу, көп салауат айту, сәресі мен ауызашарда қомағайланбау, иқтикафқа кіру (сауап алу мақсатымен мешітте түнеп құлшылық жасау) сауапқа бөлейтін амалдар.

– Алғаш рет ораза ұстағандар нені білуі тиіс?

– Жасаған жақсылықтар мен салиқалы амалдардың сауабы еселеніп жазылатын қасиетті айда  алғаш рет ораза ұстағандар таң шапағынан бастап, күн батқанға дейін ішіп-жеуден тыйылатынын білуі керек. Тек ішіп-жеуден емес, бұл айда жаман істер мен жаман ойлардан да тыйылады. Керісінше, жақсылық жасап, сауапқа кенелуге асығу керек. Пайғамбарымыз Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Алла Тағала ең болмаса бір түйір құрма, тіпті бір ұрттам сумен болса да қамқорлық жасағанға сауап жазады…»– деген.

– Оразаны басында, ортасында және соңында үш күн ұстауға болама?

– Рамазанға дейін Ережеп және Шағбан айлары бар. Бұл туралы Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) мынадай хадисі бар «Ережеп – Алланың айы, Шағбан  – менің айым, Рамазан – менің үмметімнің айы». Исламда осы үш ай қасиетті саналады. Ережеп және Шағбан айларында басында, ортасында, соңында үш күннен ораза ұстаса болады. Ал Рамазан айында аяқ астынан науқастанып немесе сапарға шығып қалмаса, оны бөліп-жарып ұстауға болмайды. Толық ұстау парыз етілген. «Бақара» сүресінің  185-аятында «Кімде-кім ораза айына жетсе, оны толық ұстасын» делінген.

– Денсаулығына байланысты ораза ұстай алмайтындар не істейді?

– Науқас жандар немесе денсаулығына байланысты ораза  тұта алмайтындар  фидия садақасын берсе болады. Яғни бір міскінді күнделікті тамақтандырып немесе тамақтана алатындай ақшасын беріп отыру керек. Егер фидия төлеуге шамасы жетпесе, Алла әрдайым кешірімді. Пендесіне күші жетпейтін нәрсені міндеттемейді.

– Рамазан айында ауыз бекіткенмен, кейіннен шыдамай ауызын ашып жіберетіндер бар. Олар қайтеді?

– Егер денсаулығына байланысты оразаны тоқтатар болса, ол кешірімді. Ол күндері қарыз етіліп, кейіннен өтеуіне болады. Ал егер нақақтан-нақ еш себепсіз, азғантай қиындыққа шөлге, ыстыққа, тамаққа  шыдамай аузын ашып жіберсе, онда оразаның бір күніне 60 күн ораза тұтуға міндеттеледі. Алла тағала жаратқан пендесіне бір нәрсені парыз етсе, оның жеңілдіктерін де қоса берген. Мысалы, намаз. Адам науқастанса, оны отырып оқуға рұқсат. Сапарға шықса, қысқартып оқуына (қасыр намазы) болады.  Сол сияқты қасиетті Рамазан айындағы оразаның да өз жеңілдіктері бар. Адам жолаушылап сапарға шықса, аузын ашуға, сол сияқты науқастанып қалса, емделуге  рұқсат. Оның қарыз күндерін кейін  өтейтіндей жеңілдіктер жасаған. Алайда  ыстыққа, шөлге шыдамай, Алланың үкіміне қарсы келіп, әркім қаласа ұстап, қаламаса ұстамайтын болса, онда оразаның қандай қадір-қасиеті қалады?! Араб елдерін алайықшы, жаз айларында үнемі 50-60 градус аптап ыстық. Күндіз де, түнде де солай. Соған қарамастан, ешбір уәж айтпастан, ол жақтағы мұсылмандар қиналмастан бәрі ораза ұстайды.  Ал шілде айында болмаса, бізде ондай ыстықтар бола қоймайды. Кешіміз салқын, қоңыржай. Өзге айларда тіпті жеңіл. Кез келген адам шын ықыласымен ниет етіп, ораза ұстап, оның сауабын тек қана Алладан сұрайтын болса, оның жасаған күнәләрі кешіріліп, анадан жаңа туған сәбидей тап-таза болады.

– Оразаның қарыз күндерін қай уақытта өтеген дұрыс?

– Алла тағала қарыз күндердің уақытын шектемейді. Алайда  оразаның қазасын тездетіп, келесі Рамазан айына дейін өтеп тастаған абзал. Абзалы, айттан кейін өтесе, тіпті жақсы. Тек ораза айт кезінде  ұстамайды. Сондай-ақ, жұма күнінен бастап, ұстамайды. Егер 1 күн қарызы болса, оны жұма күні өтеуге  болмайды.  Ал 5 күн болса, дүйсенбіден бастап, сенбіге дейін ниет қылып, өтей алады.

- Сұхбатыңызға рахмет. Алла Тағала мұсылман үмметінің құлшылықтарын қабыл етіп, асыл дінімізге күш-қуат бергей!

Сұхбаттасқан

Шапағат Қосшығұлов