Сегодня: 22.11.2024
Регистрация: в Министерстве информации и коммуникаций Республики Казахстан. Свидетельство №16307-Г от 18.01.2017 года (номер и дата первичной постановки на учет №869-Г от 16.09.1999 года)

Кез-келген елде зайырлылық принциптерінің салтанат құруы діни тұрғыдан білімді, сауатты жастардың өсуімен сипатталады. Бұл туралы өз ойымен Жастар ресурстық орталығының инспекторы Гүлнар Далабаева 15 мамырда Жастар ресурстық орталығының instagram парақшасында тікелей эфир арқылы өткен онлайн кездесу барысында бөлісті.

Тікелей эфир «Қазақстан – зайырлы мемлекет: конституциялық-құқықтық аспект» тақырыбына арналды.

Шара Халықаралық отбасы күнімен тұспа-тұс келуіне орай, Гүлнар Далабаева тікелей эфир көрермендерін атаулы мерекемен құттықтап, отбасы құндылықтарына да аз-кем тоқталып өтті.

«Бүгін – халықаралық отбасы күні. «Отан отбасынан басталады» деп жатамыз. Жанұяның береке-бірлігі – әр сәбидің, әр баланың болашақ қадамы. Өйткені, ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілесің. Отбасы – ол да бір шағын ғана мемлекет. Отбасы – сүйіспеншіліктің, құрмет пен ынтымақтастықтың ошағы, яғни кез келген зиялы қоғамның діңгегі. Отбасының аман-саулығы әрбір елдің дамуы мен келешегінің өлшемі деп білеміз. Сондықтан да бүгінгі мерекеде бір-біріңізге әдемі де әсерлі сөздер арнап, ерекше сыйластық көрсете біліңіздер! Тек қана бүгін емес, жылдың әрбір минутында, әрбір сағатында, жанұяңызды ыстық ықыласыңыз бен шексіз махаббатыңызға бөлей жүріңіз!» деді Гүлнар Бакенқызы.

Дәріс барысында жастар орталығының инспекторы қазақстандық зайырлы саяси бағыттың ерекшеліктері мен заңды негіздерін түсіндірді. Оның елдегі конфессияаралық келісімді қолдаудағы маңыздылығы, сондай-ақ, діни және мемлекеттік секторлардың өзара қарым-қатынасын реттейтін заңнаманы бұзумен байланысты негізгі проблемалық мәселелер қозғалды.

Орталықтың инспекторы тікелей эфир қатысушыларын дін саласындағы мемлекеттік саясатпен таныстырып, діни санасын қалыптастыруға тырысты. Кездесу барысында зайырлылық принциптері терең ашылды.

«Зайырлы мемлекеттің принциптерінің бірі - толеранттылық. Зайырлы мемлекет көп конфессиялы, көп дінді болады. Бейбіт өмір сүру үшін Елбасының саясаты, жалпы мемлекеттік саясат, төзімділік мәселелеріне көңіл бөлу керек. Бұл түсініктердің өз шеңбері бар. Біз ұлт ретінде қазақ екенімізді, егемен ел болу үшін ұлттық қауіпсіздікті ұмытпауымыз керек. Сауатты болуымыз керек. Саяси, діни сауатты болу керек. Сол үшін жастар көшеде, кез-келген жерде адамдармен қатынас жасағанда олар сізге діни уағыз айтуы мүмкін. Жастарда рухани ізденіс болады. «Өмірдің мәні неде, адам неге өледі, өлген соң қайда барады?» деген сияқты сауалдарға өмір бойы жауап іздейтіні анық. Көп жастар оны ата-анадан, мұғалімнен сұрамайды, интернетке сүйенеді. Ал бұл қауіпсіз емес», - деді Гүлнар Далабаева.

Тікелей эфир барасында Гүлнар Бакенқызы зайырлылық пен атеизмнің ара жігін ажыратты, оның конституциялық-құқықтық аспектілеріне тоқталды.

«Зайырлылықты күшейту – дінді әлсірету деген сөз емес. Зайырлылық қанша күшейтілсе де, діни қызмет өз арнасымен жалғаса береді. Діни қызметпен санаспауға болмайды, жай ғана санасу емес, оның сапасы мен нәтижесін жіті назарға алып отырған жөн. Дін саласындағы қызмет бағыттарын күшейту – дінді күшейту емес, діни қызметті назарда ұстауды күшейту деп ұғынылғаны абзал. Дін дегеніміз тек сенім жүйесі емес, ол – өмір сүру мәнері, қарым-қатынас әдебі, моральдық нормалар жиынтығы, жақсы мен жаманды, адал мен арамды ажыратушы рухани қағидалар жүйесі. Сондықтан, дін мәселесі – рух мәселесі. Дінге руханият негізі ретінде қарап, оның жасампаз құндылықтарын, рухани әлеуетін басты назарға алған жөн. Діннің рухани әлеуетін мәңгілік идеяларға, зайырлылық идеяларына пайдалануға болады. Сол арқылы барлық жоғалтқанымызды түгендеп, мызғымас құндылықтар қалыптастыра аламыз», - деді Гүлнар Бакенқызы.

Сонымен қатар, жастар ресурстық орталығының инспекторы жастарды жат ағымның жетегінен қорғау үшін мемлекеттік органдардың тарапынан әртүрлі іс-шара ұйымдастырылып жатқанын да тілге тиек ете келе, ел болашағын тәрбиелеуде қыз балалардың рөлі өте жоғары екенін атап өтті.

Иә, Қазақстан Республикасының жас мемлекет ретіндегі қалыптасу кезеңін барынша тиімді зерттеп, өздерінің арамза пиғылдарын жүзеге асырғысы келетін шетелдік жат, жау күштер алғашқы жылдардағы тәжірибеміздің аздығын пайдаланып, діни ахуал мен сезімге, көңіл-күйге барынша әсер етуге талпынып, түрлі жолдарды пайдаланды.

Елімізге тәуелсіздіктің 29 жылында жымысқы мақсаттарын бүркемелеп, арамза пиғылмен енген діни ұйымдар мен ағымдар үшін осы өтпелі кезеңде қадағалаудан тыс қалған әлеуметтік топ үгіт-насихат жүргізетін негізгі обьектіге айналып, талай адамдарымыз алдау мен арбауға түсіп үлгерді.

Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында діни идеяларға жаппай бетбұрыс дұрыс қадағаланбады. Шет елдерде діни білім алғандардың көбі – араб әлемінде жүрген адами идеяларға барып саятын, сұрқия саяси көзқарасын уағыздап, дәстүрлі қазақтың мұсылмандық жолын әділетсіз көріп адасты, бұзды немесе шектеді, діни ахуалға теріс ықпал етті. Иә, мұнымен біз күресті дер кезінде бастап, жүргізіп отырмыз. Елбасымыз Н.Назарбаев айтқандай: «Діни экстремизммен күрес, дінмен күреске айналып кетпеуі тиіс».

Бұл – зайырлы мемлекеттің тұғырлы идеясы және тарихи дәуір талабы болып табылады.

Шапағат  ҚОСШЫҒҰЛОВ