Сегодня: 28.03.2024
Регистрация: в Министерстве информации и коммуникаций Республики Казахстан. Свидетельство №16307-Г от 18.01.2017 года (номер и дата первичной постановки на учет №869-Г от 16.09.1999 года)

Исламдағы әйелдің орны мен ролі туралы шығармалармен көпшілік қауым жіті таныс болмағандықтан, ислам мәдениетінде әйел адамның құқығы тым шектеулі деген жадағай түсінік қалыптасқан. Бұндай түсініктің қәзіргі батыс елдерінің исламды жаппай қаралауынан туындаған тенденциясы екені белгілі. Әйтседе, Ислам дінінде әйел затына үлкен мәртебе берілген.

Ол туралы Қарағанды облысының конфессияаралық қатынастар мен проблемаларын зерттеу және талдау орталығының оңалту бөлімінің теологы Жанар Қарсыбекова тікелей эфирде айтып берген болатын.

Исламға дейінгі кезеңде арабтарда әйелдің құқығын тым төмен еді. Әсіресе, арабтар қыз балаларды тірідей жерге көметін. Өлтіруге қимағандары қыздарын ұл балдарша киіндіріп, жұрттан жасырып ұстайтын. Бұлай әйелдің мәртебесін тым төмендететін себебі, қыздар өскенде жезөкшелік жасап, абыройымызға дақ түсіреді деп ойлайтын.

Шынында да Исламға дейінгі жабайы араб қоғамында жезөкшелік ерекше асқынып тұрды. Кейбір арабтар ұлдарын текті ету үшін әйелдерін өз қолымен ақсүйек адамның төсегіне апарып жатқызатын. Жезөкше әйелдер жүкті болып қалған жағдайда, Кайф деген сәуегей келіп, еркектердің біріне мына баланың әкесі сенсің деп, оны зинадан туған балаға әке қылатын. Арабтардың «шиғар» деген некесі бойынша, қыздары бар арабтар бір-біріне қыздарын қалың малсыз беріп үйленетін. «Бәдел» деген неке бойынша, арабтар әйелдерін бір-біріне беріп айырбас жасайтын. Күйеуі өлген жесірді туыстарының бірі зорлықпен өзіне әйел ететін. Исламнан бұрынғы арабтардың азғынданғаны соншалықты, тіпті олар өгей шешелеріне дейін үйлене беретін еді.

Ал, Ислам дінінің келуімен әйелге деген зорлық атаулы күшін жойып, әйелдер ерекше жоғары мәртебеге қол жеткізді. Исламның әйелге бұлай ерекше жоғары статус беруі, исламның прогрессивті маңызға ие дін екендігін айғақтайды дейді теолог.

«Арабтардың қыздарын тірідей жерге көмуін Құран-Кәрімдегі Нахыл сүресінің 58-59 аяттарында былай деп сынға алды: «Егер олардың біреуі қызбен шүйіншіленсе (әйелінің қыз тапқанын естісе), оны ашу қысып, беті қап-қара бола бастайды. Өзіне берілген жаман хабардың салдарынан, елден жасырынады. Оны қорлыққа шыдап ұстау немесе топыраққа көміп тастау керек пе, Ал, олар нендей жаман үкім береді».

Сөйтіп, Арабтардағы ең зұлым, ең азғын арам әдетке тыйым салынып, Ислам бұл қаскөйлікті тоқтатты» -, дей келе, - осылайша ислам діні алғашқы уақыттардан бастап-ақ әйел затының жанұядағы әрі қоғамдағы орнын белгіледі. Өзіне тиесілі міндетін нақтылап, ар-ұяты мен абыройын қорғады. Сүйкімді қыз, сүйікті жар, аяулы ана ретінде беделін өсірді. Дініміздің әйелдерге зор қамқорлық жасауы – барша әйел заты үшін адамзат тарихындағы теңдессіз оқиға болды. Өйткені, өзге елдерде де әйелдің жағдайы тым аянышты күйде еді» -, дейді оңалту бөлімінің теологы Жанар Қарсыбекова.

