Қазіргі жастардың бойынан ұлттық намысы бар, ана тілін құрметтейтін спортқа ынталы жастарды көре алуға бола ма? Ол үшін «ұяда не көрсең ұшқанда соны ілесің», -демекші, туған елінің намысы үшін отқа да суға да түсуге дайын батыл да батыр ұрпақты тәрбиелеудің бүгінгі күнде маңызы зор. Әрине, жасөпірімдердің болашағын мектеп қабырғасынан бастап ойлаудың маңызы ерекше деп санаймыз.
Осы орайда, Саран қаласының балалар мен жасөспірімдерге арналған мамандандырылған олимпиадалық резерв мектебін бұл күнде көпке үлгі ретінде айтуға болады. Тарихы тереңге тамыр тартып, талай-талай таланттардың томағысын сыпырып шығарып жатқан, жемісін үзбей беретін жеміс ағашы іспеттес, берекелі спорт шаңырағы ертеңгі күнге үмітпен қарайды.
Ендеше, Саран қаласының балалар мен жасөспірімдерге арналған мамандандырылған олимпиадалық резерв мектебі басшысының оқу ісі жөніндегі орынбасары Талғат Қуатұлын айтулы спорт ордасының тынысы мен тірлігі туралы әңгімеге тартқан едік.
– Талғат Қуатұлы, айтулы спорт мектебінің тарихы тереңде жатыр. қаламыздың атын талай дүбірлі додаларда шығарған дарабоз спортшылар осы мектеп қабырғасынан қанат қағып шыққанын білеміз. Ендігі сұрақ, бұл мектепте спорттың қандай түрлері оқытылады және қай түрі алда келе жатыр?
– Саран қаласының балалар мен жасөспірімдерге арналған мамандандырылған олимпиадалық резерв мектебінде 6 спорт түрі бар. Атап айтатын болсақ, баскетбол, грек-рим күресі, велоспорт, триатлон, суда жүзу және футбол. Осы аталған спорт түрлерінің барлығында да споршыларымыз ақысыз негізде дайындалады. Әр спорт түріне қатысуға ниет білдірушілер, сол спорт түрінің жас ерекшеліктеріне қойылатын талаптарға сәйкес қабылданады. Мысалы, футбол және баскетболға балалар 8-10 жас аралығынан бастап, грек-рим, велоспорт, триатлон спорт түрлеріне 10-12 жас аралығынан бастап, ал суға жүзуге балалар 7-9 жас аралығынан бастап қабылданады.
Ал енді алдыңғы қатарда келе жатқан спорт түрлеріне келетін болсақ, олар – велоспорт, грек-рим күресі, баскетбол. Сонымен қатар, соңғы уақыттарда футбол бойынша өте жақсы көрсеткіштерге қол жеткізіп жатқан жайымыз бар. Сол себептіде бұлардың қатарына футбол келіп қосылды. Ал егер халықаралық деңгейге шығып жатқан спортшыларды қосып есептейтін болсақ, онда әрине велоспорт пен грек-рим күресі басқасына қарағанда едәуір алдыда келе жатыр деп айтар едім. Мысал үшін айтатын болсақ, әйелдер күресінен Сыздықова Элмира Риода өткен олимпиада ойындарында қола жүлдегер атанды. Тағы спортшымыз бар. Мизров Андрей мен Самохин Андрей. Олар олимпиада ойындарынан жүлдемен оралмаса да, қатысушы атанды. Ал Элмира Сыздықова олимпиадаға жай ғана қатысып қоймай, қола медаль иеленіп, елге олжамен қайтты.
– Биылғы жылды қандай жеңістермен бастадыңыздар?
– Қай спорт болмасын, бірінші облыс чемпионаттарынан басталады, содан кейін әрі қарай Қазақстан Республикасының чемпионаты деп кете береді. Айта кетсек, баскетболдан 2004 жылы туылған жасөспірімдер арасындағы Қарағанды облысының біріншілігі өткен болатын. Осы Саран қаласында. Міне, аталмыш дүбірлі додада Саран қаласының балалар мен жасөспірімдерге арналған мамандандырылған олимпиадалық резерв мектебінің қыздар командасы бірінші орынды жеңіп алды. Осылайша олар Республикалық чемпионатқа жолдама ұтып алып, онда тек Саран қаласының емес, Қарағанды облысының намысын қорғайтын болады. Сонымен қатар, осы баскетбол бөлімінде Ларина Татьяна деген қызымыз бартын. Сол Татьяна қызымыз баскетболдан 2003-2004 жылдары туылған жасөспірім қыздар арасындағы Республикалық чемпионатта қола жүлдені иеленді.
