Сегодня: 22.11.2024
Регистрация: в Министерстве информации и коммуникаций Республики Казахстан. Свидетельство №16307-Г от 18.01.2017 года (номер и дата первичной постановки на учет №869-Г от 16.09.1999 года)

Хакім Абай «Алланың өзі де рас, сөзі де рас» деген. Ұлы шайырдың бұл сөзін ойшыл Шәкәрім «Шын таза жан тазалықпен, Тәңірісіне бармақ ол» деп қуаттайды. Ғасырлар бойы ұлы даламызда салтанат құрып келе жатқан ислам дінінің қадір-қасиеті адамзат баласы үшін басты құндылық. «Алланы бір, Пайғамбарды хақ, Құранды шын» деп таныған ата-бабаларымыздың аманатына адалдық таныту – бүгінгі міндет.

Алайда, қазіргі кезде дін төңірегінде түрлі дау-дамайдың, пікірталастың көбейіп кеткені жасырын емес. Әрине танымға талас жоқ. Бірақ елдің ішін алатайдай бүлдіріп, өзінің әр жерден естіген, көрген нәрселерін дінге әкеліп таңғысы келетіндер әлі де бар. Ал дінді дұрыс түсіну адамның өзінің таным-түйсігіне байланысты болса, әсіресе жас­тарға шариғаттың негізгі шарттарын түсіндіруде имамдар мен теолог ғалымдардың үлесі зор. Қуанарлығы, қазіргі кезде имандылық жолына қарай бет бұрған жастар көбейді. Өкінішке қарай, кейбір жастар дәстүрге қарсы шығып, дінді бұра тартуда.

Осындай кертартпа теріс ағымдардың қаупінен сақтанудың жолы - діни сауаттылықты арттыру.  Ал діни сауаттылықты арттыру тек мешіттердің имам-молдалары мен арнайы мамандардың қатысуымен ғана жүзеге асырылуы тиіс іс-әрекет. Діни ілімді интернеттегі қаптап жатқан күмәнді сайттар мен көшеде кездескен мұсылмансымақ ахи-браттардан алудың еш қажеті жоқ. Тікелей бетпе-бет отырып оқимын десең – мешіт тұр, адасып пәтер аралап жүру дұрыс емес. Ғаламтор желісінен уағыз-насихат тыңдаймын десеңіз – арнайы діни басқарманың рұқсатын алған дәстүрлі бағыттағы интернет сайттар, ҚМДБ тіркелген уағызшылар бар, соларды тыңдаңыз. Жат ағымды уағыздаушыларды тыңдау бұрыс жол.

Осы мақсатта  бұрнағы күні сарандық жастар үшін  қалалық ішкі саясат бөлімінің ұйытқы болуымен аталған мекеменің инстаграм парақшасында тікелей эфир арқылы онлайн профилактикалық іс-шара ұйымдастырылды. Тіклей эфирді өткізген Саран қалалық орталық мешітінің бас имамы Саликов Мұхаметқали қажы Сапарғалиұлы. Жиынның тақырыбы - «Діни экстремизм мен терроризмнің алдын алу». Шара барысында бас имам Ішкі саясат бөлімімен бірлесе отыра жастар арасындағы діни экстремизм мен терроризмнің алдын алу мәселелерін талқылады.

Қазіргі уақытта қоғамды алаңдатып отырған басты мәселелердің бірі – жат ағым. Дәстүрлі діннен, дәстүрімізден, терең тарихымыздан алшақтап кеткен жастарымыздың теріс ағымы - деструктивті деп аталады. Және олардың қатары күн санап артып келеді дейді Мұхаметқали қажы Сапарғалиұлы.

Баланың діни көзқарасын қалыптастыруға отбасының рөлі зор. Ғаламторда кіммен араласады, қандай әлеуметтік желілерде отырады? Мұны ата-аналар қадағалау тиіс. Жиын барысында діни бағдар беретін желілер жайында ескертіп, қазіргі таңда қоғамда дәстүрлі емес діни ағымдар туралы кеңінен мағлұмат берді.