Сонымен қатар, ислам діні әйел баласын ана ретінде де аса қадір тұтқан дейді ол. Оған дәлел ретінде «Жұмақ – аналардың табанының астында», «Кімге жақсылық жасайын?» – деген сахабаға үш рет «Анаңа» деп жауап берген хадистері келтіреді.

Әйелдер ислам дінінің өздеріне берген қадірін, жеңілдігін, еркіндігін білсе, бүкіл дүние жүзінің әйелдері бірден мұсылман болар еді дейді Жанар Қарсыбекова.

Неге десеңіз мұсылмандықта әйел сұлтан. Дініміз әйелге көп қадір берген. Ал еркекке көп жауапкершілік жүктеген. Исламда әйел үй ішінде және сыртында жұмыс істеуге, ақша табуға мәжбүр емес. Тұрмыста болса күйеуі, тұрмысқа шықпаған болса әкесі, әкесі жоқ болса, ең жақын еркек туысы еңбек етіп оның қажеттіліктерін қамтамасыз етуге мәжбүр. Жақын туысы жоқ болса немесе кедей болса, мемлекет қазынасы әр түрлі қажеттіліктерін қамтамасыз етуге міндетті.

Исламда күнкөріс жүгі еркекпен әйел арасында бөлісілген емес. Ешбір еркек әйелін бақшада, фабрикада немесе қандай да бір жұмыс орнында еңбек етуге мәжбүрлей алмайды. Егер әйел өзі қаласа және күйеуі де разы болса әйел өзіне ыңғайлы болған жұмыста істей алады. Бірақ тапқан табысының бәрі өзінікі болады.

Мұсылман әйелі сауда-саттық, ғылым, өнеркәсіп, егіншілікпен шұғылдануға мәжбүр болмаса да, бұлармен шұғылдануына, ақша табуына тыйым салынған емес, харам да емес дейді теолог.

Расыменде ешқандай діни істе әйелге шектеу қойылмады. Олар да ер кісілермен қатар бір мешітте ғибадат жасады. Барлық діни міндеттер ерге де, әйелге де ортақ жүктелді (намаз, ораза, зекет, қажылық, садақа беру, т.б.). Алла тағаладан түскен әмірлерді әйелдер де қал-қадырынша орындауға тырысты (һижрет, жиһад, ілім үйрену, ғылымға үлес қосу, ұрпақ тәрбиелеу, дұға, т.б.). Әйел баласы қайта кей уақыттарда ер кісілерге қарағанда артық құқықтарға ие болды. Хайыз уақыттарында, босанғаннан кейінгі уақыттарда кейбір діни парыздарды орындаудан босатылады. Күйеуге ұзатыларда қыздың разылығы міндетті түрде ескерілді. Ол тіпті туған нәрестесін емізбей, ол үшін жеке қызметші жалдауға да құқылы болды.

Сонау VII ғасырдан бастап қалыптасқан әдет бойынша мұсылман әйел қашан да өзінің ар-ибасымен, ақыл-парасат, сыпайы мінез, төмен етектіге тән әдептілігі, жан сұлулығы, биязы жүріс-тұрыс, Алланың бұйрығына сай әурет жерлерін жауып киінуімен, қай кезде де ұятын сақтаған имандылығымен ерекшеленген.

Қорыта келе, Жанар Қарсыбекова тікелей эфирді «Ислам дінінде әйелдің орны ерекше. Сондықтан әйелге деген құрмет зор болуы тиіс. Ислам діні әйелге Алланың аманаты ретінде қарауға шақырған. Ешбір құқын шектемеген. Қайта өз жаратылысына сай сүйікті жар, аяулы ана ретінде қашан да оның орнын жоғары бағалаған. Қоғам тәрбиесін қыз баланың ұяттылығымен ұш-тастыра қарастырған. Әйел затын жат пиғылдылардың бұзық әрекеттерінен қорғауға тырысқан. Осындай құрметке лайық бола білу үшін әйелден де белгілі бір міндеттерді талап еткен. Әйелдер қауымының дәрежесін ешбір дін дәл Исламдағыдай биіктете алған емес» -, деген сөздерімен тәмамдады.

Шапағат ҚОСШЫҒҰЛОВ