1 маусым – халықаралық балалар құқығын қорғау күнінде Республика бойынша «Барлығы балалар үшін!» тақырыбындағы кеңауқымды акциясы өткен болатын. Акция шеңберінде еліміздің түпкір-түпкірінде балалар мерекесіне арналған түрлі шаралар ұйымдастырылды.
Аталмыш акциядан Саран қаласы да тыс қалмады. Шаһардағы мемлекеттік мекемелер, кәсіпорындар мен ұйымдардың ұйымдастыруымен онлайн форматтағы конкурстар, челлендждер мен сурет салу, видео конкурстар өтуде. Өтуде деп отырған себебіміз, көптеген балалар күніне арналған шаралар мамырдың 20 бастап маусымның 6 дейінгі аралыққа жоспарланған екен. Осыған орай № 4 жалпы білім беретін мектепте 1 маусымнан бастап «Балаға мейірімді қала» ұраны аясында «Алақай, жазғы демалыс басталды!» атты видео байқаулар өтуде. Төтенше жағдай жарияланғаннан бері әлеуметтік желі – әлеуметтің «көзі, құлағы һәм тіліне» айналды. Сондықтан да аталмыш шара әлеуметтік желіде онлайн өтіп жатыр.
Онлайн форматта өткізіліп жатқан мүшәйра өскелең ұрпақтың ізденісін жан-жақты ашуға мүмкіндік береді. Шараның басты мақсаты да осы. Балалардың шығармашылық қабілеттерін дамыта отыра, олардың ашықтығын, қоршаған ортамен тіл табыса білу дағдыларын дамыту, ұяңшақтық қасиеттерінен арылту, камерамен жұмыс жасау қабілеттерін қалыптастыру.
Байқау № 4 жалпы білім беретін мектептің Instagram желісіндегі жеке парақшасында ұйымдастырылып жатыр. Байқауға қатысуға ниет білдірген балалар өздерінің «Жазғы демалыс» тақырыбына арналған бейнематериалдарын осы әлеуметтік желіде жариялайды. Әзірге 4 білім алушы ғана белсенділік танытып, байқауға қатысуда. Олардың ішінде 5 «а» сыныбының оқушысы Ақниет Айдынқызы, 3 «б» сыныбының оқушысы Нұрайлым Қасым, 1 «б» сыныбының оқушылары Дильназ Миралиева мен Жалғас Жолдас бар.
Әлеуметтік желідегі парақша оқырмандарының назарын жаулап, видероликтері көп лүпіл жинаған қатысушылар мектеп директорының дипломымен марапатталатын болады.
Шапағат ҚОСШЫҒҰЛОВ