«…БІЗДІҢ МАҚСАТЫМЫЗ АЙҚЫН, БАҒЫТЫМЫЗ БЕЛГІЛІ, ОЛ – ӘЛЕМДЕГІ ЕҢ ДАМЫҒАН 30 ЕЛДІҢ ҚАТАРЫНА ҚОСЫЛУ. ... ҰЛТТЫҚ САЛТ-ДӘСТҮРЛЕРІМІЗ, ТІЛІМІЗ БЕН МУЗЫКАМЫЗ, ӘДЕБИЕТІМІЗ, ЖОРАЛҒЫЛАРЫМЫЗ, БІР СӨЗБЕН АЙТҚАНДА ҰЛТТЫҚ РУХЫМЫЗ БОЙЫМЫЗДА МӘҢГІ ҚАЛУҒА ТИІС....»
Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Н. Назарбаевтың
«Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласынан
Елбасы, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Н.Ә. Назарбаев «Қазақстан жолы - 2050: бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» атты жолдауында келтірген: «Қазақ тілі ғылым мен білімнің, интернеттің тіліне айналды. Соңғы жылдың өзінде қазақ тілін ана тілім деп санайтындардың саны 10 пайызға көбейді. Ешкім өзгерте алмайтын бір ақиқат бар. Ол қазақ тілі Мәңгілік Елдің - Мәңгілік тіліне айналды. Тіл мәселесін біз даудың емес, ұлттың ұйытқысы үшін пайдалануымыз керек»,- деген зерделі ойы бүгінгі таңда баршамызды біріктіретін қуатты сөзге, біртұтас идеяологияға айналып отыр. Ал Елбасының биылғы «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласы ұлттар бірлігін, мемлекеттік тіл мәртебесін, заманауи даму көшіндегі ұлттық рухани жаңғыру мәселесін қолдайтын, оны іске асыруға үлес қосатын азаматтарға рухани күш, айқын бағыт белгілеп берді десек, артық болмас.
Шаһарымыздың тұрғындарына тілдерді оқытуды жүзеге асыратын «Саран қаласының тілдерді дамыту орталығы» КММ де еңбегі елеулі. Қосымша білім беру нарығында жеті жылдай қызмет етіп келетін орталықтың басты ерекшелігі – мемлекеттік, ағылшын тілдерін тегін оқытуы және ақпараттық кеңістікті игерудегі ашықтығы. Оқыту кабинеттері жабдықталған, оқу - әдістемелік қоры жеткілікті, іс-шаралары мемлекеттік тіл саясатын жүзеге асыруға бағытталған.
Осыдан жеті жыл бұрын, нақты айтсақ, 2014 жылы құрылған орталықтың негізгі міндеті – ҚР Конституциясын, «ҚР тіл туралы» заңын, Қазақстан Республикасында тілдерді дамыту мен қолданудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын басшылыққа ала отырып, қосымша білім беру, яғни мемлекеттік тілді және басқа да тілдерді үйрету, оқу үдерісін ғылыми-әдістемелік тұрғыдан қамтамасыз ету.
Қалалық тілдерді дамыту орталығы оқыту үдерісін Қазақстан Республикасы Білім және Ғылым министрлігінің «Ұлттық тестілеу орталығы» РМҚК енгізген Ұлттық стандарттына сәйкес «Қазақ тілін оқытуға арналған бірүлгі бағдарлама» (қазақ тілін шетел тілі немесе екінші тіл ретінде оқыту әдістемесі) негізінде 5 деңгей бойынша жүзеге асырады. Тіл үйренушілердің білімі «КазТест» жүйесі бойынша бағаланып, көрсеткен деңгейіне сай сертификаттар табысталады.
Тілдерді оқыту орталығы заман сұранысына сай болуды үнемі қолдап отырады. Орталықтың ақпараттық кеңістікті игерудегі ашықтығы – кез келген мемлекеттік тілді үйренуге ниетті азаматқа қолжетімді болуы. Дәлірек айтсақ, әлеуметтік желідегі facebook (Языки Сарань) және instagram (tilortalygy_saran) қосымшаларында ашылған парақшаларына енгізілген оқу-әдістемелік материалдар циклы қашықтан оқу арқылы қазақ тілін өз бетінше үйренуге ниетті тұлға үшін өте қолайлы.
Бұл парақшада мемлекеттік тілді тегін әрі өзіне ыңғайлы уақытта үйренгісі келетін әрбір тіл үйренуші үшін қазақ тілін меңгертудің қарапайым –А1, базалық – А2, орта – В1 деңгейлеріне арналған сабақтар циклы енгізілген. Материалдардың қатысым тақырыптары күнделікті өмірдің негізгі салаларын қамтиды, Сондай-ақ парақшада орталықтың күнделікті тыныс-тіршілігі туралы ақпараттар легі үздіксіз жарияланып отырады.
Орталықтың мемлекеттік тіл оқытушыларының құрастыруымен баспасөз беттерінде де сабақтар әзірлемесі жарияланып келеді. Мәселен, қазақ тілін үйренуге ниетті тұлғалар үшін жергілікті «Cаран газеті» газетінде «Казахский язык для всех» айдары ашылып, сабақтар циклы ұсынылып келеді. Бұл сабақтар тіл үйренушілерге тілді қашықтан үйреніп, коммуникативтік дағдыларын дамытып, лексикалық қорларын байытуға септігін тигізеді.
Қазіргі карантин жағдайында «Саран қаласының тілдерді дамыту орталығы» КММ мемлекеттік және ағылшын тілдерін оқыту курстарын қашықтықтан оқыту жүйесіне көшіріп, оқыту курстарын жалғастырып жатыр. Сабақтар «Classroom» платформасы арқылы өтуде. Арнайы тапсырмалар, тест жұмыстары, аудиожазбалар және де сөздік қорды барынша дамыту жұмыстары жүргізілуде. Айтылу дағдысын қалыптастыру үшін «Zoom» платформасын да қолданып жүр екен. Ондағы сабақтар конференция түрінде өтеді. Бұл өз кезегінде тыңдаушылармен көзбе-көз жұмыс жасауға мүмкіндік береді.
Сонымен қатар, карантин кезінде тұрғындардың уақыттарын тиімді өткізуі үшін қазақ және ағылшын тілдерін үйрету бойынша tilortalygy_saran инстаграмм парақшасы арқылы сәуір айында күн сайын тікелей эфирден онлайн сабақтар, әлеуметтік желі арқылы қазақ тілін оқыту сабақтары ұйымдастырылып өткізілді.
Фейсбук (Языки Сарань) және инстаграм (tilortalygy_saran) парақшаларында тұрақты түрде қазақ және ағылшын тілін үйрету сабақтарынан Орталық оқытушылары мен әдіскерлері әзірлеген материалдар жарияланып тұрады.
Қалалық «Саран газетіндегі» қала тұрғындарына арналған «Казахский язык для всех» айдары осы карантин басталғанда ашылған болатын.
Сонымен қатар, тіл орталығымен Алтын Орданың 750 жылдығына және Абай Құнанбайұлының 175 жылдығына арналған «Тіл шебері» атты қалалық онлайн байқау өткізілуде. Байқау нәтижелері алдағы уақыттарда жариялана жатар.
Шапағат ҚОСШЫҒҰЛОВ