«Қазіргі таяу шығыста болып жатқан оқиғалар, содан кейін жастарымыздың жат ағым жетегінже еріп, Сирияға аттануы және оған дейін болған теріс ағымның тарапынан түрлі құқық бұзушылық әрекеттер. Сондықтан бұл салаға профилактикалық іс-шаралардың қажеттілігін айқындай түседі. Өкінішке орай, жастарымыз сырттан келген жат діни ағымдардың жетегінне еріп кетуде. Мұның басты себебі, діни білімнің аздығы. Сондықтан осы тектес ақпараттық шаралар, түсіндірме кездесулерді жиі өткізу қажет», - дейді бас имам.

Ислам – адамзат баласын бірлікке, бейбітшілікке, татулыққа шақыратын дін. Бірлік бар жерде береке, бейбітшілік бар жерде тыныштық, татулық бар. Қазіргі таңда ислам атын жамылып, халықты түрлі сенімге бөлген жат ағымдардың қоғам тұтастығына сызат түсіріп отырғаны алаңдатады дейді дін өкілі.

«Жат ниетті ағым бұқара халықты сонау ата-бабадан жалғасып келе жатқан дінінен үркітіп-шошыту мақсатында түрлі айлы-шарғыларын жасап әлек. Мәселен, исламның атын жамылған уаһһабилер, құраниттер, ахмадияшылар, хизбутшылар, тәкфіршілер секілді ағымдар ашық та, жасырын да ел ішінде теріс бағытта қызмет жасауда. Әсіресе, қазақтың дүниетанымына сай келетін Имам Ағзам Әбу Ханифа мәзһабын мойындамай, жоққа шығарғысы келетіндер әрекеті байқалады. Жасыратыны жоқ, соңғы кездері ел ішін ала тайдай бүлдіріп, жаңашылдық әкелмек болған «сәләфи» ағымы қанатын кеңге жаюда. Ал, аталған ағымның шырмауына түскен бауырларымыз хақ дін мен ағымның арасын ажыра алмай дал. Діни сауатсыздығының кесірінен ұлт қауіпсіздігіне қатер төндіретін жатқа жалтаңдап, дана атанған халқымыздың салты мен дәстүріне дұшпандық жасап жатқаны жанымызға аяздай батады. Иә, жат ағым таратқан ақпараттардан дәстүрлі діни нанымдарымыз бен салтымызға сіңген діни көзқарасымызға мүлдем кереғар көзқарас, ұстанымдар шыға бастады. Бұл өз кезегінде ұлттық құндылықтарымызға да өзінің кері әсерін тигізуде», - дейді Саликов Мұхаметқали қажы.

Қазіргі кезде бүйректен сирақ шығарып, діни реформа жасағысы келетін діни ағымдардың жымысқы әрекеті елге айдай анық көрінуде. Халқымызда «Аңқау елге арамза молда» деген нақыл бар. Бұл сөз бүгін де құнын жоймады. Олай демеске амалымыз қалмай барады. Өйткені дәстүрден тыс діни ағымдар тыныш қоғамды іштей іріту үшін діни сауаты кем қауым мен жастық желігі басылмаған жастардың қолымен от көсеуде. Олар, әлбетте, теріс бағыттағы ұйымдардың өз мақсаттарын қандай амал-айла арқылы жүзеге асырып жатқан жайын біле бермейді. Нәтижесінде түрлі діни ағым кесірінен айрандай ұйып отырған қазақ отбасылары ойрандалуда. Ата-ана ұл-қызынан тірілей айырылып жер соғып қалуда.

«Сондықтан елдің, ұлттың, халықтың тұтастығын сақтап қалу үшін, өздерін ғана ақылды санайтын, дін үйретушілерден барынша сақтану қажет. Шынында діннің атын жамылған ағымдар мен топтар діни сауаты аз азаматтарымызды өз қармақтарына түсіріп, тіпті өздеріне белсенді жақтасқа айналдырып, өзімізге қарсы қойып үлгерді.