Бұдан бөлек грек-рим күресінен де ауыз толтырып айтатындай жетістіктеріміз бар. Мысал үшін, Қуат Диас грек-рим күресі бойынша облыстық іріктеу чепионатында бірінші орынды жеңіп алып, Қазақстан Республикасының чемпионатында бүкіл облысымыздың намысын қорғап, қола жүлдені олжалап қайтты.
Сонымен қатар, 2020 жылғы ақпан айында Үндістанның Нью-Дели қаласында өткен грек-рим күресінен Азия чемпионатында мектебіміздің түлегі Ибрагим Магамадов екінші орын алып, күміс жүлдені қанжығасына байлады.
Одан кейін, велоспорттан да жақсы жетістіктеріміз жетерлік. Оның барлығын тізбектеп айта берсек көпқой. Соңғы жетістіктерге ғана тоқталып өтейін қысқаша. Атап айтатын болсақ, қазіргі кезде біздің мектепте дайындалып жүрген Башлыков Владислав деген оқушымыз маунтинбайк бойынша Қазақстан Республикасының чемпионатында екінші орынды иеленді. Тағы да, Салимулина Карина деген қыз баламыз Қазақстан Республикасының чемпионатына қатысып, жүлдегер атанды.
Суда жүзуді алатын болсақ, бұл спорт түрінен Игнатова Ксения Теміртау қаласында өткен Республикалық чемпионатта бірінші орынды жеңіп алды.
Сосын футболда да біршама жетістіктеріміз бар. Мысалы, біздің мектебіміздің спортшысы Мирас Қуат облыстық құрама команда қатарына алынды. Оның үстіне Мирастың туылған жылы 2008 негізінде. Бірақ, соған қарамастан оны Қарағанды облысының футболдан 2007 жылы туылған жасөспірімдер құрама командасына алып, 2019 жылы аталмыш команда Қазақстан Республикасының чемпионатында 1 орынды жеңіп алған болатын.
Жалпы, мен өзім 2013 жылдан бері осы спорт мекбенде футболдан жаттықтырушы болып қосымша жұмыс жасаймын. Осы жылдар аралығында тікелей менің қоластымда дайындалатын спортшылар 2018 жылы 2002 жылы туылған жасөспірімдер арасындағы облыстық біріншілікте 1 орынды иеленіп, Республикалық чемпионаттың қатысушысы атанған болатын. Сонымен қатар, 2016, 2017, 2018 жылдары шағын-футбол бойынша қатарынан үш рет облыстық біріншілікте бірінші орынды иеленіп жүрді. Жеткен жетістіктеріміз туралы қысқаша ғана айтатын болсақ осындай.
– Елімізде коронавирус індетінің таралуына байланысты төтенше жағдай енгізіліп, оқу орындары қашықтан оқыту жүйесіне ауысқан еді. Сіздердің оқу орнында осы жүйе қалай жүзеге асырылып жатыр?
– Өте орынды сұрақ. Қазіргі таңда карантинге байланысты біздің спорт мектебіміз де қашықтан оқыту жүйесіне ауысып, онлайн түрде оқу-жаттығу жұмыстарын жүргізіп жатырмыз. Яғни, жаттықтырушылар өздерінің күнделікті бір күндік жоспарларын құрып, балаларға тапсырма ретінде береді. Сонымен қатар, видеоқоңырау шалу немесе бейнеролик жіберу арқылы өздері жаттығулардың жасалу тәртібін көрсетіп, балалардың тапсырмаларды орындау тәртібін қадағалайды. Ал кері байланыс оқушылардың тап сол тәртіппен, яғни, әлеуметтік желілердегі тікелей эфирлері немесе жаттықтырушыларға бейнероликтерін жіберулері арқылы жүзеге асырылып жатыр.
