Сегодня: 20.04.2024
Регистрация: в Министерстве информации и коммуникаций Республики Казахстан. Свидетельство №16307-Г от 18.01.2017 года (номер и дата первичной постановки на учет №869-Г от 16.09.1999 года)

Мұсылмандардың ұлық мерекелерінің бірі - Құрбан айт мейрамы басталады. Үш күнге созылатын мейрам жыл сайын хижра - мұсылман күнтізбесі бойынша Зүлхижа айының оныншы жұлдызында (Арафа күнінен кейін) және Ораза айт мейрамынан 70 күн өткеннен кейін басталады.

Бұл күні Меккеге барған тәуапшылар Мина алқабында құрбандық шалу рәсімі мен қажылықтың басқа да талап-шарттарын атқарса, қажылық жасауға қалтасы көтермеген мұсылмандар мешіттерде айт намазын оқып, айтулы мерекенің ең маңызды рәсімі - құрбандық шалады. Ұлық мейрамды ресми, мемлекеттік деңгейде атап өтуге қазақ елі Тәуелсіздікке қол жеткізгеннен кейін ғана мүмкін болды.

Ендігі осы елдік деңгейде аталып өтілетін Құрбан айт мерекесінің қадір-қасиеті мен мән-маңызы туралы Саран қалалық орталық мешітінің бас имамы Мұхаметқали қажы Сапарғалиұлымен аз-кем сұқбат құрған болатынбыз. Сол сұқбатты назарларыңызға ұсынып отырмыз.

– Мұхаметқали Сапарғалиұлы, алдымен айт күнінің артықшылығы туралы айтып берсеңіз…

– Құрбан айт – барша мұсылман әлемінің қадір тұтқан мейрамы. Биыл аталмыш мереке 31 шілде күні айт намазын оқумен басталады. Жалпы, «Құрбан» сөзінің өзі «жақындау», «жақын болу» деген мағына береді. Діни термин ретінде бұл белгілі бір уақытта Алла Тағалаға ғибадат жасау ниетімен малды құрбанға шалу дегенді білдіреді. Сондықтан бұл мейрамда мұсылмандар жуынып, таза киімін киіп, мешітке айт намазына келеді. Айт намазын оқып болғаннан кейін бір-бірін құшақтап, өкпе-реніші болса кешіреді. Алланың разылығы үшін ізгі жандар құрбандық малдарын сойып, оның етін тұрмысы төмен, көп балалы, әлеуметтік жағынан аз қамтылатын отбасыларға, т.б. мұқтаж жандарға таратып береді.

– Мал сою да – мәдениет. Құрбандық малын шалу демекші, оның шариғаттағы үкімі қандай?

– Ханафи мазһабына сәйкес, құрбандық шалу шамасы жеткен мұсылманға, яғни 85 гр алтынның құнындай байлығы бар мұсылманға уәжіп (міндет) болып табылады. Оған «Раббың үшін намаз оқы және құрбан шал» деген Құран аятын, сондай-ақ, Пайғамбарымыздың (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) «Кімде-кім мүмкіншілігі бола тұра құрбан шалмаса, біздің намаз оқитын жерімізге жақындамасын» деген хадисін дәлел ретінде айтуға болады. Құрбан шалу міндет болу үшін ең алдымен ол адам мұсылман болуы керек. Жұмысқа қабілетті, кәмелеттік жасқа толған әрі зекет төлейтіндей негізгі қажеттерден тыс дүние-мүлікке (жоғарыда айтылғандай, 85 гр алтынның құнына тең немесе одан көп) ие болуы қажет. Жалпы, құрбандық шалудың шариғи шарттарын біреу білсе, біреу білмейді. Мал союдың да өзіндік мәдениеті бар. Ең алдымен, құрбандық малы сол жағымен құбылаға қаратып жатқызылады. Содан соң қасапшы «Бисмилләһи, Аллааһу әкбар» дейді. Малды иегінің астынан өңешін, кеңірдегін және күре тамырларын кесе отырып бауыздайды. Малды бауыздап жатқанда «Бисмилләһ» сөзін әдейі айтпай қойса, ол малдың етін жеуге болмайды. Құрбандықты айт намазынан кейін шалу керек. Бірақ, қандай да бір себептермен бірінші күні құрбандық шала алмаған адам, екінші күні және де үшінші күні, күн батқанға дейін құрбан шалуына болады.

– Құрбандыққа мал соймай, орнына малдың құнын ақшалай садақа ретінде берсе бола ма?

– Құрбандық шалу – бұл Аллаға құлшылық жасау әрекеті. Бұл рәсімнің тарихы сонау Ибраһим Пайғамбардың кезінен бастау алады. Алла Тағала Ибраһим Пайғамбарды (оған Алланың сәлемі болсын) сынау үшін және барлық мұсылмандарға Аллаға бағынудың үлгісін көрсету үшін оған ұлы Исмаилды құрбандыққа шалуға әмір етеді. Ибраһим Пайғамбар ұлын құрбандыққа шалуға дайын тұрғанда, Алла Тағала оның өзіне қалтқысыз бой ұсынуына риза болып, құрбандыққа шалуға жерге бір қошқарды түсіріп, Исмаилдың өмірін сақтап қалған. Мінеки, құрбан шалу арқылы адам Аллаға түгелдей бағынатынын және Пайғамбарлардың жолымен жүретінін көрсетеді. Сол себепті, құрбан шалу үрдісінің өзі маңызды. Малдың құнын ақшалай беруге болмайды.

– Соңғы сауал, қазір карантин уақыты. Соған сәйкес биылғы құрбан айттың да аталып өтілуі былтырғыдан өзгерек болмақ. Өткен Ораза айт кезінде Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы нақты шаралар қабылдап, Ораза айт намазы оқылмаған. Осы жолғы карантинде, өкінішке қарай, біз айт намазын мешіттерде оқи алмаймыз. Ол белгілі жәйт. Ал құрбандық шалу рәсімі қалай және қайда жасалмақ, сонымен қатар мұсылман жамағатының бір-біріне айттап баруына бола ма? Осы сауалдарға жауап берсеңіз?

– Иә дұрыс айтасыз. Айт намазы биыл мешіттерде оқылмайды. Алайда, әркім өз үйінде ел-жұрттың осы індеттен аман-есен шығуын сұрап, нәпіл намазын оқыса болады. Айт намаздарының алғашқы уақыты – күннің көкжиектен найза бойындай көтерілгендегі уақыт. Бұл шамамен күн шыққаннан кейін 50-55 минут өткеннен кейін басталып, бесін намазының кіруіне дейін жалғасады.

Ал, құрбандықты әр кім өз шаңырағында шалғаны дұрыс. Бірақ, мешіттің аумағында құрбан шалуға дайындалған арнайы орын бар.

Сонымен қатар мұсылман жамағаттың бір-біріне айттап бармағаны абзал болады. Ұялы телефон арқылы бір-бірін құттықтап, өткендерге құран бағыштап, дертке душар болып жатқандарға шипа сұрауға кеңес береміз. Алла шалатын құрбандықтарымызды, тілейтін дұға-тілектерімізді қабыл қылсын !

Әмин! Алтын уақытыңызды бөліп, сұқбаттасқаныңыз үшін рақмет айтамыз!

Сұқбаттасқан Шапағат ҚОСШЫҒҰЛОВ