Сегодня: 22.11.2024
Регистрация: в Министерстве информации и коммуникаций Республики Казахстан. Свидетельство №16307-Г от 18.01.2017 года (номер и дата первичной постановки на учет №869-Г от 16.09.1999 года)

Әр елдің астанасы - мемлекеттің алтын бесігі болып табылады. Өйткені ол мемлекеттің бет-бейнесі, оның жүрегі. Кемел елдің келешегіне көз жүгірткісі келген адам оны іргетасы жиырма екі жыл бұрын қаланып, бүгінде әлем назарын өзіне бұрған Елордаммен-ақ бағамдаса болатындай. Жақұт қала Нұр-Сұлтан алты Алаштың ғасырлар бойы аңсаған азаттығының алтын өзегі, мемлекеттілігінің дара сипаты, қасиетті нышаны екені баршаға мәлім.

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев: «XXI  ғасырдың табалдырығында біз өз таңдауымыз – көне Сарыарқаның киелі аспаны астында қоныс тепкен жаңа астанамыз туралы мәлімдейміз. Бұл таңдау астарында еліміздің қазіргі басшылығының айқындамасы ғана тұрған жоқ. Бұл таңдауда Тәукенің көрегендігі мен Абылайдың ұлылығы, есімдері аңызға айналған билердің даналығы мен 1986 жылдың желтоқсанында ұлттық қадір-қасиет дегеннің не екенін күллі әлемге паш еткен сол бір жас жүректердің қаһармандығы тоғысып жатыр. Бұл таңдауда өз тағдырының қожасы болу құқығы үшін өмірін қиған миллиондаған қандастарымыздың ерік-жігері бар», – деген еді.

Бүгінгі таңда елдің төрі – Елордамыз барша ұлт пен ұлыстың басын қосқан бірлік мекеніне айналды. Әлем назарын өзіне қаратты. Күллі ел Нұр-Сұлтан қаласының көркіне тамсанып, шаһардың көркін тамашалау үшін елге ат басын арнайы бұратын күнге жетті. Бүгінгі таңда ажары жайнаған, базары қайнаған бас қаланың тұрғындары миллионнан асты. Бұл дегеніміз, мемлекеттің абыройы мен беделінің, халық санының өсуі мен бас қаласының жылдан-жылға қарыштап дамып, өсіп-өркендеуінің белгісі болса керек.

Елордамыз Нұр-Сұлтан қаласының негізі сонау ХІХ ғасырдың бірінші жартысында, атап айтқанда, 1832 жылы Есіл өзенінің жағасындағы Қараөткел шатқалында Ақмола бекінісі болып салынғаны тарихтан белгілі. 1863 жылы 16 шілдеде Ақмола аймақтық қала болып ресми түрде бекітілді. 1960 жылдың желтоқсан айында Қазақстанның барлық тың игеретін өлкесінің орталығы болып жария­ланды. Қала 1961 жылға дейін Ақмола, ал 1961 жылдан 1992 жылға дейін Целиноград, 1992 жылдан 1998 жылға дейін қайтадан Ақмола деп аталды. 1998 жылы Қазақстан Республикасының астанасы болып жарияланған соң, қала атауы Астана болып өзгертілді. Бас қаламыз Сарыарқаның солтүстігінде, Есіл өзенінің бойында орналасқан. Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2019 жылғы 23 наурыздағы № 6 Қаулысымен Астана Нұр-Сұлтан қаласы деп аталды.

Астанамыз Нұр-Сұлтан қаласы – қарыштап дамыған мемлекеттің нышаны, әлеуметтік-экономикалық өсіп-өркендеудің айқын дәлелі. Еуразия кіндігінде орналасқан алты Алаштың бас қосқан қасиетті мекені, кемел келешегі бар жаңа Елордамыз – Елбасының ірі геосаяси жобаларының бірі.

Сарыарқа төсінде қоныс тепкен алып шаһар әлем елдерінің көшбасшылары бас қосып, пікір алмасатын, тарихи маңызы зор шешімдерді қабылдайтын киелі мінберге айналды.

1999 жылы Астана қаласы ЮНЕСКО-ның «Әлем қаласы» сыйлығымен марапатталды.

Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан  Назарбаев «Астана рухы» атауымен өткен екі күндік саммитті бүкіл Еуроодақ қоғамдастығы үшін тарихи оқиға деп сипаттап берді.

Нұр-Сұлтан қаласы дәстүрлі діндер көшбасшыларының 4 бірдей съезін өткізген әлемдегі жалғыз қала. Айта кету керек, аталмыш басқосулар 2003 жылдан бері өтіп келеді. 65-ші рет өткен «EXPO – 2017» халықаралық көрмесі еліміздің әлем алдындағы абыройын тағы бір аспандатты. Елордамыз Нұр-Сұлтан қаласы әлемнің көшбастаушы «ақылды» қалаларының тәжірибесін үлгі тұтуда.

Елбасы: «Бізде рух байлығы бар. Ол бәрінен бұрын – отаншылдық сезім, қазақстандық патриотизм. Оның басты өлшемі – татулық, тыныштық, тұрақтылық», – деген болатын. Қазақстан атты ортақ шаңырағымыз бейбітшілікте одан әрі қарыштап  дамып, өркендей беретіндігіне сеніміміз кәміл. Астанамыз Нұр-Сұлтан қаласы – қазақ елінің ұлттық мақтанышы. Елорданы Елбасымыздың  ерен  еңбегі мен ерлігі деп білеміз. Күллі қазақстандықтардың бойтұмарына айналған Орта Азия кіндігіндегі Елордамыз еңселі бола берсін.

 

Шапағат ҚОСШЫҒҰЛОВ