Бүгін: 19.04.2024
Тіркеу: Қазақстан Республикасы Ақпарат және коммуникациялар министрлігінде. 2017 жылғы 18 қаңтардағы No 16307-G куәлік (1999 жылғы 16 қыркүйектегі № 869-G алғашқы тіркеу нөмірі мен күні)

8 маусымда Мемлекет басшысының Ұлытау өңірін құру туралы жарлығы күшіне енеді.

Хабар 24.kz телеарнасының тікелей эфирінде аймақ басшысы Жеңіс Қасымбек жаңа облыс ресми құрылғаннан кейін Қарағанды облысы қалай дамитыны туралы айтты.

Телеарна тілшісі әкімнен екі облыстың экономикасы не болатынын, аумақтық бөлу бюджетке қалай әсер ететінін сұрады.

– Өңірлерді бөлгеннен Қарағанды облысы үшін де, Ұлытау өңірі үшін де ешқандай минус көріп тұрған жоқпыз. Бюджетке түсетін салықтар мен республикалық жарна пропорционалды бөлінеді. Қарағанды облысына жоғары тұрған бюджеттен түсетін салықтар мен трансферттер аумақтық жағынан Ұлытау облысы құрылған аймақтарға түседі. Қалғанының бәрі облыстардың өздерінің кірісі. Ірі компаниялардан түскен қаржыға келсек, қазір «Қазақмыс» корпорациясы Жезқазған қаласына кәсіпорындарын қайта тіркеуден өткізуде. Мен жаңа облыс пен облыс орталығында одан әрі қарқынды дамуға барлық алғышарттар бар екеніне сенімдімін. Екі өңір де экономика құрылымы мен халқының саны жағынан ұқсас болады, – деп атап өтті Қарағанды облысының басшысы.

Екеуінің де айқын өнеркәсіптік бағдары, жүйеқұрушы кәсіпорындардың қызметіне тәуелділігі бар.

Бүгінгі таңда Қарағанды облысында халықтың 80 пайызы қала тұрғындары. Ұлытауда да шамамен осылай болады.

Жезқазғанда Президенттің тапсырмасымен үш ірі жоба жүзеге асырылмақ. Соның бірі – ұзындығы 43 шақырымды құрайтын «Үйтас-Айдос» су құбырын қайта жаңғырту. Бұл қала тұрғындарын сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету бойынша бұрыннан келе жатқан мәселенің шешімін табады.

– Ұлытаудың көліктік қолжетімділігіне қол жеткізу үшін ұзындығы 208 шақырымды құрайтын Қызылорда – Жезқазған жолы және «Жезқазған – Қарағанды» тас жолының 513 шақырымын қайта жаңғырту жоспарлануда, – деді облыс әкімі. – Қызылорда – Жезқазған бағытында қазірдің өзінде мердігерді анықтау бойынша конкурстық рәсімдер жүргізілуде. Жезқазған – Қарағанды жолы бойынша жобалық-сметалық құжаттары әзірленуде.

Еске салайық, 16 наурызда Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында орталығы Жезқазған қаласында орналасқан Ұлытау өңірін құру туралы бастама көтерген болатын. Жаңа аймаққа Қаражал, Сәтбаев қалалары мен Жаңаарқа мен Ұлытау аудандары кіреді.