КОЛЛЕДЖ СТУДЕНТТЕРІ 15 АҚПАН - КЕҢЕС ӘСКЕРЛЕРІНІҢ АУҒАН ЖЕРІНЕН ШЫҒАРЫЛҒАН КҮНІНЕ ОРАЙ ӨТКІЗІЛГЕН ІС-ШАРАҒА ҚАТЫСЫП, ТАРИХИ ДАТАҒА ҚАТЫСТЫ ДЕРЕКТЕРДІ ЛАТЫН ҚАРПІНДЕ ЖАЗДЫ.
Өткен аптада Абай Құнанбаев атындағы Саран жоғары гуманитарлық-техникалық колледжінің қабырғасында қазақ бөлімінің меңгерушісі Ақмарал Күнеділованың басшылығымен, облыстық әдістемелік бірлестіктің жетекшісі Анар Баймолдина мен Айгерім Денееваның ұйымдастыруымен қазақ тілі мен әдебиеті апталығы өткізілді.
Осы апталық аясында, әрі 15 ақпан - Кеңес әскерлерінің Ауғанстан жерінен шығарылған күніне орай білім ордасы Саран қаласының тілдерді дамыту орталығымен бірлесе танымдық сағат ұйымдастырды. МД-9-21 тобының студенттері, қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің оқытушысы Айгерім Денеева қатысқан шараны облыстық әдістемелік бірлестіктің жетекшісі Анар Баймолдина ашып, іс-шараның мақсат-міндеттерімен таныстырды. Содан соң қалалық тілдерді дамыту бөлімінің директоры Береке Жарылғапова жастарға «Латын әліпбиіне көшу - заман талабы» атты тақырып шеңберінде латын әліпбиіне көшудің тиімділігін айтты. Әрі қазіргі таңда латын графикасына негізделген қазақ тілі әліпбиін жетілдіру бойынша атқарылған жұмыстармен таныстырып шықты. Студенттер жетілдірілген әліпби нұсқасына сүйене отырып, латын қарпінде жазылған сөздерді дауыстап оқып, жазылу ережесінде кездесетін ерекшеліктерге назар аударды. Танымдық сағаттан алған білімдерін бекіту үшін қатысушылардан тест алынды. Тест материалдарының ішіне Ауған соғысына қатысты сұрақтар енгізілді, сондай-ақ, Ауған соғысы туралы бейнеролик көрсетілді.
Шараның соңында жастар арасында алған білімдерін қорытындылау үшін «Кім жылдам?» сайысы өткізілді. Студенттер үш топқа бөлініп, іс-шара барысында Ауған соғысы жайлы алған білімдерін пысықтап, латын әліпбиімен жазып шықты. Танымдық сағатты Анар Сабырқызы қорытындылап, Береке Өмірзаққызына алғысын білдірді, топ студенттері атынан сөйлеген МД-9-21 тобының старостасы Әмірғалы Айсұлу да өз рахметін жеткізді.
Сөз соңында Береке Өмірзаққызы жастарды «Тіл волонтеры» еріктілер тобына қосылуға шақырды.
Саран қаласының тілдерді дамыту орталығы бір ғасырлық тарихы бар колледжбен тығыз жұмыс жасайды. Бекітілген жоспарға сәйкес айына бір рет студенттермен, жастармен іс-шаралар өткізіп тұрады. Алдағы уақытта да бұл жұмыстар өз жалғасын табады.
Дина ӘБДІҒАЛИЕВА