Бүгін: 26.11.2024
Тіркеу: Қазақстан Республикасы Ақпарат және коммуникациялар министрлігінде. 2017 жылғы 18 қаңтардағы No 16307-G куәлік (1999 жылғы 16 қыркүйектегі № 869-G алғашқы тіркеу нөмірі мен күні)

ОҚУШЫЛАР ҰСТАЗДАРМЕН БІРГЕ ОҚ АТУДАН ЖАРЫСЫП, ӨЗДЕРІНІҢ ДӘЛДІКТЕРІН КӨРСЕТІП, МЕРГЕНДІКТЕРІН СЫНАДЫ.

Абай Құнанбаев атындағы Саран жоғары гуманитарлық-техникалық колледжде   Ауған жерінен Кеңес әскерінің шығарылған күніне орай  жыл сайын оқ атудан жарыс ұйымдастырылып тұрады. Осы жолы да бұл дәстүр өз жалғасын тапты.

Жарыстың ашылу сәтінде Саран қалалық мәслихатының депутаты, Абай Құнанбаев атындағы Саран жоғары гуманитарлық-техникалық колледжі директорының тәрбие жұмысы жөніндегі орынбасары Жанбол Жаяубаев  он жылға созылған Ауған соғысының тарихына тоқталып,   елдің болашағы рухы берік, патриот жастарда екендігін айтты.

Аталмыш білім ордасында алғашқы әскери дайындықтың жетекшісі, запастағы подполковник Сергей Шабельник жарыстың бас төрешісі ретінде қатысушыларға оқ атудың шарттарын егжей-тегжей түсіндіріп берді.

«Сіздерге 6 оқ беріледі. Алты нысана. Әр нысанаға бір рет қана атамыз. Соңында ең  нашар нәтиже жойылады» ,- деп атап өтті бас төреші.

 Осы жолғы жарысқа сегіз команда  жиналды. Әр топта үш адамнан болды. Жарыс басталмас бұрын топтар  жеребе тастау арқылы реттік сандарын анықтап, кейін сол реттілікпен  жарыс алаңына шығып отырған.  Тартысты жарыстың нәтижесі бойынша ШИ-9-21 тобы  жалпы 94 ұпай жинап жүлделі  үшінші орынға жайғасты. 104 ұпаймен ШР-9-21 тобы екінші орынмен марапатталды. 115 ұпаймен алға шығып, мергендігін көрсете білген «Колледж әкімшілігі» командасы  бірінші орынды иеленді. Ерлер арасында алғашқы әскери дайындықтың жетекшісі, запастағы подполковник Сергей Шабельник «Үздік мерген» деген айналымды жеңсе, ШР-9-21 тобының студенті Софья Кудрик  қыздар арасында ең үздік көрсеткіш көрсетті.

Софья Кудрик - бірінші курс студенті. Болашақта мамандығы бойынша бастауыш сынып мұғалімі болғысы келеді. Жарыста тобына 44 ұпай әкеліп, ең епті, ең мерген қыз атанып отыр. 

- Мен бірінші орын аламын деп мүлдем күткен жоқпын. Себебі біздің топта менен де тәжірибелі мергендер бар,- деп Софья Кудрик жарыстан алған әсерімен бөлісті.

Жеңімпаздар мен жүлдегерлерге колледж әкімшілігінің кәсіподақ комитетінен  жүлделер мен грамоталар табыс етілді. 

Абай Құнанбаев атындағы Саран жоғары гуманитарлық-техникалық колледжде  алғашқы әскери дайындық сабағы тек бірінші курста ғана оқытылады. Студенттер апта сайын АӘД сабағынан жаттығу жұмыстарын жасап тұрады.

 

 

Дина ӘБДІҒАЛИЕВА

Суреттерді түсірген:

Камила ОСПАНОВА