– Қазіргі жасөспірімдеріміздің спортқа құлшынысы қандай?
– Жалпы қазіргі жасөспірімдердің спортқа деген құлшынысы сәл төмендеу сияқты болып көрінеді маған. Себебі оларға кедергі жасайтын дүниелер көп бір жағынан. Мысалы ғаламтор, ұялы телефон сынды дүниелер. Қазір көп жастар уақыттарының көб бөлігін осындай бос дүниелерге жұмсап жатады. Бұл бір.
Екіншіден, қазіргі жастарда талпыныс жоқ, ерік-жігер, төзімділік, сабырлылық деген сынды қасиеттер аз бойларында. Көбісі ауырдың үстімен, жеңілдің астымен жүргенді қалайды. Сәл қиналып, маңдай-терін төгіп барып жетістікке жетуге шыдамдары жетпейді. Барлығы оңай жолмен жеткенді қалап тұрады. Яғни, жұмыс жасағылары келмейді олардың. Ал спорт деген нағыз еңбек пен төзімділікті талап етеді. Бұл жерде қандай да бір болмасын жарыстарға жайдан-жай бара салмайды, жарысқа бару үшін де жақсылап тұрып маңдай терін төгу керек. Біздің жаттықтырушылар жақсы жұмыс жасап-ақ жатыр. Спортқа шақырады балаларды. Алайда олардың спортқа қатысуға деген ынталары жоқ. Жеңіл спортты іздейді көбісі. Бізде мысалға алты спорт түрі бар болатын болса, кейбір балалар сол алты спорттың алтауына да қатысып шығады. Яғни, бір ай күресте жүред. Күрестен қиналып жатса, келесі бір айда футболға барады. Ал одан қиналып жатса, келесі айда суға жүзуге ауысып кетіп жатады. Міне, осылайша бір спорттан екінші бір спорт түріне секіріп жүре беретіндер бар және одан ол түк нәтиже де көрсете алмайды. Сен қандай нәтиже көрсетесің, егер бір спорт түрінде бір айдан артық тұрақтай алмасаң. Сондықтан да қазіргі жастардың спортқа деген құлшынысы өте аз. Және бұған екінші немесе үшінші тарапты кінәлі деп айыптай алмаймыз. Бұған жауапты сол спортқа келген немесе келетін балалардың өздері ғана. «Әркім өзі талпынбақ, басына қонар бағы үшін» дейді ғой. Ал қазіргі заман кез келген адамнан соны талап етіп отыр. Әркім өз өмірі, өз бақыты, өз жетістігі үшін өзі күресіп, өз маңдайының терін төгу керек.
– Жарыстарда жеңіп келген жас талантты спортшыларға қандай қолдау, құрмет көрсетіліп отырады?
– Енді жарыстар деңгейге қарай бөлінедіғой. Мысалы қандай да бір жарыстарда жақсы көрсеткіштерге қол жеткізіп жатқан балаларды біз мектебіміздегі арнайы сондай балаларға арналған құрмет тақтасына суретін іліп, есімін жазып қоямыз. Бұл бір жағынан оларға деген құрмет, екінші жағынан жаңағы балаға бір мақтаныш сезімін сыйласа, үшінші жағынан басқа спортшыларға мотивация болып жатады. Мысалы, қандай да бір жасөспірім спортшы өз қатарласын немесе бірге дайындалып жүрген досын, танысын сол құрмет тақтасынан көретін болса, ол да соған қарай талпына бастайды. Ол да жаңағы досы я танысы секілді өз есімінің құрмет тақтасына ілінгенін қалап, бұрынғыдан да екі есе жаттыға бастайды. Бұдан бөлек, құрмет тақтасына ілумен қатар, кез келген жарыстардан жеңіп келген спортшыларымызды біз газет немесе басқа да БАҚ құралдарында құттықтап, жазып жатамыз. Мұндай қолдаулар жастарымыздың мерейін асырып, ертеңгі күнге сеніммен қаруына сәл де болса, себебі тиер жақсылықтың бірі болады деген үміттеміз. Бір жағынан бұл қадамымыз жас спортшылардың алға қойған мақсат-армандарына қарай жетелейді деген ойдан туған игілікті іс.
– Жаттықтырушылар арасында кімдерді үлгі тұтып, кімдермен мақтана аласыздар?
