Сегодня: 13.11.2024
Регистрация: в Министерстве информации и коммуникаций Республики Казахстан. Свидетельство №16307-Г от 18.01.2017 года (номер и дата первичной постановки на учет №869-Г от 16.09.1999 года)

САРАН ҚАЛАСЫНЫҢ БАС ЖОСПАРЫНА СӘЙКЕС, ШАҺАРДА ИНФРАҚҰРЫЛЫМДЫ ДАМЫТУҒА БАСЫМДЫҚ БЕРІЛГЕНІ БЕЛГІЛІ. ҚАЛАНЫҢ БАС ЖОСПАРЫ, ЕҢ АЛДЫМЕН, САРАННЫҢ АРХИТЕКТУРАЛЫҚ АЖАРЫН АЙҚЫНДАЙТЫН, ОҒАН ЕРЕКШЕ КЕСКІН МЕН КЕЛБЕТ БЕРЕТІН АЙШЫҚТЫ ЖОБА. ӘСІРЕСЕ, САЛЫНАТЫН ТҰРҒЫН ҮЙЛЕР МЕН ӘЛЕУМЕТТІК-ТҰРМЫСТЫҚ НЫСАНДАРДЫҢ ЖӘНЕ БАСҚА ДА ҒИМАРАТТАРДЫҢ БІР-БІРІМЕН ҮЙЛЕСІМДІ БОЛУЫ МАҢЫЗДЫ. ОСЫ ОРАЙДА САРАН ҚАЛАСЫНЫҢ СӘУЛЕТ ЖӘНЕ ҚАЛА ҚҰРЫЛЫСЫ БӨЛІМІНЕ ҚАРАСТЫ ЖҰМЫСТАРДЫҢ АТҚАРЫЛУЫ ҚАЛАЙ БОЛЫП ЖАТЫР? БҰЛ ТУРАЛЫ АТАЛМЫШ БӨЛІМ БАСШЫСЫ БАҚЫТБЕК АҚПАРОВПЕН ӘҢГІМЕЛЕСКЕН ЕДІК.

– Бақытбек Кенжебекұлы, Саран қаласында заңсыз салынған құрылыс нысандары бар ма?

– Заң талаптарына қайшы келетін құрылыс нысандары жоқ емес. Кейбір нысандар заңсыз болса, кейбір нысандар «қызыл сызықта» орналасқан. Заңсыз құрылыс нысандары бойынша жер иелерінің мәліметтері толық жинақталып, Қарағанды облысының мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылауы басқармасына өз тараптарынан тексеру жүргізу үшін хаттар жолданып отырады.

Аталған жұмыс барысы әр аптада Саран қаласы әкімінің орынбасары М. Қожановтың төрағалығымен өтетін жиналыста қаралады.

– «Қызыл сызық» дедіңіз, сол туралы толығырақ айтып өтіңізші.

– «Қызыл сызық» – елдi мекендердi жоспарлау құрылымындағы кварталдардың, шағын аудандардың, өзге элементтердiң аумағын көшеден (жолдардан, алаңдардан) бөлiп тұратын шекара болып табылады. Әдетте қызыл сызық құрылыс салу шекарасын реттеу үшiн қолданылады. Меншiк иелерi немесе жер пайдаланушылар жер учаскелерiне құрылыс салу үшiн (коммуникацияларды жүргiзу, аумақты инженерлiк жағынан дайындау, абаттандыру, көгалдандыру және учаскенi жайғастырудың басқа да түрлерiн қоса алғанда) пайдалануды тек қана Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген тәртiппен бекiтiлген жобалау құжаттамасына сәйкес және нысаналы мақсатын немесе сервитутты, аумақты аймақтарға бөлудi, қызыл сызықтарды және құрылыс салуды реттеу сызықтарын, құрылыс саласындағы құрылыс салуды ұйымдастыру және рұқсат беру рәсімдерінен өту және оны пайдалану қағидаларын сақтай отырып жүзеге асыра алады. 2015 жылы Саран қаласының бас жоспары бекітілді. Қазіргі таңда Саран қаласының бас жоспарына өзгерістер енгізу жұмыстары жүргізілуде.

– Жер телімін алып, жекеменшік үйінің құрылысын бастап қойғаннан кейін ғана сәулет және қала құрылысы талаптарына сай келмейтінін біліп, әуреге түсіп жататындар бар. Жалпы, қала тұрғындары мұндай келеңсіздікке жол бермеу үшін не істей алады?

