Жол көлік апатын төмендетуге бағытталған түрлі алдын алу шаралары Саран қаласында қарқынды түрде жүріп жатыр. Оған Саран қаласының полиция бөлімінің Жергілікті полиция қызметінің жеке құрамы және волонтерлер ат салысуда.
Жалпы үстіміздегі жылғы 4 ай ішінде Қарағанды облысында жаяу жүргіншілердің қатысуымен 34 жол-көлік оқиғасы тіркелген екен. Аталған оқиғалардың орын алуы кезінде 4 адам қаза болып, 30-ы түрлі деңгейдегі дене жарақатын алған. Көбінесе жол-көлік оқиғаларының себебі жаяу жүргіншілердің тәртіпсіздігінен және жол жүру ережесін сақтамауынан туындайды.
Осыған орай Саран қаласының аумағында мамыр айының 27-сі мен 30-ы аралығында облыстық «Жаяу жүргінші» жедел-алдын алу шаралары өтті. Жергілікті полиция қызметкерлері жол-көлік оқиғасының алдын алу мақсатында жаяу жүргіншілермен және шаһардағы Такси ұжымдарымен, сонымен қатар көлік жүргізушілермен түсіндірме жұмыстарын жүргізді.
Атап айтқанда 29 мамыр күні Саран қаласының полиция бөлімі бастығының бірінші орынбасары, полиция майоры Арман Шактаевтың, жергілікті полицияның инспекторлары Қайыржан Туғанбеков пен Ербол Тиштибековтің қатысуымен «REGION» таксиі ұжымының өкілдерімен брифинг өтті. Сонымен қатар, брифингке «Доброволец» ЖҚБ хатшысы Вероника Дмитриева мен аталмыш ұйымның волонтері Виктория Вишневская қатысты. Олар брифинг барысында көлік иелеріне, такси ұжымдарының өкілдеріне және қала тұрғындарына, көлік жүргізушілері мен жаяу жүргіншілерге арналған жол ережелерін және карантин кезіндегі жеке гигиеналық талаптарды ұстану туралы өтініп, түсіндіру жұмыстарын жүргізді.
«Жаяу жүргінші мен көлік жүргізушісінің өзара сыйластығы жол көлік оқиғасы қаупін төмендетіндігін ескеруіміз қажет. Сонымен қатар, қала тұрғындарына жол ережесін қатаң сақтауға, бекітілген орындардан ғана жолды өтуге және карантин кезіндегі талаптарды қатаң сақтауға шақырамыз», - деді Саран қаласының полиция бөлімі бастығының бірінші орынбасары, полиция майоры Арман Шактаев.
Жолдағы апаттар негізінен жаяу жүргіншілердің жолды рұқсат етілмеген жерден өтуі салдарынан орын алады. Осы орайда жол сақшылары мен еріктілер тобы тұрғындарға, оның ішінде ата-аналарды жолдағы тәртіпті қадағалауға шақырды. Жолды кесіп өтудің қажеті жоқ екенін ұмытпай, керісінше көліктің өтіп кеткендігіне көз жеткізіп, жылдам қадамдар аркылы тез өту қажеттігін балаларға үйрету керектігін жеткізді.
Полицейлер тұрғындарға кез келген жаяу жүргіншіге өткелі жоқ көшеден өтуге болмайтындығын, ол үшін жақын маңдағы көше қилысына немесе «жаяу жүргінші өткелі» деген жол белгі орнатылған жерге дейін барып, арнайы өткелден өтуі керектігін түсіндірді.
«Жаяу жүргінші!» жедел алдын-алу шарасы барысында полицейлер күшейтілген күн тәртібіне көшіп, жаяу жүргіншілер, жол маңындағы автокөлік жүргізушілерінің іс-әрекеттеріне, жаяу жүргіншілер жолағындағы жүргіншілердің ағымына, яғни жаяу жүргіншілердің қозғалысына ерекше назар аударылды. Бұл алдын-алу шаралары негізінен адам қозғалысы көп жерлерде өткізілді.
Сонымен қатар жедел-алдын алу шараларының аясында жергілікті полиция қызметінің кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі тобының инспекторлары қала түрғындарына карантин уақытына арналған жеке гигиеналық заттар мен бетперделер таратты.
Шапағат ҚОСШЫҒҰЛОВ