21 мамыр - мәдениет және өнер қызметкерлерінің кәсіби мерекесі. Төл мейрамда мәдениет саласына еңбегі сіңген мәдениет және өнер қызметкерлерін Қарағанды облысының әкімі мен облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы марапаттады.
Мәдениет – ұлтымыздың бет-бейнесі, рухани болмысы, ақыл-ойы мен парасаты екені сөзсіз. Тек қана тұрғылықты жері емес, облысымыздың қоғамдық өміріне белсене атсалысып, мәдениет саласының өркендеуіне үлес қосып жүрген қызметкерлердің еңбегі еленген күн болды бүгін. Өмірлік еңбек жолдарын өзінің сүйікті істеріне, мамандықтарына арнаған азаматтар құрметке бөленді. Олардың қатарында «Ақ шаңырақ» этномәдени қоғамдық бірлестігінің жетекшісі Светлана Супьянова да бар.
Иә, тек қана Ақтас кенті емес, тіпті облыс тұрғындарына халқымыздың рухани байлығын, ұлттық өнерімізді насихаттап жүрген талант иелерін елеп, қошемет көрсетіп, марапаттау – игілікті шара. Светлана Жолдыбайқызына облыс әкімінің «Үздік жетекші» сыйлығының лауреаты дипломы мен әкімнің ақшалай сыйлығы бар сертификаты табысталды. Сонымен қатар, ол Қарағанды облысының мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы басшысының дипломы мен 100 мың теңгелік сертификатын иеленді. Оларды Светлана Жолдыбайқызына Ақтас кенті мәдени-сауық орталығының директоры Татьяна Алешкова салтанатты түрде табыс етті.
«Бүгінгі күні мәдениет пен өнері өркендеген қоғам әр уақытта ілгерілеп, дамитынын ескерсек, Сіз және сіз секілді жандар сол даңғыл жолдағы басты мамансыздар. Елімізде билік тарапынан үнемі мәдениет саласына жіті көңіл бөлініп келеді. Халыққа мәдени, рухани қызмет көрсетіп, ұлттық салт-дәстүрлер мен әдет-ғұрыптарды қайта жаңғыртып, елдің ризашылығын алып жүргендеріңіз – шынайы еңбектеріңіздің арқасы деп білеміз. Бүгін міне, сол үлкен еңбегіңіз еленіп, тиісті бағасын алып жатыр. Бұны сол қаншама жылғы маңдай терінің кішкентай ғана бір жемісі деп біліңіз», - деді марапаттарды табыстау салтанатында Татьяна Алешкова.
Мәдениетті мәртебем, өнерді өрісім деп қадірлейтін елдің қашан да абыройы асқақ болмақ. Бұл күн, шынында да, мәдениет пен өнер адамдарының мақтанған, шаттанған күні болды. Аймақтағы өмірдің ажарын ашып, көркін кіргізіп, айшықтап жүрген де осы – мәдениет пен өнер қызметкерлері.
Қуанышын жасыра алмаған Светлана Жолдыбайқызы: «Бұл үлкен қуаныш, үлкен мәртебе. Алғысым шексіз. «Ақ шаңырақ» этномәдени орталығында бірнеше ондаған жылдар бойы еңбек етіп келемін. Осындай марапатқа лайық деп танылғаныма қуаныштымын. Биылғы жыл біз үшін ерекше болып, қасиетті Рамазан айында осындай мәртебеге ие болып отырмыз. Аллаға мыңда бір шүкір. Алла қуат берсе, ел мүддесі, ұлт мұраты үшін әрі қарай да осы қарқынмен еңбек ете береміз. Барлық әріптестерімізді, өнер жолындағы жандарды кәсіби мерекемен шын жүректен құттықтаймын», - деді.
Бізде өз кезегімізде, «Саран газеті» редакциясы ұжымының атынан Светлана Жолдыбайқызын алған марапатымен құттықтай отыра, еңбегіңе жеміс, отбасына береке-бірлік, деніне саулық тілейміз.
Шапағат ҚОСШЫҒҰЛОВ
олсын!