– Қала құрылысы нормаларына сәйкес және заңсыз құрылысқа жол бермеу үшін меншік иесі заңды тұлға болсын, жеке азамат болсын, құрылысты бастамай тұрып, тіпті, жерді сатып алатын сәттен бастап сол жер телімінің заңды екендігін анықтап алуы тиіс. Ол үшін тұрғылықты жері бойынша сәулет және қала құрылысы мекемесіне жер телімінің пайдалану мақсатын (үй, дүкен, дәмхана, шаруашылық т.б.), көлемін, орналасқан жері мен сұралған мақсатына орай пайдалану құқығын білдіретін құжаттарды көрсетуі тиіс. Сала мамандары құжаттарды пайдалана отырып жер телімінің орналасу аймағы туралы толық ақпаратты сұраушыға мәлімдейді. Нәтижесінде, жер бос болса мақсатты жоспарын жүзеге асыруына болады.

– Қала тұрғындары жылжымайтын мүлікке берілетін реттік нөмірді қалай және қайдан алады?

– Жылжымайтын мүлікке реттік нөмір беру қызметі біздің мекеменің жауапкершілігіне қарайтын жұмыс. Дегенмен, жылжымайтын мүлік объектілеріне реттік нөмір, мекенжай алу үшін тапсырылатын өтініштер Халыққа қызмет көрсету орталықтарында қабылданады. Жекеменшік үйлерде реттік нөмірдің сәйкес келмеуі орын алатын жағдай. Өйткені, қала тұрғындары әуелі жер телімінің нөмірімен құжат туралайды. Тұрғындардың бірі көшенің ана басынан, екіншісі мына басынан, үшіншісі ортасынан жылжымайтын мүлкін заңдастырып, үйдің нөмірін алып қояды. Көше бойын жағалай орналасқан үйлердің арасында бос жатқан жерлер болуы да мүмкін. Кейде бір жер телімін екіге бөліп немесе 2-3 жер телімін қосып алып жататындар да бар. Мұндайда реттік нөмірдің дұрыс жазылмауы да заңдылық. Уақыт өте келе мекенжайын нақтылағысы келген қала тұрғындары реттік нөмірді алуға өтініш білдіреді. Ал көпқабатты үйлерде мұндай жағдай сирек кездеседі, себебі, бір тұрғын үйде қанша пәтер бары белгілі.

– Құрылысы қарқынды жүріп жатқан қаламыздың сәулетін тек биік ғимараттар мен асфальт төселген көшелер ғана ашпайды. Сонымен қатар, көше жарнамасының да атқаратын рөлі зор. Осы орайда, Саран қаласының көшелеріндегі жарнаманың жай-күйі қандай? Сіз басқарып отырған мекеме бұл бағытта қалай жұмыс жүргізеді?

Жарнама тәртібіне тоқталсақ, Саран қаласының сәулет және қала құрылысы бөлімі тек сыртқы жарнамаға жауапты. Сыртқы жарнама объектілерін орналастыру үшін кез келген заңды немесе жеке тұлға біздің бөлімге хабарлама жіберуі тиіс. Рұқсат жоғарыдағыдай мекен-жай, мақсат-мүддесі, салық төлеу, нобайлық жоба тағы басқа заңдылықтарды ескере отырып беріледі. Ал жарнама мәтіні Саран қаласының мәдениет және тілдерді дамыту бөліміне жібереміз, сонда тексеріледі.

Сыртқы жарнама ілуде де заңсыздықтар орын алады. Осы кемшіліктерді болдырмау және алдын алу үшін біздің бөлімнің қызметкерлері Саран қаласының Ішкі істер бөлімімен және де Саран қаласы бойынша мемлекеттік кірістер басқармасымен бірлесе отырып ай сайын рейд жүргізеді.

– Қала тұрғындары мен «Саран газеті» газетінің ұжымына айтарыңыз бар ма?

– Әрине! Бәріміз де Саран қаласының гүлденуі үшін еңбек етіп, тер төгіп жүрген жандармыз. Соның нәтижелі болуы үшін ең әуелі қала тұрғындары да жауапты екенін сезінсе, заңсыз құрылыстан, рұқсатсыз жарнамадан аулақ болса, қала сәулетіне тамшыдай болса да үлес қосқаны. Ал кәсіби мереке қарсаңызда газет ұжымына шығармашылық табыс тілеймін.

– Саран қаласының сәулетін арттырудағы еңбектеріңіз жана берсін. Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан

Шапағат ҚОСШЫҒҰЛОВ