Жалпы әр спорт саласында жүрген жаттықтырушыларымыздың барлығы да жақсы. Ал аттарын атап айту керек болса, велоспорттағы аға жаттықтырушы болып жүрген Виктор Анатольевич Сухойды айта аламын. Содан кейін, Қазақстан Республикасының Еңбек сіңірген жаттықтырушысы Федченко Владимир Михайлович бар. Владимир Михайлович өз спортшыларын үлкен жетістіктерге жеткізген білікті маман. Ол тіпті олимпиада қатысушыларына дейін тәрбиелеп шығарған тәжірибелі жаттықтырушы. Ал грек-рим күресінен мықты жаттықтырушы деп Айдын Ибрагимұлы Әшімбаевты айтуға болады. Айдын Әшімбаевты жас болса да, боз кілемдегі тәжірибесі өте мол білікті маман деп айтар едім өз басым. Сол секілді басқа да спорт түрелірен өте мықты жаттықтырушыларымыз бар. Мысалы, суда жүзеуден Сергей Сергеевич Медунцов бар. Футболдан Владимир Фаритович Гарипов, Елжас Қайратұлы Айдарбеков сынды талантты жас жаттықтырушыларымызбен мақтануға болады. Соңғы екі жаттықтырушы Қарағанды облысының атынан биылғы жылы өткен футзалдан Қазақстан Республикасының чемпионатына қатысқан болатын.
Шәкірттеріңіздің арасынан болашақта кімдерден үміт күтесіз?
– Шәкірттер дейсіз бе? Негізі бізде бағана жоғарыда атап өткен әр спорт түрлері бойынша талантты, жақсы шәкірттеріміз бар. Баскетбол бойынша да, грек-рим күресі, тағысын тағы. Бірінші кезекте Сыздықова Элмираның болашағынан зор үмір күтеміз. Содан кейін, соңғы кездері жақсы көрсеткіштерге қол жеткізіп, жетістікке жетіп жүргендердің ішінен Жаукумов Мадияр, Теуту Артем сынды балаларды айтар едім. Сосын Диас Қуат деген спортшымыз жақында ғана Қазақстан чемпионатынан орын алып келді. Ибрагим Магамадов ересектер арасында жақсы өнер көрсетіп, жоғары жетістіктерге жетіп жүр. Сол сияқты велоспорттан олимпиадаға үміткер Василенков Роман бар. Содан кейін Шатовкин, Рудер деген спортшыларымыз да халықаралық деңгейде жақсы жетістіктерге қол жеткізді. Жасөспірімдер арасынан бағанағы Башлыков Владислав, Салимулина Каринаны атар едім. Сонымен қатар, суда жүзуден Игнатьева Ксенияның көрсеткіштері де өте жақсы. Футболдан Мирас Қуатты болашағынан үміт күттіретін бала деп айтар едім. Мирас биыл «Шахтер» командасының құрамына алынды. Міне, осы балаларға болашақта байрақты бәсекелерде ел намысын қорғайды деп үміт артуға болады деп ойлаймын.
– Өмірде адам бойындағы қандай қасиеттерді жақсы қандай қасиеттерді жек көресіз?
– Мен өзім сабырлы адамдарды жақсы көремін. Сондықтанда болар, адам бойындағы жақсы қасиет деп ең бірінші сабырлылықты айтар едім. Сабыр түбі сары алтын дейді дана қазақ. Міне, сол себепті де адам бойындағы жақсы көретін қасиеттерімнің бірі әрі бірегейі сабырлылық.
Ал, адам бойындағы жек көретін қасиеттерге келетін болсақ, ол осы сабырлылыққа қарама қайшы сабырсыздық, төзе алмаушылық қасиеттері. Адам кез келген жағдайда сабырлық танытып, кез келген сынаққа, қиыншылыққа төзе білуі керек. Сонда ғана ол ойлаған армандарына, қалаған жетістіктеріне жете алады.
– Әңгімеңізге көп рахмет. Ел спортының еңсесін көтеруге әзір жасұрпаққа беріп жатқан еңбектеріңізге табыс тілеймін.
Сұхбаттасқан
Шапағат ҚОСШЫҒҰЛОВ