СOVID-19, пандемия, карантин, өзін-өзі оқшаулау, қашықтан білім алу. Иә, осыдан бір ай бұрын баршамызға бейтаныс болған бұл сөздер, қазіргі уақытта күнделікті тірлігіміздің бір бөлшегіне айналды десек артық айтпаған болармын. Тіпті бұлар өмірізге етелеп еніп, оның қалыптасқан үйреншікті ағынын мүлдем басқа арнаға бұрғандай болды.
Бірақ бүкіл әлемді жаулаған пандемияға қарамастан, жер бетіндегі өмір жалғаса бермек. Ол еш тоқтамақ емес. Сол сияқты адам өмірінде де тоқтатуға болмайтын процестер бар. Олар өте маңызды процестер. Соның бірі - білім алу.
Төтенше жағдай жарияланып, қалалар карантинге алынып, әуе және теміржол қатынастары тоқтатылса, еліміздегі студенттер мен оқушылар қашықтықтан оқуға көшті. ЖОО онлайн оқуды бастап, ал мектеп оқушылары сәуір айының 6-ншы жұлдызынан бастап көгілдір экран мен смартфон алдына білім алу үшін жайғасты. Бұл процестен «Достық үйі» балалар мен жастар орталығы да тыс қалмады.
Білім алу процесі жаппай онлайн және қашықтан оқыту жүйесіне ауысқаннан кейін, «Достық үйі» балалар мен жастар орталығының педагогтары онлайн сабақтар, конкурстар, викториналар мен челендждер ұйымдастырып өткізуді қолға алған болатын. Тіпті осы форматтағы білім берудің жаңа әдістемесі шығармашылық идеяларды жүзеге асырудың ерекше платформасына айналған секілді көрінді. Оған дәлел ретінде Достық үйінің педагогтарымен ұйымдастырылып өткізілген 16 онлайн форматтағы іс-шараларды айтуға болады.
Онлайн форматтағы іс-шараларды алғаш бастап, шымылдығын кескен – Достық үйінің жас шахматистері болатын. Сәуір айының 6-сы мен 30-ы аралығында Қазақстан халқының бірлігі күніне орай Достық үйінің «Белая ладья» шахмат клубы қалалық Білім бөлімімен бірлесе отыра оқушылар арасындағы алғашқы онлайн турнирді өткізді. Қатысушылар үйінде отырып-ақ, төрешінің бақылауымен бір-бірімен бейне байланыс арқылы сайысты. Балалардың сайысқа әбден тыңғылықты дайындалғандары ойын барысында тек екі партияның ғана теңбе-тең аяқталуынан-ақ байқалып тұрды. Ойын қорытындысы бойынша 1 орынды Бапыш Ибрахим жеңіп алса, 2 орынды Марат Амиржан қанжығасына байлады, ал жүлделі үшінші орынды Тыщенко Радмирдің місе тұтуына тура келді. Себебі алдыңғы екі қатысушы қарсылас шақ келтірмеген өте мықты шахматистер болып шықты. Барлық қатысушыларға қалалық дене шынықтыру және спорт бөлімінің грамоталары тапсырылып, жеңімпаздар медальдарға ие болды.
Ал сәуір айының 8-нде «Үйде бол» атты челленд ұйымдастырылды. Челлендж барысында «Достық үйі» балалар мен жастар орталығының спорт бөлімшесінің спортшылары қала тұрғындарынан карантин кезінде үйден шықпауларын өтініп, жеке гигиеналық талаптарды қатаң ұстануға шақырды. Челленджге Шахтинск қаласының «Салтанат» бөбекжайының тәрбиеленушілері және Саран қаласы мен Ақтас кенітінің балалар мен жасөспірімдерге арналған клубтары қатысып, қолдау көрсетті.
Сәуір айының 10-ы мен 24-і аралығында «ЭкоС» экологиялық орталығымен «Менің сүйікті үй жануарым» атты қалалық фото және видео-конкурсы ұйымдастырылып, өткізілген болатын. Мұндағы мақсат өскелең ұрпақтың санасында өз үй жануарларына деген жауапкершілікті сезінуді қалыптастыру болды. Дауыс беру нәтижесі бойынша ең көп дауыс жинағандар (лүпіл) келесідей жайғасты: бейнероликтер бойынша Евангелина Ковтунова 1 орынды, Ұлан Хасанбаев 2 орынды, Артур Ким 3 орынды иеленсе, суреттер бойынша 1 орынды Светлана Максименко, 2 орынды Адиль Комловский, 3 орынды Илья Кливин мен Дмитрий Клитвиндер иеленді.
Тізбектей берсек, «Достық үйі» балалар мен жастар орталығында өткізілген игі шаралар өте көп. Біз тек бірнешеуін атап өтуді жөн көрдік.
Мысал ретінде айтатын болсақ, 10-ыншы сәуір мен 8-інші мамыр аралығында «Жас Қанат» жастар көшбасшысы ассоциациасымен жастарға шығармашылық қолдау көрсету және өскелең ұрпақты патриоттық рухта тәрбиелеу мақсатында «Ұлы жеңіске мың тағзым» атты суреттер конкурсы, 10-ыншы сәуір мен 6-ншы мамыр аралығында «Жас Ұлан» РҚҰ қалалық штабымен Ұлы Жеңістің 75 жылдығына орай «Соғыс жылдарындағы әндер» атты қалалық конкурс, сәуір айының 10-ы мен 15-і аралығында СOVID-19 алдын алу мақсатында Саран қаласы мен Ақтас кентінің балалар мен жасөспірімдерге арналған клубтарының арасында «Үйде бол» атты балалар салған суреттердің конкурсы өтті.
Пандемия, карантин, Ұлы Отан соғысындағы жеңістің 75 жылдығы, Абай Құнанбаевтың 175 жылдығы секілді тақырыптарындағы «Достық үйі» балалар мен жастар орталығымен ұйымдастырылған іс-шаралар тізбегі мамыр айының 8-іне дейін жалғасты.
Бірақ бұл дегеніңіз өзгеше әдіс, ерекше форматтағы іс-шаралар осымен аяқталды деген сөз емес. «Достық үйі» балалар мен жастар орталығының жұмысы әрі қарай да жалғаса бермек.
Шапағат ҚОСШЫҒҰЛОВ