9 шілде күні «Рухани жаңғыру» бағдарламасының аясында Саран қаласының тілдерді дамыту орталығы мен қалалық Орталық кітапхана қызметкерлерінің бірлесе ұйымдастыруымен «Zoom» платформасында «Латын әліпбиі – рухани жаңғыру бастауы» атты онлайн конференция өтті.
Латын әліпбиі – қазақ тілінің жаңа көкжиегі. Яғни, жаңа қаріптер төл тілімізді әлемге танытады. Жазуды жаңғырту – тілді түлету. Ал тілді дамыту елді өркендетеді. Тілдер орталығының әдіскері Береке Жарылғапова, қалалық орталық кітапхананың аға кітапханашысы Сәнді Мұстафина, Қарағанды облысының латын әліпбиіне көшу жұмыстарына жауапты мамандары, № 4 жалпы білім беретін мектептің оқушысы Азиза Күлметтенова қатысқан онлайн жиында әр тарап бұл бағыттағы бүгінгі күнде атқарылып жатқан жұмыстар туралы орамды ойларымен бөлісті.
«Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында республикамызда көңілге қонымды бірқатар ұзақ және қысқа мерзімді жұмыстар атқарылып жатыр. Сол жұмыстардың бірі және бірегейі – қазақ тілін латын әліпбиіне көшіру болып табылады. Байыптап қарасақ, қазақ даласында бірнеше алфавит қолданыста болғанын көреміз. Ол әліпбилердің өз заманында біздің тіліміздің тарихында алар өзіндік орны мен маңызы болғанына ешкімнің таласы болмасы хақ», - деді өз кіріспе сөзінде тіл орталығының әдіскері Береке Өмірзаққызы.
Араб әліпбиінің қолданылуы қазіргі Қазақстан мен Орта Азияға ислам дінінің таралуымен тікелей байланысты болса, ал 1940 жылы 13 қараша күні «Қазақ жазбасын латыннан орыс графикасы негізіндегі жаңа алфавитке көшіру туралы» заңмен күштеп енгізілген кириллица - негізінде елді орыстандыруға бағытталған саяси шешім болатын. Ол алфавитке орыс тіліндегі барлық дыбыстар мен әріптер өзгеріссіз көшірмеленіп, соның нәтижесінде қазақ тіліне тән емес дыбыстар енді, ал алфавиттегі әріптер саны 42-ге жетті.
Біздің ана тіліміздің шұбарлануы, тіл тазалығының бұзылуы осы кезеңнен бастау алды десек, еш қателеспейміз. Қазақ тілін латын әліпбиіне көшірудің басты мақсаттарының бірі де осы орыс графикасымен бірге туған тілге шұбырып енген бөгде дыбыстардан арылу болып табылады дейді тіл маманы.
Өз кезегінде орталық қалалық кітапхананың аға кітапханашысы Сәнді Далабайқызы Орталықтандырылған кітапхана жүйесіндегі оқырмандар арасында латын әліпбиін насихаттау бағытындағы атқарылып жатқан жұмыстармен бөлісті.
«Латын әліпбиінің мәртебесі мен маңызын кеңінен насихаттау мақсатында кітапханамызда көптеген кітап көрмелері мен түрлі форматтағы іс-шаралар өткізілген болатын. Елбасының латын әліпбиіне көшу жөніндегі бастамасы оқырмандар арасында кеңінен қолдау тапқаны сөзсіз. Сонымен қатар, біздің кітапхана қорына латын әліпбиін насихаттау бағытындағы бірнеше кітаптар келіп түскен болатын. Олардың ішінен «Латын әліпбиі: теория, әдістеме және насихат»; «Латын әліпбиіне көшу: ғылыми-қоғамдық негіздер, даму процесі және басты мәселелер»; «Төл әліпби – төл жазу мәселелері» атты кітаптарды ерекше атап өткім келіп отыр», - деді аға кітапханашы Сәнді Далабайқызы.
Қазақ әліпбиін латын қаріпіне көшіру туралы мәселе ең алғаш Тұңғыш Президент, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен қолға алынған игі шара.
Бұл ел ертеңі үшін болашаққа батыл қадам жасап, елімізді төрткүл дүниеге танытып келе жатқан Елбасының тағы бір маңызды бастамаларының бірі және дер кезінде қозғалған, ұлт тірегі - ана тіліміздің болашағы үшін жасалған ғылыми мәнді шара деп білеміз. Мұны қазіргі кирилл-қазақ әліпбиіне немесе орыс тіліне теріс қарау деп емес, қайта қазіргі әліпбиіміз бен жазуымыздағы халықтың өз еркімен қалап алмаған, кешегі кеудемсоқ жүйенің өктем саясатының әмірімен күштеп таңылған кейбір кірме әріптерден арылып, таза қазақ әліпбиін жасау бағытындағы игілікті қадам деп түсінуіміз керек дейді Сәнді Мустафина.
Ал № 4 жалпы білім беретін мектептің оқушысы Азиза Күлметтенова жастардың латын әліпбиіне деген көзқарасы туралы айтып берді.
«Жаңа әліпбидің бізді жаңа мүмкіндіктерге, зор жетістіктерге бастайтыны сөзсіз. Себебі латын қарпі – ғылым мен техниканың, интернет пен IT-технологиялардың тілі. Латын әліпбиі рухани болмысымызды байытып, қоғамдық ой-санамызды жаңғыртады. Әліпби қазақстандықтар үшін ғана емес, сонымен қатар төрткүл дүниеге тарыдай шашылып кеткен қандастарымызға да ортақ әліпби болмақ. сонымен қатар, латын әліпбиі – түркі әлемімен ықпалдасудың төте жолы. Өз ерекшеліктерімізді сақтай отырып әліпбиді өзгерту тіліміздің халықаралық аренаға шығуына және ғылыми-техникалық прогрестің заманауи жетістіктеріне жол ашады, әлемдік мәдени тұтастықты нығайтып, коммуникациялық үдерістерге одан әрі интеграциялануға мүмкіндік туғызады. Ақпарат алу мүмкіндіктері кеңейіп, шет тілдерден енген сөздер ұлттық ерекшеліктерімізге қарай икемделетінін, көп ұлтты халқымыздың бірлігін одан әрі бекемдеп, бүкіл түркі әлемін біріктіруге күш салатынын да атап айту керек.»,- дейді № 4 жалпы білім беретін мектептің оқушысы Азиза Күлметтенова.
Іс-шараның соңында Quizizz бағдарламасы бойынша құрастырылған викторина өткізіліп, Осакаров ауданынан Балтабаева Райхан І орынға, Қарқаралы ауданынан Жолтай Маржан ІІ орынға, Абай қаласынан Тұрсынбаева Жазира ІІІ орынға ие болды. Жеңімпаздардың әрқайсына Саран қаласы тілдерді дамыту орталығы мен орталықтандырылған кітапхана жүйесінің атынан алғысхаттар дайындалып, электронды мекенжайларына жолданды.
Шапағат ҚОСШЫҒҰЛОВ