Ел бірлігі мен мемлекет қауіпсіздігіне зиян келтіретін ағымдардың жетегіне кетіп қалмау шараларына баршамыз атсалысуымыз қажет. Діни білімге сусаған кезде, бір мәселеге тап болған сәтте әркімге жүгінбей, мешітке барып имамдарымыздан ақыл сұрағанымыз абзал.

Дін – мемлекеттің негізін құраушы басты фактордың бірі болғандықтан, ол елдегі ішкі тұрақтылықтың кепілі. Ауызбірлік, елжандылық, бейбітшілік пен тыныштық – ислам дінінің басты мұраты. Ұлттық қауіпсіздікке қатер төндіріп тұрған жат ағымдардан бойымызды аулақ ұстап, халқымызды, жастарымызды отансүйгіштікке тәрбиелегеннен ұтпасақ, ұтылмасымыз анық. Олай болса, жат ағымның бірлікке емес, бүлікке алып баратын жол екенін еш ұмытпаған жөн», - дейді бас имам.

Жалпы, қай елге болмасын бөліну деген ешқашан береке әкелген емес. Оны тарихтың сарғайған парақтарынан білуге болады. Ал, бірліктің, бейбітшіліктің, татулықтың алмаған асуы жоқ.

«Тағы бір айта кететін жайт, қазіргі кезеңде мектеп оқушылары мен студент жастар жат пиғылды ағымдардың қармағына тез ілініп, соның әсерінен ата-ана, ұстаздары мен елінің ұстанымына, ұлтының салт-дәстүріне қарсы шығып жататыны белгілі жәйт. Сол үшін ата-ана балаға дін мәселесінде дұрыс бағыт сілтеп, мешіт қабырғасынан сауат алуға кеңес бергені жөн», - дейді бас имам.

Сонда ғана бала ұлтының рухани тірегі, дінінің қорғаушысы болары ақиқат. Егер ата-ана балаға имандылық мәселесінде дұрыс тәрбие беріп, оңды бағыт-бағдар көрсетпесе, жат ағым өкілдері оны өз мүддесіне пайдалануы әбден мүмкін. Тіптен кей ата-ана баласының осындай ағым жетегінде кеткенін кеш түсініп, бармақтарын тістеп қалуда. Демек, ата-ана «сақтансаң, сақтаймын» қағидасына берік болып, ұрпақ болашағына, ұлт келешегіне бүгіннен алаңдағаны жөн дейді дін өкілі.

Тағы да ол: «Жастарымыз да кез келген діни ағымдардың зияндылығын танып-біліп, оның астарына үңіле білгені дұрыс. Мұны айтудағы себеп, намаз оқитын кей жастарымыз намаз оқымайтын ата-анасын «кәпірге» теңейді. Ислам дінін ата-анаға қарсы шығу деп түсінетін ата-ана діннен қорқуда. Ақиқатында Ислам діні ата-анаға қарсы зұлымдыққа емес, бауырмалдыққа, ізгілікке шақыратын бірден-бір хақ дін», - деп ескертті.

Шараны қорытындылай келе Мұхаметқали қажы: «Әр елдің тәуелсіздігінің мәңгілік болуы ынтымақ, бірлікте. Дана халқымыз «Береке басы – бірлік», – деп бекер айтпаса керек. Ұлт пен ұлысты бауырына басқан бүгінгі Қазақ елі берік ынтамағының арқасында талай-талай игіліктерге қол жеткізіп келеді. Сондықтан «Төртеу түгел болса, төбедегі келеді, алтау ала болса, ауыздағы кетеді» деген қағиданы берік ұстанғанымыз жөн!», - деп қоштасты барлығымен.

 

Шапағат ҚОСШЫҒҰЛОВ